Алматы вокзалының маңында жолаушылардың мазасын алып, балағат сөз айтқан адам ұсталды

Алматы вокзалының маңында жолаушылардың мазасын алып, балағат сөз айтқан адам ұсталды
Сурет: Polisia.kz

Алматыда вокзал маңында адамдардың мазасын алып, билеттерді сатып алуды ұсынып, балағат сөздер айтқан 60 жастағы тұрғын айыппұл төлеуі мүмкін.

Алматы-2 станциясындағы желілік полиция бөлімшесіне оңтүстік астананың 73 жастағы тұрғыны белгісіз әйелге қатысты шара қабылдау туралы өтініш білдірді. Оның айтуынша, егде жастағы әйел жолаушылардың мазасын алып, әуе және теміржол билеттерін сатып алуды ұсынып, қоғамдық орында балағат сөздер айтқан, деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлігі (Қоғамдық орындарда тиісу), 434-бабы 3-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс шешім қабылдау үшін Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.

Айта кету керек, аталған азаматша бұған дейін ұсақ бұзақылық жазағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған болатын. Қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны үшін құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш (69 000 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жыл басынан бері көлік полицейлері еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде 16 720 әкімшілік құқық ұзушылық фактісін анықтаған болатын. Оның ішінде қоғамдық орындарда тиіскені үшін – 930, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 217 адам жауапқа тартылған.