Екі көшбасшы бірінші рет бетпе-бет кездесті

Екі көшбасшы бірінші рет бетпе-бет кездесті
Сурет: Svoboda.org

АҚШ пен Қытайдың жетекшілері Украинада ядролық қаруды қолдануға қарсы болды

АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Индонезиядағы Бали аралында өткен кездесуде басқа мәселелермен қатар Ресейдің Украинаға қарсы соғысын талқылады және осы қақтығыста ядролық қаруды қолдануға қарсы болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Svoboda.org сілтеме жасап. 

Ақ үй таратқан ақпарат бойынша, Ресейдің Украинаға басып кіруі тақырыбын АҚШ президенті Байден көтерген.

 «Президент Байден мен Си Цзиньпин ядролық соғыс ешқашан басталмауы керек және оны жеңуге болмайтыны туралы келісімдерін қуаттады және Украинада ядролық қаруды қолдану немесе қолдану қаупіне қарсы екенін атап өтті», - делінген хабарламада.

Украинада ядролық қару жоқ, сол себептен екі ел жетекшілері өз мәлімдемелерін ең алдымен Ресейге арнады.

Кездесу барысында Байден Қытай билігінің Шыңжаң, Тибет және Гонконгтағы адам құқықтарын сақтау мәселесін, сондай-ақ Америка Құрама Штаттарының Тайвань мәселесі бойынша кез келген тараптың статус-квоны бұзуына қарсы екенін атап өткен. 

Си Цзиньпин кездесу алдында екі ел екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда «дұрыс бағытты» табуы қажеттігін айтқан, себебі мұны күллі әлем күтіп отыр.

Байден келіссөздерден кейін өткен баспасөз мәслихаты барысында Симен өткен келіссөз ашық болғанын айтты. Ол тараптар кең ауқымды тақырыптарды талқылауды жалғастыруға келісті деп атап өтті. Сондай-ақ, Байденнің айтуынша, ол Қытайдың Тайваньға жақын арада басып кіруге дайындалып жатқанын көрсететін ешқандай белгілерді көрмегенін және әлем жаңа қырғи-қабақ соғысты болдырмайтынын атап өтті.

Бұл Байден билікке келгеннен бері екі көшбасшының бірінші бетпе-бет кездесуі болды. Ол Жиырмалық (G20) тобының жыл сайынғы саммиті алдында өтті. Сейсенбі күні Индонезияда әлемнің ең ірі 20 экономикасы басшыларының кездесуі ресми түрде басталады.