Алматыда Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің гастролі өтеді

Алматыда Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің гастролі өтеді
almaty-akshamy.kz

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің директоры Салтанат Әбілғазиева мен басқа да әртістер айтты. 
Оркестр ұжымы 6 қазанда Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің концерт залында өнер көрсетеді.

«6 қазанда Құрманғазы оркестрінің сахнасында «Алатауға Ақжайықтан сәлем» атты концертіміз өтеді. Біздің оркестр әйгілі музыкант, скрипкашы Марат Бисенғалиевтің бастамасымен құрылды және 2011 жылға дейін «Марат Бисенғалиевтің филармониялық оркестрі» деп аталды. Біздің оркестр 10 жыл ішінде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Сахнада біздің жерлес әртістер де өнер көрсетеді, олар: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина және халықаралық байқаулардың лауреаты Фархат Көбеев және басқалар», - деп атап өтті С.Әбілғазиева.

Оркестрдің репертуары негізінен барокко кезеңінің  классикалық шығармаларынан тұрады. Дегенмен, оркестр ұжымы әртүрлі жанрлармен тәжірибе жасап жүр: концертте көрермендер дәстүрлі фольклорлық музыканы да, заманауи композицияларды да тыңдай алады.

«Біздің оркестрдің құрылғанына 10 жылдан асты және осы уақыт ішінде біз өз тыңдаушыларымыз бен жанкүйерлерімізді жинадық. Ұжым Орал қаласының әртістерінен, музыканттардың көпшілігі жергілікті музыка колледжінің түлектерінен тұрады. Репертуарға келетін болсақ, біздің оркестр негізінен классикалық, академиялық музыканы насихаттайды. Сонымен қатар, біз коллаборация жасаймыз, түрлі аспаптар - ұлттық, заманауи эстрадалық аспаптарды қосамыз, осылайша камералық оркестріміз жаңаша сипатқа ие болады», - деді Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі Асхат Хасанов.

Батыс Қазақстан  облыстық камералық оркестрінің ұжымында 25 адам бар. 

«Біз камералық құраммен келдік. Біздің құрамда гитара, бас-гитара, ұрмалы аспаптар, үрмелі топ, ағаш аспаптар да бар. Біздің концертте барлығын асыға күтеміз», - деп бөлісті камералық оркестр әртісі Елена Шутарева.

Оркестр мұндай гастрольдік турлар жаңа серпін мен тыныс беретінін, сондай-ақ музыканттардың кәсібилігін арттыратынын атап өтті. Оркестр халықаралық сахналарда өнер көрсету және қазақстандық музыканы шетелдік аудиторияға таныстыруды жоспарлап отыр. 

Айта кету керек, оркестрдің гастрольдік туры Астанада 10 қазанда жалғасады.