Әлемде 900 млн астам адам аштықтың зардабын тартып отыр

Әлемде 900 млн астам адам аштықтың зардабын тартып отыр
Сурет: Ашық дереккөз

Кикілжіңдер, климаттың өзгеруі, жаппай қымбатшылық азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп тұр

«Азық-түлік дағдарысы гуманитарлық апатқа әкеп соғуы мүмкін». БҰҰ азық-түлік бағдарламасының басшылығы жаһан жұртын дағдарыспен күресте күш біріктіруге шақыруда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ұйымның мәліметінше, қазір әлемде 900 млн астам адам аштықтың зардабын тартып отыр. Бір тілім нанға зәру жандарға қол ұшын созу үшін әлемдік қауымдастық Брюссельде «Көмек» көрмесін ұйымдастырды.

Африкалық 1,5 жасар Наомидің салмағы бар-жоғы алты келі. Аштықтың кесірінен Сомали, Нигерия мен Суданда қазір 5 жасқа дейінгі 20 млн бала өлім аузында жатыр. Ашрафи жаһан жұртынан көмек сұрау үшін Брюссельдегі көрмеге арнайы келіпті, деп жазды qazaqstan.tv.

«Жазда су болмай, аймағымызда егін шықпады. Соғыстың кесірінен Украинаның бидайы бізге жетпей жатыр. Аштықтан биыл өлкемізде 250 мың адам қайтыс болды»,- дейді «Африкаға көмек» ұйымының жетекшісі Ашрафи Бенуджи.

БҰҰ мәліметінше, қазір әлемнің 48 елінде 924 млн адам аштықтың зардабын тартып отыр. Дені Африка, Оңтүстік Азия мен Латын Америкасының халқы. Брюссельдегі көрмеде донор мемлекеттер көмекке мұқтаж жандарға жіберетін азық-түлік, дәрі-дәрмектерін сөреге шығарды.

«Кикілжіңдер, климаттың өзгеруі, жаппай қымбатшылық азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп тұр. Халықаралық қауымдастық күш біріктіріп, мұқтаж елдерге бар көмекті жіберуі тиіс. Үміт АҚШ пен Батыс елдерінде»,- дейді Гуманитарлық көмек қорының бас директоры Айдын Дурмуш.

Бұл дағдарыс Еуропа елдерінде жеміс-жидек, көкөніс, азық-түлік құнының шарықтауына әкеп соқты. «Шығынға шаш етектен баттық»-деген шаруалар қазір өзге түгілі өз нарығын қажетті азық-түлікпен қамтуға қауқарсыз. Соғыс тоқтамаса, әлемде аштықтан қырылатындардың, кедейлердің саны көбейеді. Халықтың наразылығы күшейетін болса, жаһандық бейбітшілікке қауіп төнеді,-дейді сарапшылар.