Екі жасқа дейінгі балалар халықаралық және ішкі рейстерде тегін тасымалданады

Екі жасқа дейінгі балалар халықаралық және ішкі рейстерде тегін тасымалданады
Сурет: Ernur.kz

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстан әуе компаниялары мүгедек жандарға қандай жеңілдік ұсынатынын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында 2 жастан 15 жасқа дейінгі ішкі рейстерде және 2 жастан 12 жасқа дейінгі халықаралық рейстерде кәмелетке толмаған балаларға 50% жеңілдік көзделген. Сондай-ақ 2 жасқа дейінгі балаларды халықаралық және ішкі рейстерде жеке орын бермей тасымалдау тегін жүзеге асырылады», - деп атап өтті Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында.

Министрліктің сұрауына орай, әуе компаниялары келесідей жауап қайтарған:

SCAT: Авиакомпанияның ішкі тұрақты рейстерінде (субсидияланған рейстерді қоспағанда) жылына 1 рет мүгедек балалар мен І топтағы мүгедектер үшін тарифтен 100% жеңілдік, сондай-ақ ІІ топтағы мүгедектер үшін 50% жеңілдік беріледі. Бұл ретте жолаушылар әуежай алымдары мен авиабилетті ресімдегені үшін алымдарды төлейді. Еріп жүретін адамдарға жеңілдіктер қарастырылмаған.

Qazaq Air: Мүгедектігі бар адамдарға әуе сапарларына жеңілдіктер беру мәселесі барлық растайтын құжаттарды ұсынған кезде жеке тәртіппен қаралады. Сонымен қатар мүгедек балаға тариф құнынан 100% жеңілдік және ілесіп жүретін адамға сол тарифтен 50% жеңілдік беріледі.

Air Astana: 60 жастан асқан жолаушыларға, 12 жастан 25 жасқа дейінгі жастарға және ҰОС ардагерлеріне жеңілдіктер көзделген.