Алматы қаласы ҚДСБ басшысы: «Қызылшаның емі – вакцина

Алматы қаласы ҚДСБ басшысы: «Қызылшаның емі – вакцина
Almaty-akshamy.kz

ӨКҚ алаңында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайға арналған баспасөз конференциясы өтті. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков қалада вакциналардың саны жеткілікті барын атап өтті.

Брифинг барысында айтылған ақпаратқа сәйкес, СК-Фармация арқылы қызылшаға қарсы вакцинация жүргізу үшін ККП вакцинасының 128 300 дозасы сатып алынды, жеткізу кестесі 2023 жылдың қараша-желтоқсан айларына жоспарланған болатын. Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің резервтік қорынан 95 200 доза мөлшерінде ККП вакцинасын сатып алуға сома бөлінді.

«2023 жылғы 24 қарашада Денсаулық сақтау министрлігінен тарату бойынша СК-Фармация арқылы 67 350 доза мөлшерінде вакцинаның бірінші партиясы келді, 30 950 доза мөлшерінде вакцинаның екінші партиясы 30 қарашада келді. Осылайша, қалада қосымша жаппай иммундау және жоспарлы вакцинациялау үшін ККП вакцинасының 103 940 дозасы бар», - деп қорытындылады И.Шаметеков.

ҚДСБ басшысы хабарлағандай, қызылшамен сырқаттанушылықтың одан әрі таралуын болдырмау үшін қазіргі уақытта толық штаттық режимде 78 вакцинация пункті, 92 егу бригадасы 276 адам жұмыс істейді. Қаладағы барлық егу кабинеттері күшейтілген жұмыс режиміне, демалыс және мереке күндері - сағат 08:00-ден 16:00-ге дейін жұмыс режиміне ауыстырылды.

Барлық медициналық ұйымдарда қосымша жаппай иммундауға жататын контингенттердің тізімі бар - бұл 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балалар, 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балалар, медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау нысандарының қызметкерлері.

Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында қызылшамен ауыратын балаларды емдеуге арналған 280 төсек-орны бар жеті бөлімше ашылған. Стационарлық емдеуде 237 бала бар.

«С. Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында 120 орындық төсек-орын орналастырылып, 104-інде науқастар емделіп жатыр. Қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда, ҚКЖА филиалдарында қосымша төсек-орындар орналастырылатын болады. Стационарлық емделіп жатқан барлық науқастардың жағдайлары орташа ауыр дәрежеде. Стационарлардың реанимациялық бөлімшелерінде қызылшамен ауыратын науқастар жоқ», - деген И.Шаметеков, қызылша ауруынан өлім-жітім тіркелмегенін атап өтті. 

Наурыздан қарашаға дейін қала бойынша қызылшадан 8519 науқас емделді.