Сағат 10-нан бастап белсенділік артты

Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығындағы кезекті брифингте сайлау учаскелеріндегі белсенділік артып жатқанын айтты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.  

Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Эрхан Тюрбедар таңертеңнен бері он сайлау учаскесіне барғанын хабарлады. 

Ешқандай құқықбұзушылықтарды байқамадық. Барлығы жақсы. Таңертең адам саны онша көп болған жоқ. Соңғы сағатта сайлау учаскесіне көп адам келіп жатқанын көрдік. Осылай жалғасады деген үміттеміз. Дауыс беру демократиялық тұрғыдан жақсы жүріп жатыр. Сайлау учаскесінде жұмыс істеп жатқан адамдар өз жұмысын, ережелерді жақсы біледі, - деді ол. 

Халықаралық Түркі академиясының аға сарапшысы Тимур Козырев те өзі аралаған учаскелерде тәртіпбұзушылық болмағанын жеткізді.   

Бүгін Астана қаласының Алматы ауданында он шақты учаске аралап шықтық. Енді Сарыарқа ауданында жалғастырамыз. Шынымен ешқандай тәртіпбұзушылық байқалған жоқ. Сағат 10-нан бастап белсенділік артты, - деді ол. 

Ал Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығы басшысының орынбасары Фан Чи өз сөзінде сайлаушылар белсенділігімен қатар, елдегі демократия деңгейіне де тоқталып өтті. 

АӨСШК өкілдері Қазақстандағы сайлауды бақылауға бірінші рет келіп жатқан жоқ. Қазақстандағы демократия деңгейі дамып әрі жоғарылап жатыр. Белсенділік жоғары. Кейбір адамдар дауыс беруге отбасымен келіп жатты, - деді Фан Чи.