Алматыда қоғамдық орында түкіргені үшін 5 613 адамға айыппұл салынды

Алматыда қоғамдық орында түкіргені үшін 5 613 адамға айыппұл салынды
Сурет: Ашық дереккөз

Түкіру қоғамдық орындарды ластайды

Алматы полициясы тұрғындардан түкірген адамдардың фото мен видеосын «102» қосымшасы арқылы жіберуді сұрады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Алматы қаласының полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев қала тұрғындарын қоғамдық тәртіпті бұзу және қоғамдық орынды ластау туралы фото, видеоларды «102» қосымшасы арқылы жіберуге шақырды.

«Аталған ресурста тәулік бойы 20 оператор бейне қоңырау, аудио немесе SMS-хабарламаларды қабылдайды. Қабылданған шаралар өтініш авторларына белгіленген мерзімде хабарланады», - деді Ержан Ұзабаев.

Ол сондай-ақ алматылықтардың белсенділік танытып, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуде өз үлестерін қосып келе жатқанын айтты.

«Жыл басынан бері «102» қосымшасы арқылы азаматтар 500-ге жуық хабарлама жолдады. Ең жиі кездесетіні – түкірген адамдар туралы. Жалпы, жыл басынан бері аталған құқықбұзушылық бойынша 5 613 адам әкімшілік жауапқа тартылды», – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.

Спикердің айтуынша, биылғы жылдың 7 айында қаланы абаттандыру ережелерін бұзудың 17 152 дерегі, қоғамдық орында алкогольдік ішімдіктерді ішудің 11 481 дерегі, тыныштықты бұзудың 5 494 дерегі, темекі шегуге тыйым салуды бұзудың 3 077 дерегі тірелді, сондай-ақ, 505 ұсақ қылмыс және т.б. анықталды.

Полициядан хабарлағандай, әкімшілік заңнамаға сәйкес қоғамдық орындарда, саябақтар мен алаңдарда белгілі бір әрекеттер заңмен шектеледі және жауапкершілікке әкеледі. Мысалы, ҚР ӘҚбК-нің 434-2-бабының талаптарына сәйкес, қоғамдық орындарды ластауға тыйым салынады.
«Осы сипаттамаларды ескере отырып, түкіру қоғамдық орындарды ластайды, сондықтан бұл әрекет осы құқық бұзушылықтың белгсіне жатады», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінде.