Ұлылар бейнесінің ұлағаты мол

Фототілші Жеңіс Ысқабайдың есімі «Алматы ақшамы» газетінің оқырмандарына өте жақсы таныс. Себебі, ол 2005–2008 жылдары «Ақшамның» мектебінен өтіп, шеберлігін шыңдап, осы басылымнан қанатын қатайтып, түлеп ұшқан «Ақшамның» төл түлегі. Бүгінгі таңда білімді әрі білікті кәсіби фотосуретші ретінде қазақ фотоөнерінің дамуына өзінің еңбегімен үлкен үлесін қосып жүрген ол қазіргі уақытта Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасында қызмет етеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жеңіс Ысқабай Талдықорған қаласында өткен жылы қараша айында ашылған балалар музыка мектебінің қабырғасын әлемдік музыка өнерінің дамуында қайталанбас қолтаңбасын қалдырған композиторлардың бейнелерімен безендіріп шықты.

Балнұр АХМЕТ

Өмір жолы өнегеге толы көрнекті композиторлардың арасында Еуропа, орыс және қазақ композиторларының суреттері бар. Компьютермен заманауи үлгіде өңдел­ген көрнекті композиторлардың биік бей­нелері көрген сайын шәкірттерді шабыт­тандырып, рухани маңызы мен тағылымы терең өнердің биігіне қанат қағуға құл­шындырады. Әлемдік музыка өнері тари­хында өзіндік орны бар талантты тұлға­лардың суреттері қазіргі таңда білім орда­сының қабырғаларын көркейтіп, мектептің ажарын ашып тұр.

Бүгінгі таңда белгілі кәсіби маман ретінде қалыптасқан фотосуретші Жеңіс Ысқабай бұл іргелі істі 2018 жылы жаңа ашылған Талдықорған қаласының балалар музыка мектебінің ішкі көрінісін көркемдеу мақсатында қолға алған еді. Мектеп дирек­торы Тұрсынхан Қарақожаева оған білім ордасын безендіру бойынша ұсыныс жасады. Осылайша әлемдік музыка өнері­нің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан 30 композитор таңдап алынған болатын. Фотосуретшіге шығармашылық жолда жаңа ізденістерге жол ашқан бұл жұмыс дүние жүзіне дарынымен даңқы шыққан көрнекті композиторлардың бейнелері арқылы балаларды ғылым-білімге баулып, балалықтан даналыққа жетелейтін тағы­лымды тәрбие көзіне айналса деген мақсат­тан туындаған дүние. Өнерлі өрендерге арналған білім ордасының қабырғаларын безендіріп тұратын Л.Бетховен, А.Вивальди, Й.Гайдн, В.Моцарт, И.Штраус, И.Брамс, И.Бах, Р.Шуман, Ф.Шуберт, Р.Вагнер тәрізді дүние жүзіне даңқты композитор­лардың бейнелері жас ұрпақты өнердің заңғар шыңына ұмтылдыратын болады. П.Чайковский, Н.Римский-Корсаков, М.Му­соргский, М.Глинка, А.Бородин, С.Танеев, А.Скрябин, А.Лядов, А.Арен­ский, М.Балакирев секілді орыс компо­зиторлары да жас өркеннің өнерге деген қызығушылығын арттыра түсетіні анық. Ал Қорқыт ата, Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкен­ұлы, Мұса Байжанұлы, Кенен Әзірбаев, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Мұқан Төлебаев тәрізді талантымен тамсандырған таудай тұлға­лардың бейнесі сан ғасырлық ұлттық музыка өнеріміздің тарихымен танысты­рып, жастардың жүрегінде ұлттық ән-күйлерге сүйіспеншілігін асқақтата түспек. Әсіресе, қазақ композиторларының сырлы сезіммен өрнектелген сұлу сазы жастардың жан-дүниесін өзіндік қуат-жарығымен сәулелендіріп тұратыны ерекше қуантады.

