Алматы құтқарушылары газды қалай қауіпсіз қолдану керектігін айтып берді

Алматы құтқарушылары газды қалай  қауіпсіз қолдану керектігін айтып берді
Сурет: Almaty-akshamy

Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін айтты.

Алматы қаласының ТЖД Мемелекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары, азаматтық қорғаныс подполковнигі Ерболат Төртқараев ӨКҚ алаңында сөз сөйлей отырып, биылғы жылы табиғи газбен уланудың 9 жағдайы тіркелгенін, 28 адамның зардап шеккенін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ТЖД спикері қоғамдық тамақтану нысандары иелері мен қызметкерлері, жатақхана, жеке үй  тұрғындары арасында тұрмыстық газ құйылған баллондарды қолдану ережелері мен газ шығу жағдайында істелетін іс-әрекеттерді түсіндіру жұмыстары күнделікті жүргізіліп отыратынын атап өтті.

 «Күннің сууымен өрт және табиғи газдан улану оқиғалары жиілей түсетінін айта кету керек. Жүргізіліп жатқан профилактикалық шараларға қарамастан, бұл, өкінішке орай, жылдан жылға қайталанып келеді. Жыл басынан бері табиғи газдан улану бойынша барлығы 9 оқиға тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 47%-ға (2021 ж. – 17) төмендегені байқалады. Табиғи газдан уланудан 28 адам зардап шеккен, сонымен қатар 2022-2023 жылыту маусымында тұрғын үй секторында 7 адам көгілдір отыннан уланған», - деді Е.Төртқараев.

Құтқарушы газ баллондарын дұрыс сақтамау және оны дұрыс пайдаланбаудың салдары апаттар мен қайғылы оқиғаларға әкеп соқтыратынын атап өтті. Ол сонымен қатар жақында ғана болған оқиғаларды мысалға келтірді.

 Осы жылдың 2 қазанында 12 сағат 18 минутта Алматы қаласы Медеу ауданының 2-ші Космодемьянская көшесінде  орналасқан үй мұржасының (мұржа бөлшектелген)  дұрыс істемеуі салдарынан жекеменшік 2 қабатты тұрғын үйдің жертөлесінде 5 адам табиғи газбен уланған, оның екеуі жас бала. Зардап шеккендердің барлығы медициналық мекемелерге жатқызылды.

 1 желтоқсан күні сағат 16:10-да Түрксіб ауданының Чехов көшесіндегі бір пәтерде газ жабдықтарын пайдалану талаптары бұзылуы себебінен екі адам газбен уланған. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізіліп, тексеруден кейін үйлеріне қайтарылған. Пропан газы құйылған газ жылытқышын үйді жылыту үшін пайдаланған себепті уланған.

 «Барлық улану оқиғалары жылыту құрылғыларын  пайдалану кезінде тұрғындардың салғырттығы нәтижесінде орын алады. Мұндай оқиғалар көбінесе газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, газдың  шығуы, резеңке шлангтың тозуы, газ баллондарын дұрыс сақтамау себебінен орын алып жатады. Тұрғындар мезгілінде тазаланбаған, мұржаларының тартуы жеткіліксіз, жасалуы, шыққан жері күманды газ жабдықтарын пайдаланады», - деді подполковник.

 ТЖД өкілі Ерболат Төртқараев биылғы жылы тұрғын үй секторында 350 өрт оқиғасы тіркеліп, зардап шеккендердің саны 29 адам екенін айтты.

Төтенше жағдайларды, адам өлімін, оның жарақаттануын болдырмау және өрттің алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажет, атап айтқанда:

- газ құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау;

- жылыту пештері мен газ құрылғыларының жанына жиһаз және басқа да жанғыш заттарды қоюға, киімдер мен ағаш отынды кептіруге болмайды; 

- ақауы бар электр розеткаларды, электр ажыратқыштар мен электр құрылғыларын қолдануға болмайды;

- электр плиталарын, үтіктер, электр шәйнектер және керосинді құрылғыларды отқа төзімді стендтерге орналастыру қажет;

пеш құрылымдарындағы сынықтар мен жарықшақтарды сылап, мұржаларды күйеден тазарту керек;

- әрбір пеш аузындағы жанғыш еденге өлшемі кемінде 50х70 см болатын темір қаңылтыр орнату керек.

- бір желіге бірнеше электр құрылғыларын қосуға жол бермеу керек, бұл электр желісінің шамадан тыс жүктелуіне әкеледі;

- қолдан жасалған электр жылытқыштарын қолданбаңыз.