Алматы қаласы Мәслихаты депутаттарының және Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың кездесуі өтті

Алматы қаласы Мәслихаты депутаттарының және Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың кездесуі өтті
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігін жоспарлы түрде насихаттауды» тапсырған болатын.

Қазіргі уақытта «Желтоқсан» ұйымдарымен бірлесе отырып, қала әкімінің бастамасымен бірқатар шаралар жүзеге асырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Атап айтқанда:

- 1 қыркүйекте Алматыда тұрақты тіркеуі бар 512 «желтоқсандық» «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен наградтауға ұсынылды;

- мамыр айында Түрксіб ауданындағы саябаққа «Желтоқсан - 86» ресми атауы берілді. Саябақты дамытудың 2026 жылға дейінгі жоспары таныстырылды;

- «Almaty» телеарнасында Желтоқсанға арналған деректі фильм түсірілуде. Фильмді толық аяқтау қараша айына жоспарланған;

- қазан айында белгілі Желтоқсан қаһармандары Қ.Рысқұлбеков, Е.Сыпатаев, Л.Асанова, С.Мұхамеджанова, К.Молданазарова бейнесімен билборд пен медиабордтар көрнекті орындарында ілінді;

- 1 қарашадан бастап қалалық денсаулық сақтау мекемелерінде «желтоқсандықтарға» скрининг ұйымдастырылды;

Сонымен қатар, алдағы уақытта келесі іс-шараларды жүзеге асыру жоспарлануда:

- қараша айында демеушілердің қолдауымен 50-ден астам «желтоқсандыққа» денсаулықтарын сауықтыру үшін қаладағы шипажайларға жолдама беріледі;

- 1 желтоқсанға дейін Алматы қаласында тұрақты тіркелген және ақталған тұлғаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі

- 4 желтоқсанда «Алатау» дәстүрлі өнер театрында патриоттық әндер кеші ұйымдастырылады;

- 16-17 желтоқсанда Республика алаңында гүл қою рәсімі мен «Желтоқсан-86» саябағында тақырыптық ескерткіштің алғашқы тасын қою рәсімі ұйымдастырылады.

Бүгінгі күні Тәуелсіздік пен Желтоқсан оқиғалары бір-біріне жақын болды, өйткені желтоқсан шерулері біздің халқымыздың егемендікке деген ерік-жігерін, тәуелсіз ел болуға деген ұмтылысын көрсетті. Мемлекет желтоқсан оқиғасына қатысушыларды барынша қолдау жауапкершілігін өз мойнына алды.