– Мектеп қабырғасын талантты тұлға­лардың бейнесімен безендіру жас ұрпақтың ұлылардан ұлағат алуына, өмірлік өнеге алуына игі ықпал етеді.  Талантты тұлға­лардың өмір мен өнер жолындағы ізгі іздері жастарға өшпес өнеге болып мәңгі қала береді. Оқу орнының қабырғасындағы бұл суреттер композитордың келбетін көріп, аты-жөнін біліп, өмір сүрген уақыт аралы­ғы жайлы маңызды мәлімет алып қана қоймай, оқушылардың танымын тереңдету мақсатында өз бетінше ізденуіне жаңадан жол ашады. Мектеп қабырғасындағы көр­некті композиторлардың портреттерін күн­де көрген сайын балалар биіктерді бағын­дырған тұлғалар тәрізді болуға талпынады. Олардың өмірбаянымен, шығармашы­лығымен жақын танысып, жан-дүниесін біліммен байытуға ұмтылады. Негізі, кемең­герлердің келбеті кескінделген көлемді портреттердің адамның көңіліндегі сезімін селт еткізетін, айрықша әсер ететін өзінің тылсым бір қасиеті бар десек болады. Үлкен суреттердегі данышпандардың бейнесі көркемдік көрінісімен мектепте оқитын балаларға ерекше әсер ететінін айта кеткеніміз абзал. Осы мақсатты көзде­гендіктен, мазмұнымен, маңыздылығымен, көрінісімен, көркемдігімен баланың көңі­ліне әсер ету үшін композиторлардың суреттерін үлкен көлемде жасап шығардық.

Композиторлардың суреттері де, олар­дың сұлу сазы да баланың кіршіксіз көңі­лінде ерекше әсер қалдырады. Жарық әлем­нің сұлу­лығынан шабыттанып, шығарма­шы­лығына нәр алған композиторлардың кере­мет музыкалық шығармалары жас ұрпақ­тың жан-дүниесін шуақты сезіммен сәуле­лен­діреді, көңілді керемет күйге бөлейді. Өмірдің сұлулығын сезіндіреді, жүректегі мейірімді молайтады, жақсылық­қа жете­лейді, рухани тазалыққа тәрбие­лейді. Оқу орнының көркін кіргізіп тұрған компози­тор­лардың суреттері мектептің ішкі көрінісінің мазмұнын ашып, маңызын арттырып тұр, – дейді фотосуретші Жеңіс Ысқабай.

Әсерлі әуенімен  әлем жұртшылығының жүрегіне жол тапқан  сазгерлердің шығар­машылығынан шабыттанған фотосуретші композиторлардың суреттерін заманауи жаңаша жарғыртуда компьютерлік бағдар­ламалар қолданылғанын атап өтті.

– Жалпы, Еуропа мен орыс компози­торларының бейнесі керемет кескінделген. Ал қазақ композиторларының суреттерінің сапасы төмен болды. Біз ұлттық музыка өне­ріміздің тарихындағы тағылымды тұлға­ларымыздың бейнесі Еуропа мен орыс композиторларының бейнесімен бірдей болуы үшін жұмыс жасадық. Техника тілін жақсы меңгерген Елнар Бейміш кезінде қыл­қаламмен, қарындашпен, майлы бояу­мен салынған композиторлардың келбетін қайта қалпына келтіріп, бір ізге түсіріп, бір жүйеге келтіріп көркемдеп, заманауи компьютерлік бағдарламалар арқылы өңдеу жұмыстарын жасады. Келбет-кескінін көркемдеу бойынша жұмыс барысында оған ақыл-кеңесімді айтып отырдым. Жұмыстың ең күрделісі шетелдіктермен қазақ композиторларының бейнесін бір қалыпқа салу болды. Әдемі үйлесімділікпен жасалған бұл көркем туындылардың көр­кемдік сапасы жағынан қазір бір-бірінен айырмашылығы жоқ десе де болады. Бір бағытта көркемдеп жасалған жұмыста барын­ша тепе-теңдік сақтауға баса назар аудардық. Сондықтан әр түрлі тәсілмен салын­ған композиторлардың суреттерін біркелкі етіп бейнелеуді көздеген  жұмыста­рымыздағы қазақ композиторларының суреттері Еуропа композиторларының суреттерінен кем емес. Себебі, барлық сурет­тердің көркемдік сапасы бірдей. Алғашқы кезде қолға алғанда барынша осы мақсатқа ұмтылған біз үшін бұл ең басты жетістік болып табылады. Сурет арқылы адамның бейнесін, мінезін, көңіл күйін көрсету үлкен шеберлікті талап етеді. Компьютерде өңделген суреттерді ақ матаға бастырып шығарып, рамкаға салдық. Қазақ тарихында терең із қалдырған тұлға­ларымыздың бейнесін жаңаша жаңғырту бағытындағы бұл игі бастамамыз бола­шақта жарасымды жалғасын табады деген үміттеміз, – дейді Жеңіс Ысқабай.

Үнемі ізденісте жүріп, шеберлігін шыңдайтын фотосуретшіге болашақта да шығармашылық табыс тілейміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *