Алматы полицейлері жол жүру ережесін бұзудың 1 млн 500 мыңнан астам дерегін анықтады

Алматы полицейлері жол жүру ережесін бұзудың 1 млн 500 мыңнан астам дерегін анықтады
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Спикер тәртіп сақшылары 2023 жылдың 10 айына ЖКО талдауын жүргізгенін, сондай-ақ жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы хабар бергенін айтты. 

Биылғы 10 айда Алматыда 2 мың 991 ЖКО тіркеліп, соның салдарынан 84 адам көз жұмлы, тағы 3 мың 211 адам жарақат алды.

Жыл басынан бері барлығы 1 миллион 582 мың 980 рет жол қозғалысы ережелері бұзылғаны анықталды.  Көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 1 мың 718 жүргізуші ұсталды. Сот 2 мың 443 жүргізушіні көлік құралын басқару құқығынан айырды.

Айта кетейік, Алматыда жолдағы жағдайға Департамент полицейлері күн сайын талдау жүргізеді, мегаполисте мезгіл сайын жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі.

«Біздің қаламызда «Қорғау – қауіпті жүргізуші»  автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді, ол қозғалыстың қарсы  жолағына шығатындарды, жалған нөмірлік белгілерді пайдаланатын жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды, көлік құралын басқару құқығынан айырылған, бірақ соған қарамай, көлік жүргізетіндерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұл іс - шаралардың барлығы Алматыдағы жол жағдайын бақылауға мүмкіндік береді», - деді Салтанат Әзірбек.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Полиция департаментінің ресми өкілі жол ережесін көбіне жолда жүру тәжірибесіне қарамай,  тәртіпке бағынбайтын жүргізушілер жиі бұзатынын айтты.

«Иә, жаңадан көлік айдап жүргендер өте сақ, бірақ олардың тәжірибесі аз. Өкінішке орай, олар жағымсыз жағдайларға тап болады, апат жасайды, әрине, ауыр зардаптармен емес. Айта кету керек, ең жақсы қауіпсіз жүргізуші – тәртіпке бағынған, кәсіби, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтайтын, жол қозғалысының басқа қатысушыларына құрметпен қарайтын адам», - деді С.Әзірбек.

Спикер жол қозғалысының барлық қатысушыларын өз іс-әрекеттеріне жауап беруге және балаларға дұрыс үлгі көрсетуге шақырды.

Салтанат Әзірбек мас жүргізушілер мәселесіне де тоқталды. Оның хабарлауынша, жыл басынан бері Алматы қаласы ПД саптық бөлімшелерінің күшімен қала жолдарында 1718 мас жүргізуші ұсталған. Мұндай бұзушылық үшін 7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыру қаупі бар.