2023 жылдың 15 қаңтарына дейін өңірлік Жұмыспен қамту картасы әзірленеді

2023 жылдың 15 қаңтарына дейін өңірлік Жұмыспен қамту картасы әзірленеді
Сурет: Czn.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.

Министрдің айтуынша, 7 жылда 3 млн-нан астам азаматты, оның ішінде 2,3 млн жасты, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, өңірлік Жұмыспен қамту картасы 2023 жылдың 15 қаңтарына дейін әзірленеді. Картада әр өңірдің жылдық жұмыспен қамту индикаторлары белгіленеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Әрбір ашылған жұмыс орны бойынша мониторинг электрондық еңбек биржасында жүргізіліп, зейнетақы жарналары мен еңбек шарттары арқылы расталады. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында жұмыс күшінің тапшылығы бар өңірлерге азаматтарды тартудың жаңа механизмдері жүзеге асырылады. Мұндағы негізгі шарт – жұмыс орнының болуы мен баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі. Бұл іс-шараларға азаматтардың қолжетімділігін арттыру және өз уақытында ақпараттандыру мақсатында өңірлерде мобильді жұмыспен қамту, жылжымалы жәрмеңке және жылжымалы оқу жобаларын іске асырмақпыз», – деді Тамара Дүйсенова.