Алмалы ауданында оқушы орнының тапшылығы 1 мыңнан асады

Алмалы ауданында оқушы орнының тапшылығы 1 мыңнан асады
Cурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алмалы ауданында оқушы орындарының тапшылығына байланысты ахуал салыстырмалы түрде қалыпты жағдайда.

Оқушылардың жалпы контингенті 37 мың оқушыны құрайды, ал тапшылық 1 мың (1 028) орыннан сәл асады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұл жайында бүгін қала әкімінің Алмалы ауданы тұрғындарымен өткен кездесуінде белгілі болды. 

Мемлекет басшысы іске қосқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында биыл Алмалы ауданындағы Райымбек даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысында 1,5 мың орындық жаңа мектеп құрылысы басталады. Объекті 2024 жылдың IV тоқсанында беріледі.

Сәуір айында № 15 гимназияны сейсмикалық күшейтіп, күрделі жөндеу аяқталды. Тамыз айында №136 мектеп-гимназияны күрделі жөндеп, сейсмикалық күшейту үшін жобалау-сметалық құжаттамасының сараптама қорытындысын алуды жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ әкімдік екі мектепке, яғни: №16 мектепке 300 орындық қосымша ғимарат және №58 мектепке спорт залы мен акт залын (қазіргі ғимараттарды бұзып) салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуде. Сараптамалары IV тоқсанда шығады.

Өткен кездесуде айтылғандай, сәуір айында "Тастақ" шағынауданында (Грановский көшесі, 96 мекенжайы бойынша) аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға бағытталған «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубының екінші филиалы ашылды.