Алматыда таутайлақ төлдеді

Алматыда таутайлақ төлдеді
Сурет: видеодан алынды

 Алматы зообағы тағы бір төлмен толықты

Оған зообақ қызметкерлері Айшуақ деген ат беріпті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
"Жануарлардың кішкентай төлдері бәрімізді қуантып, көңілімізді ерекше сезімге бөлейді. Біз жаңа туған әр бір төл үшін қуанамыз. 2 маусым күні зообағымыздағы таутайлақтар – Дастан мен Марси жұбында кішкентай таутайлақ өмірге келді. Біз оған Айшуақ деп ат қойдық. Түсі қызғылт сары, аспандағы айдың шуғаныдай болған соң осылай атадық. Оның көздері ерекше тұнық, кірпіктері де ұзын. Денесінде мамықтай жұмсақ жүні бар. Құлақтары үлкен, аяқтары жіңішке",-деп жазды Алматы зообағы

Айшуақ қазір өзін өте жақсы, сергек сезінеді екен. Секіріп ойнап, ата-анасына еркелейді.

"Кішкентай ламаны Сіздер зообағымыздағы түйелер мен Пржевальск жылқыларының жанындағы қоршаудан көре аласыздар. Ламалар түрлі шөптермен қоректенеді. Сұлы жармасын, картоп, сәбіз, қызылшаны да жақсы жейді", -деп жазылған Алматы зообағының хабарламасында.
Сонымен қатар қызметкерлер олардың қорегіне бор мен тұз қосып береді. Айшуақ әлі де анасының сүтін емеді. Арасында үлкен ламалар сияқты шөп пен жеміс-көкөністердің дәмін татып жүр.