ӘУЕЗОВ АУДАНЫНДА 100 тұрғын үй жөнделеді

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Әуезов ауданының әкімі Әнуар Өскенбаевтың қатысуымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты баспасөз мәслихаты болып өтті. Басқосу барысында аудан басшысы Елбасы Жолдауындағы маңызды мәселелердің орындалуы мен Әуезов ауданының бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің негізгі нәтижелерін жан-жақты баяндап берді. 

Балнұр АХМЕТ

Бизнестің жаңа нысандары іске қосылды

– Елбасы атап өткендей, мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі, елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі болып отыр. Осы себептен, әрбір қызмет басшысына жұмыс тәсілдерін өзгерту және қазақстандықтардың тұрмыс сапасының өсуін басты басымдық ету тапсырылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бизнесті өркен­детудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек. Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі. Ауданда биылғы жылдың 10 айында 80 млрд. теңге көлемінде өнім өндірген 18 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс жасайды. Жыл басынан бері аудандағы салық түсімдерінің 74 млрд. теңгесі қамтамасыз етілді және оның орындалуы 107%-ды құрады, бұл ауданның инвестициялық климатының жақсарғанын дәлелдейді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 48 млрд. теңгені құрады. Елбасының Жолдауы бойынша біздің ауданда 10 мыңнан астам ұйымның барлық меншік нысан түрлері өздерінің ықылас-ниетін білдірді, бұл шамамен 15 мың аудан кәсіпорындарындағы қызметкерлердің жалақысының өсуіне себеп болады, – деді аудан басшысы Әнуар Өскенбаев.

Айта кетерлігі, 1972 жылы құрылған Әуезов ауданы – қала­мыздың халық тығыз қоныстанған аудандарының бірі. Жалпы аумағы 23 шаршы  шақырымды  құрайтын  ауданда бүгінгі таңда шамамен 300 мың адам тұрады.

Биыл аталған ауданда бизнестің жаңа нысандары іске қосылды. Айтарлық, 240 жұмыс орны бар «OBІ» неміс брендінің құрылыс гипермаркеті, оған салынған инвестиция көлемі 6,3 млрд. теңгені құрайды. «OBІ» компаниясы – Орталық  және  Шығыс Еуропаның 11 елінде ұсынылған халықаралық гипермаркеттер желісі болып табылады және мұнда үйге арналған, ірі құрылыс материалдары мен тұрмыстық техника тауарлары ұсынылады.

Сондай-ақ, биыл Қазақстанда теңдесі жоқ үшінші буынды электрлі автобустарын құрастыру бойынша «FalconEuroBus» неміс зауыты ашылып, 1300 жұмыс орны құрылды. Салынған инвестиция көлемі – 14 млрд. теңге. Зауытта заманауи қауіпсіздік жүйелері мен жоғары өндірілуге ие Евро 5 жоғары экологиялық стандарты бар 500 жайлы автобустардың құрастыру өндірісін құру жоспарланып отыр.

Бес әлеуметтік бастама шеңберінде белсенді түрде «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске асуда. Аудандағы сапалы тұрғын үйдің қолжетімдігін қамтамасыз ету үшін 11 жаңа тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр, оның төртеуін осы жылы пайдалануға беру жоспарланған.

 

30 футбол алаңы, 6 балабақша  ашылады

Жиын барысында аудан әкімі Әуезов ауданында алдағы уақытта атқарылатын іргелі іс-шараларды да атап өтті.

– 2019 жылы біз 100 тұрғын үйді жөндеуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы «Ақсай» 1-5, «Мамыр» 1-7, «Тастақ», «Сайран» ықшамау­дандарында және Өтеген батыр көшесінің бойында 206 аула алаңын жөндейміз.

Дат сәулетшісі Ян Гейлдің жобасына сәйкес, 8 және 10 ық­шамаудандарда жаяу жүргіншілер аймағы құрылды. Мұнда заманауи балалар алаңы, жаттығу, баскетбол алаңдары, жүгіру жолы, брусчаткілер құрылысы, сондай-ақ, бейнекамералар, жарықдиодты жарықтандыру, ыңғайлы орындықтар орнату жоспарланып отыр. Жалпы құрылыс мерзімі 7 айға созылады.

Төле би көшесінде негізгі жылу желілерін қайта құру жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, келесі жылы аталған көшенің бойында ұзын­дығы 5,8 шақырым болатын жылу құбырын қайта жаңарту жоспарланған.

2019 жылы «Мамыр» ықшамауданында бір ауысымда 100 адамға арналған (алғашқы медициналық-санитарлық көмек) орталық салынады.

1 қаңтардан бастап Президенттің тапсырмасы бойынша ауруларды емдеудің жаңа тәсілдерін енгізген жергілікті медицина қызмет­керлерінің жалақысы біртіндеп 20% -ға артады.

Келесі жылы Әуезов ауданында 30 футбол алаңы, 15 баскетбол алаңы және 20 «WorkOut» алаңдары ашылады. Жыл соңына дейін тағы 250 орындық 6 балабақша  ашылады. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін «кедергісіз орта» құру мәселесіне ерекше назар аударылады, – деді аудан басшысы.

Қазіргі уақытта ауданда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесінің жаңа тұжырымдамасы жасалып жатыр. 10–15 жыл бұрын орнатылған бейнебақылау камералары ескірген және жаңа талаптарға сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта ескі камераларды кемінде 2 мегапиксельді, адамның бет-әлпетін тануға және айқын бейнені көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа цифрлық құрылғылармен ауыстыру мақсатында компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ең басты мақсат – аулаларда бейнекамераларды орнату. Сондай-ақ, бейнекамераларды полиция серверлеріне қосу және тұрғындардың ғаламтор арқылы камераларды көруіне мүмкіндік жасау – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы маңызды мәселелердің бірі болып табылады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *