Алматыда 200 жаңа мектеп және 80-нен астам медициналық мекеме салынады

Алматыда 200 жаңа мектеп және 80-нен астам медициналық мекеме салынады
Сурет: Ult.kz

Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев айтты.

Бүгін шаһар басшысы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп жатыр. Онда әкім Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

2023 жылғы 3 мамырда Үкіметтің қаулысымен Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Бас жоспар «Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды» ескере отырып, полицентризм принциптеріне негізделген.

«Бас жоспарда 2040 жылға қарай халық санының 3 млн. адамға дейін көбею болжамын және экономиканың орташа жылдық 5%-ке өсуін ескере отырып, 5 полицентр құрылымын біркелкі қалыптастыру қарастырылған. Білім беру және денсаулық сақтау объектілері қадамдық қолжетімді болады. 200 жаңа мектеп және 80-нен астам медициналық мекеме салынады. Қоғамдық көліктің үлесі 60%-ке дейін ұлғайтылады (2023 ж. – 35%). 210 км жаңа жолдар, 3,6 мың км инженерлік желі және ауданы 2 750 га жаңа саябақтар мен скверлер салынады (2023 ж. – 1 100 га)», - деді Е.Досаев. 

Бас жоспарды іске асыру әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын ескере отырып, Алматы қаласы аумағының үйлесімді дамуын қамтамасыз етеді.