КҮРДЕЛІ КЕЗЕҢДЕ БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІ МАҢЫЗДЫ

352015 жылғы қала бюджеті 30 млрд. 352 млн. 28 мың теңгеге оңтайландырылды

Нұрлан СҮЙІН

Бесінші сайланған Алматы қаласы мәслиха­тының ХLІV сессиясы отырысына депутат В.Бөлек­баев төрағалық жасады. Сессия жұмысына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты.   Төрағаның ұсынысымен жиналғандар жақында өмірден өткен мәслихат депутаты, «Нұр Отан» фракциясы жетекшісі болған марқұм Әділмырза Мара­ловты бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонан соң күн тәртібіне сай жұмысқа көшті.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Алматы қаласы мәсли­хатының ХLІV сессиясының «Алматы қаласының 2015 – 2017 жылдарға бюджеті туралы» шешіміне өзгеріс енгізу болды. Күн тәртібіне байланысты сөз алған Алматы қаласының әкімі Б.Байбек бүгінгі таңдағы экономикалық күрделі кезеңге байланысты қала бюджетін тағы бір пысықтау қажеттілігі туғанын айтып өтті.

– Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың тапсырма­сына орай, бүгінгі таңдағы ғаламдық экономикалық күрделі жағдай біздің экономикамызға да әсерін тигізіп отырғандықтан, Алматы қаласы­ның 2015 жылғы бюджетін тағы бір пысықтауды қолға алдық. Жүйелі де маңызды ұсыныстар азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдарын сарап­тай келе енгізіліп отыр. Бүгінгі таңда бюд­жеттің әрбір тиынын тиімді жұмсау ма­ңызды, сол себепті қолдан келгенше шаһар­дың экономикалық ахуалын жөндеуге тырысу қажет.

Елбасының нақты бірнеше тапсырма­лары бар. Бірінші кезекте, басталған әлеуметтік-маңызды барлық нысандарды аяғына дейін жеткізу. Екінші, қолға алынған бағдарламалардың тиімділігін, қаржының жұмсалуын қайта қарау. Әлеуметтік әлсіз топ­тардың жағдайын ескере отырып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, азамат­тардың әлеумет­тік-экономика­лық мәселелерін шешу. Осыған орай, қала бюджетінің шығыс бөлігін қайта қарау қажеттігі туындап, біз резервті қаржы мүмкіндігін таптық. Ортақ мәселені шешуде қажырлылық көрсеткен мәслихат депутаттарына, «Нұр Отан» франкция­сына алғыс білдіремін, – деді Алматы қаласының әкімі Б.Байбек.

Күн тәртібіне байланысты Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас­шысы Мақсат Қиқымов баяндама жасады. Баяндамашы «Нұр Отан» фрак­циясы депутаттары 2015 жылғы қала бюд­жетін 24 млрд. 921 млн. теңгеге оңтай­ландыруды қолдағанын айтты. Бұдан өзге, депутаттар М.Әділханов, С.Ка­зиев, А.Коте­новтар бюджеттің шығыс бөлігін 5,4 млрд.-қа оңтайландыру жөнінде ұсыныс жасаған. Сонымен, сессия жұмысына жалпы есепте 30 млрд. 352 млн. 28 мың теңгеге бюджетті оңтайландыру ұсынылды.

Бұдан өзге, 29 млрд. 980 млн. 871 мың үнемделген теңге басымдылыққа ие бағыттарға бөлінді. Олардың ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 28 тұрғын үй кешені құрылысы бар.

Қорытынды шешім бойынша Алматы қаласының 2015 жылғы бюджеті қайта қаралып, жалпы есебі 521 млрд. 237 млн. 152 мың, 400 теңге болып бекітілді. Нақты айналымдағы бюджет 437 млрд. 580 млн. 752 мың 400 теңге.

Бесінші сайланған Алматы қалалық мәслихаты­ның ХLІV сессиясының күн тәр­­ті­бінде басқа да мә­селелер қаралды. Олар – «Су ресурстарын пайда­лану ақы­сы», «Алматы қалалық инженерлік ком­муникацияларды пайдалану тәртібі» және қалалық мәсли­хаттың ХLІV сессиясының төрағасын сайлау.

Депутаттар күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша дауыс беріп, шешім қабылдады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *