Алматыда 1 395 жұмыс орны құрылады

Алматыда 1 395 жұмыс орны құрылады
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

2023 жылы Алматының «ПИТ» АЭА-на жеке инвестицияның жалпы көлемі 64 млрд теңге болатын 52 жаңа қатысушы қабылданды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

2023 жылы Алматы қаласындағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында 52 жаңа қатысушысы жеке инвесторлардан  64 млрд. теңге тартып, 1 395 жұмыс орнын құрады. ИТП АЭА аумағында осы жобаларды жүзеге асыру үшін ауданы 15 гектар болатын 7 жер телімі бөлінді.

2023 жылғы 11 қазанда АЭА аумағында медициналық мақсаттағы бұйымдар (катетерлер, зондтар, патологиялық материал жинауға арналған контейнерлер және т.б.) өндіретін жаңа зауыттың іргетасы қаланды. Бұл жобаны «Juldyz Kenan ltd.» ЖШС жүзеге асырады. Инвестиция көлемі шамамен 1,5 млрд. теңге, 100 жұмыс орны ашылады. Құрылыс 2024 жылдың шілде айында аяқталады.

2023 жылғы 23 қарашада ИТП АЭА-да «OISB Kazakhstan» электр техникалық жабдықтар мен электр қуатын бөлу жүйелерін өндіру жөніндегі Қазақстан-Малайзия бірлескен зауыты салтанатты түрде ашылды. Жобаны жүзеге асыру үшін ауданы 0,6 га жер учаскесі бөлінді, жобаның құны 980 млн. теңге. Өндірістік қуаты жылына 2 мың өнім шығаруға есептелген.

Қазіргі уақытта «ИТП» АЭА аумағының жалпы ауданы 163,02 га, оның 52,18 га өндірістік алаңдарды салу үшін «ИТП» АЭА қатысушы компанияларына жалға берілген. Бұл ретте. «ИТП» АЭА аумағының басым бөлігін инфрақұрылым нысандары алып жатыр.

«ИТП» АЭА аумағында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер телімдері қосалқы жалдау құқығымен өтеусіз негізде беріледі. Учаскелер қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, кластерлерге бөлінген және барлық санитарлық нормаға сәйкес келеді.

«ИТП» АЭА қызметі басталғаннан бері оның қатысушылары инвестор компаниялар атынан 6 664 жұмыс орнын ашты, 78,6 млрд.теңге инвестиция құйды, 117,4 млрд. теңге бюджетке салықтар мен басқа да төлемдер төленді, 707,8 млрд. теңгеге өнім өндірілді және қызметтер көрсетілді. Экспорт көлемі 8,6 млрд. теңге.