Алматы тұрғындарын "Сәлем, Елорда!” республикалық өнер шеруіне шақырады

Алматы тұрғындарын "Сәлем, Елорда!” республикалық өнер шеруіне шақырады

Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында18 маусымда ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов болды. Ол "Сәлем, Елорда!” II республикалық өнер шеруі туралы айтты.

Мәдени шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен басқа да маңызды мерейтойлық күндерге арналды. Алматыда шеру 22-24 маусым аралығында өтеді.

"Өнер шеруі әр өңірдің мәдениет саласындағы жетістіктерін насихаттауға мүмкіндік береді, сондай-ақ еліміздің үздік орындаушыларына қолдау көрсетеді. Сонымен қатар жоба "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында мәдени құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған", – деді вице-министр.

Н. Дәуешовтің айтуынша, биыл "Сәлем, Елорда!" шеруі республикамыздың төрт өңірінде – оңтүстікте, солтүстікте, батыс пен шығыста өтеді. Жоба осы жылдың соңына қарай Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған гала-концертпен аяқталады.


 "22-24 маусым аралығында “Сәлем, Елорда!" шеруі Алматы облысы мен Алматы қаласында өтеді. Іс-шара 22 маусымда Алматы облысы Жамбыл ауданындағы ақын Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталады. Баршаңызды өнер шеруінің үш күндік іс-шараларына қатысуға және бізбен бірге болуға шақырамын", – деді Н. Дәуешов.
 
Онлайн-брифингке жобаның басқа да ұйымдастырушылары қатысты. Олардың арасында "Қазақконцерт" директоры Жеңіс Сейдоллаұлы да бар.
 
Оның айтуынша, жобаның басқа арт-оқиғалардан айырмашылығы әр өңірдің әртістеріне ерекше көңіл бөлінеді. “Сәлем, Елорда!" концерттік бағдарламасында қойылымдар ғана емес, сондай-ақ облыстық филармония мен мәдени ұйым қызметкерлері үшін шеберлік сыныптары өтеді.