Алматы көшелерін қардан тазартуға сотталғандар да жұмылдырылды

Алматы көшелерін қардан тазартуға сотталғандар да жұмылдырылды
Сурет: Ашық дереккөзі

Мәжбүрлі еңбекті жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастырады.

Алматы қаласы Әуезов аудандық пробация қызметінің бақылауындағы 10 сотталған және Наурызбай ауданынан 8 сотталған өздеріне бекітілген жұмыс учаскелерін тазалауға кірісті. Бұл туралы Алматы қаласы ҚАЖД баспасөз  қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Биыл еліміздің барлық өңіріне де шамадан тыс қар жауды. Оңтүстік астана саналатын Алматы қаласында да қалың қар жауып, сарышұнақ аяз басталды. Оңтүстіктің жанға жайлы ауа райына үйренген қала тұрғындары  үшін қатал қыс айтарлықтай қиындықтар тудыруда. Сонымен қатар қалың қар жол қозғалысына да кедергі келтіруде. 

«Алматы қаласының көшелерін қардан тазалауға коммуналдық қызметкерлермен бірге сотталғандар да бір кісідей жұмылуда. Алматы қаласы Әуезов аудандық пробация қызметінің бақылауындағы 10 сотталған және Наурызбай ауданынан 8 сотталған өздеріне бекітілген жұмыс учаскелерін тазалауға кірісті», - деп хабарлады Алматы қаласы ҚАЖД баспасөз  қызметі. 

Қала әкімдігінің коммуналдық қызмет мамандарымен бірге қар тазалауға шыққандар - ҚР Қылмыстық кодексінің 44-бабы  бойынша сотталғандар. Бас бостандығын шектеу сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшауланбай өтеледі. Мәжбүрлі еңбекті жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастырады. Тұрақты жұмыс орны бар немесе оқып жүрген сотталғандар, кәмелетке толмағандар, жүктi әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар  сотталғандар, сондай-ақ зейнет жасындағы сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылмайды. 

Қала көшелерін қардан тазалау барысында  пробация қызметкерлері сотталғандарға бас бостандығын шектеу жазасын заңға сәйкес өтеудің жеңілдіктері мен жаза өтеу тәртібін бұзудың зардаптарын да кеңінен түсіндіруде.