Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағы жарық көреді

Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағы жарық көреді
Сурет: Google.com

Биыл ұлы ағартушы ғалым, қоғам және саяси қайраткер Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай 12 томдық шығармалар жинағы жарық көреді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Мерейтой аясында бірқатар маңызды ғылыми-зерттеу, мәдени және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жыл соңына дейін Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық еңбектер жинағын басып шығару және оны еліміздің кітапханаларына тарату жоспарланған. Сондай-ақ мерейтой аясында ұлы ағартушының өмірі мен қызметі туралы толықметражды көркем фильм түсірілімі жоспарланып отыр», - делінген Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Жыл басынан бері Ахмет Байтұрсынұлының есімі республикамыздағы 1 ауылға, 200-ден астам көшеге және 39 мектепке, 1 әуежайға, 1 музейге берілген.

«Бүгінде біз ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің атасы, төл әліпбиіміздің негізін қалаушы Ахмет Байтұсынұлының 150 жылдығын атап өтудеміз. Өкінішке қарай, киелі Торғайдағы бүгінгі торқалы той тілсіз жаудың кесірінен тоқтатылып отыр. Кешелі бері Қостанай халқына қол ұшын созып жатқан жандардың саны артып келеді. Бұл – бірлігіміз бен ынтымағымыздың белгісі. Халқымыз қандай қиындықты да осындай бірлікпен еңсерген. Ең бастысы, ел аман болып, ұлы тойдың қайта жаңғыруына тілектеспін», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.