РАМАЗАН – ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСАТЫН АЙ

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан Мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі бауырлар, отандастар!

Баршаңызды исі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Оразаға аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Әр отбасына амандық, бақыт пен береке тілеймін! Жаратушы Алла жар болсын!

Біздің халқымыз ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беріп, құрмет көрсеткен.

Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Оразада әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…», – деп Оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхам­мед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады», – деп үмбетіне сүйінші хабар жеткізген.

Осы ретте отандастарымды қайырым­дылық іс-шараларға белсенді атсалысуға, кәсіпкер азаматтарды Рамазанның құр­меті үшін азық-түлік пен күнделікті тұр­мысқа қажетті заттарға арнайы жеңіл­діктер жасауға шақырамын. Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйым­­дастырылса деген тілегімді білдіре­мін.

Өздеріңізге белгілі, елімізде көпбала­лы отбасылар мен жастарға көңіл бөлініп, бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Мемлекеттің игі бастама­ларына үн қосу – барша азаматтың асыл борышы.

Ізгі амалдың сауабы еселеніп жазы­латын айда көпбалалы жанұяларға қолдау көрсетіп, қариялар мен мүгедек жан­дардың, жалғызбасты аналардың батасын алып, алғысына бөленуге үндеймін. Жетімдер мен науқас адамдарға қамқор­лық жасайық!

Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа. Қазақстан Мұсылмандары діни бас­қарма­­сының негізгі жұмыс бағыттары­ның бірі – қайырымдылық шараларға ұйытқы болу. ҚМДБ қызметі аясында «Ислам және отбасы» жылы бастамасы негізінде демеуші азаматтардың қолдауы­мен бас­панаға аса мұқтаж 15 жанұяға пәтер кілті табысталды. Бұл бағытта ізгі шаралар жүзеге аса береді.

Бірде сүйікті Пайғамбарымыз Мұхам­медтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Ел­шісі, ең жақсы адам кім?», – деп сұра­ғанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен.

Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсыл­манға парыз. Ал зекет берекелі Рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады.

Құрметті жамағат!

Рамазан айы құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразаларыңыз, жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттары­ңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуел­сіздігіміз баянды болғай! Әумин!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *