КӘУКЕН АҒАДАН КЕЙІНГІ ҒҰМЫР

47Балнұр АХМЕТ

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Қазақстанның халық әртісі, профессор Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған бірқатар ізгі шаралар өтті. Мерейтойлық шараға елімізге еңбегі сіңген мәдениет майталмандары, әріптестері, мемлекетіміздің әр өңіріндегі өнер ордаларында қызмет ететін шәкірттері мен туған-туыстары қатысты. Мерекелік шара Алматы қаласының мемлекеттік мұрағат қоры ұйымдастырған «Суреттер сөйлесе» атты фотокөрмемен ашылды. Көрме «Өткен күндерім – өмірім менің», «Ғасырларды жалғаған Кәукен әнші», «Өткеннің бәрі ұмытылмайды», «Кәукен Кенжетаевтың жеке құжаттары», «Отырдым хаттарды оқып, шырақ қылып…», «Өнерім – өмірім» атты бөлімдерден тұрды. Өнер тарланының өнегелі өмірінен сыр шертетін фотокөрмеде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылы жазған хаты мен көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің 1972 жылы жазған хаты ерекше қызығушылық тудырды. Биікке самғаған өнер саңлағына арналған көрме көрерменді талантты тұлғаның өмірімен, өнер жолымен жақын таныстырды.

Халықаралық Ш.Айтматов атындағы және Тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының иегері Кәукен Кенжетаев – қазақ өнерін өркендетуге бар ғұмырын арнаған алыптар тобындағы тұлғалар­дың бірі. Ол қазақ халқының ән мұрасын арқалаған қайыспас қара нарлары, опера өнерінің уығын шаншып, қазанын қайнатқан ұлт мәдениетінің тұтқалары – Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Шәкен Айманов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев сынды дара тұлғалардың ортасынан тәлім-тәрбие алған. Оның шығармашылық мұралары Ұлттық академияның мақтанышына айналған.

Шара аясында жи­нал­ған жұрт Кәукен Кенжетаев атындағы дәрісхананың ашылу рәсімінің куәсі болды. Білім ордасының Оқу театры залындағы мерейтойлық шараның шымылдығын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова құттықтау сөз сөйлеп ашты. Жиында К.Кенжетаевтың немересі Әсел Кенжетаеваның «100 лет признания» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жинаққа Асанәлі Әшімов, Тұманбай Молдағалиев, Әбіш Кекілбайұлы, Төлеген Мұхамеджанов, Әзірбайжан Мәмбетов, Сафуан Шаймерденов, Әшірбек Сығай тәрізді таудай тұлғалардың өнерде өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған қайраткер жөніндегі естеліктері енгізілген. «Қазақ университеті» баспа үйінен жарық көрген кітап қазақ және орыс тілді оқырмандарға арналған. Кітапта Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағаты, ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағаты, Алматы қаласы тарихының мұражайы және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мұрағат қорынан құжаттар мен суреттер пайдаланылған.

Мерейтойлық шарада тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған «Елдің еркесі, өнердің серкесі – Кәукен» атты деректі фильм көрсетілді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, доцент Амангелді Мұқан «К.Кенжетаев – қазақ өнерінің хас шебері» атты баяндама жасады. Ол өз сөзінде дарынды тұлғаның өнер жолына келуіне ұшқан ұясы, өскен ортасы, кәсіби білімі, өнерге деген талпынысы мен сүйіспеншілігі септігін тигізгендігін тілге тиек етті.  Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Райымбек К.Кенжетаевтың туған-туыстарын құттықтап, жалынды жырларын тарту етті. Әсем әнмен өрнектелген кеште қайраткердің талантты шәкірттері ұлағатты ұстаздары жайлы жүректегі жылы лебіздерін білдірді. Олардың қатарында Майра Ильясова, Құдайберген Бекіш, Гүлбаршын Тілеубекова тәрізді өнер шеберлері бар. Жиында сөз алған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дариға Тұранқұлова қазақ өнерінде Кәукен ағаның орны бөлек екендігін айрықша атап өтті.

– Кәукен аға тіл мәселесіне өте қатты көңіл бөлетін. Өзі шешен болатын. Сөздің түйінін бір-ақ түйіп айтатын. Жастардың да, үлкендердің де тілін табатын. Сондықтан, біз ағамен сырласатынбыз. Бір дастархан басында талай рет бірге отырып, дәмдес болдық. Ол кезде ағамыз домбырамен ән айтатын. Ол кісі бізге бірқатар халық әндерін үйретіп кеткен еді. Ол тек өзінің шәкірттерін ғана тәрбиелеген жоқ, біздер сияқты жас ұстаздарға да бағыт-бағдар берді. Өнерде өзінің өзгеше өрнегін қалдырған Кәукен аға талантты жастарды құшағына сыйғыза білді, – деді ол.

Ал, Павлодар облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Айнұр Сәрсенбаева өнердің алуан түрін меңгерген ғибратты тәлімгер жайлы:

– Биыл ақпан айында Павлодарда осыдан 25 жыл бұрын Кәукен Кенжетаевтың өзі ақ батасын беріп, тұсауын кескен Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында өнер тарланының 100 жылдық мерейтойына арналған еске алу кеші өтті. Шарада сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі жайында түсірілген деректі фильмдерден үзінділер көрсетілді. Көзі тірісінде өзі сомдаған образдарын аталған театр актерлері – оның шәкірттері бейнеледі. Баянауылдан арнайы келген жерлестері өз естеліктерімен бөлісті. Кәукен аға ұстаздық етіп, өз өмірінде көптеген шәкірттерді сахна өнеріне баулыды. Павлодарда Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры ашылғанда, туған елінің қуанышына ортақтасып, өзі оқытқан бір топ түлектерінің осы театрға келуіне ұйытқы болды. Бүгінгі таңда олар қазақ театр өнеріндегі танымал әртістерге айналды. Белгілі жерлесіміздің құрметіне театр ғимаратына ескерткіш-тақта орнату туралы бастама қолдау табуда. Қазақ халқының кино, театр және опера өнерінде өшпес із қалдырған Кәукен ағамыздың бай мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек, – деді тебірене.

Мерейтойлық шарада Солтүстік Қазақстан облысы С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театры А.Абдуразақовтың «Мама», ал Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралы» атты спектакльдерін көрермен назарына ұсынды. Сондай-ақ, аталған білім ордасының режиссура мамандығының 3-курс студенттері «Түбекті қалпақ» (Э.Филипп), «Оспақ ойын» (Х.Б.Мартинес), «Время-птица» (О.Марк), «Макбет» (У.Шекспир), «Жабық есік алдындағы жалғыз» (В.Борхерд), «Жындының жазбалары» (Н.Гоголь), «Байы бар, басы бос» (Д.Фо) атты қойылымдарын қорғады.

Талантты тұлғаның өнердегі жолын жалғаған талабы таудай түлектердің концерті көрермен жүрегінде айрықша әсер қалдырды. Бес күнге созылған мерейтойлық шараның соңғы күндерінде К.Кенжетаевтың 100 жылдығына арналған І Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мерейтойлық бағдарлама аталған колледж студенттерінің «Жас-Аrt» І Халықаралық театр фестиваліне ұласты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close