Алматыда бизнес рейдерлерге қатысты мәліметтер жарияланды

Алматыда бизнес рейдерлерге қатысты мәліметтер жарияланды
Сурет: Zakon.kz

Келтірілген шығын көлемі 18 млрд теңгеден асады.

Қаржылық мониторинг агенттігі бірқатар компанияны рейдерлік жолмен басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алдын ала болжам бойынша, зардап шегушілерге келтірілген шығын көлемі 18 млрд теңгеден асады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 14 шілде күні Р. Бабаев, Т. Танашев, Д. Әбижанов және А. Алтыбасаровқа қатысты сот қамауға алуды санкциялады. Қоспаев, Шалин және Имашев халықаралық іздеуге жарияланды.

«Мүлікті анықтау және тыйым салу шаралары қабылданды. Жоғарыда аталған азаматтардың 9 млн АҚШ долларына жуық қаражаты, зергерлік бұйымдары қамауға алынды. Күдіктілер мен оларға қатысты тұлғалардың 154 жылжымайтын мүлік объектісі, 19 көлік тәркіленді», - делінген ҚР ҚМА баспасөз қызметінің ақпаратында.

Агенттік сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын хабарлады. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілуге жатпайды. Ведомстводағылар Қаржылық мониторинг агенттігіне осы топ мүшелерінің рейдерлік әрекетінен зардап шеккен азаматтардан арыздар әлі де түсіп жатқанын атап өтті.