Әлеуметтік көмек пен қолдау жүйелері қайта қаралады

Әлеуметтік көмек пен қолдау жүйелері қайта қаралады
Суретті түсірген - С.Құсайынов

Алматы қаласына жұмыс сапарында Светлана Жақыпова атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа тәсілдерін әзірлеу туралы айтып өтті, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

«Биыл 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы әлеуметтік көмек пен қолдау жүйелерін қайта қарау міндетін қойды. Осыған байланысты Отбасының цифрлық картасын және мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен жаңа интеграцияларды пайдалана отырып, АӘК толық трансформацияланады.

Алматыда жыл басынан бері 11 мыңға жуық адам АӘК алғанын айта келіп, министр: «Мұқтаж отбасыларға кешенді қолдау көрсетудің нақты регламенті әзірленеді, ал оның құрамына АӘК, тұрғын үй көмегі, жалға берілетін тұрғын үйді жалдауды субсидиялау, жеңілдікпен жол жүру және т.б. кіреді. Көмек тек азық-түлік сатып алуға ғана емес, өмір сүру үшін қалыпты жағдай жасауға да берілетін болады», – деді.

Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға әлеуметтік ықпалдасуы мақсатында кешенді шаралар қабылданды. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар іске асырылуда. 2023 жылы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттама ратификацияланды.

«Әлеуметтік кодекс қабылданды, оған бірқатар қосымша әлеуметтік қолдау шаралары енгізілді: жөргектерді беру нормалары екі есе ұлғайды; «Спина бифида» диагнозы қойылған мүгедектігі бар адамдар жоғары сапалы катетерлермен қамтамасыз етіледі; ментальді бұзылуы бар балаларға арналған санаторийлік-курорттық емдеуді ұсыну бойынша пилот іске қосылды; 1-топ мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшілері үшін зейнетақы, әлеуметтік және медициналық жарналар аударылады», – деді Светлана Жақыпова.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін әртүрлі өңірлерде ересектер мен балаларға арналған 12 оңалту орталығын салу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар еліміздің 6 өңірінде (Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Жетісу, Жамбыл облыстары және Шымкент қ.) аутизм спектрі бұзылған және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтары ашылды.

Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірнеше пилоттық жобалар іске асырылуда. Олар сырттай проактивті форматта мүгедектікті белгілеу; Астана және Алматы қалаларында такси агрегаторлары арқылы инватакси қызметтерін көрсету; 6 өңірде сыйымдылығы шағын үйлерді енгізу; 4 өңірде мүгедектігі бар балаларға арналған техникалық оңалту құралдарын жеке таңдау.

«2024 жылы бірнеше негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізілуде: ҚР инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау; олардың тиімділігі мен сапасын арттыру үшін әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау; халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметін цифрландыру; техникалық оңалту құралдары мен қызметтердің кейбір түрлерін монетизациялау; ауылдық жерде тұратын мүгедектігі бар адамдар үшін оңалту технологияларын енгізу; оңалтудың цифрлық күнделігін әзірлеу; әлеуметтік және кәсіптік оңалтудың цифрлық хаттамаларын енгізу; әлеуметтік саланы дамытудың Ұлттық ғылыми орталығын жаңғырту.

«Осы бағыттарды іске асыру әділетті қоғамды дамытудың негізгі факторы болып табылады. Біз неғұрлым жетілдірілген және инклюзивті әлеуметтік саясат құру мақсатында ашық диалог пен сындарлы ынтымақтастыққа дайынбыз», – деп атап өтті министр.

ЕХӘҚМ басшысы халықты жұмыспен қамту шаралары туралы да хабарлады.

«2023 жылы Алматыда 97,5 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Кәсіптік оқытумен 4,1 мыңға жуық адам қамтылды. Кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына 375 грант және жас кәсіпкерлерге 135 микрокредит берілді. Биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 358 грант беру жоспарлануда. Құжаттарды қабылдау процесі толығымен автоматтандырылған және business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады», – деді Светлана Жақыпова.

Жиынды қорытындылай келе министр алматылықтарды қызықтырған барлық сұрақтарға толыққанды жауап берді.