БАТЫС ЕЛДЕРІНДЕ ТІСІ ЖОҚ АДАМДЫ ЛАУАЗЫМДЫ ҚЫЗМЕТКЕ АЛМАЙДЫ

Неге десеңіз, өзін тәртіпке келтіре алмаған адам басқа адамдарды да тәртіпке келтіре алмайды деген ұғым қалыптасқан

Сәуірбек РУЗУДДИНОВ, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Оның медицина ғылымы, оның ішінде ортопедиялық стоматология саласында есімі құрметпен аталады. Өйткені, Сәуірбек Рузуддинұлы өнеркәсіптік ортопедиялық стоматологияның негізін қалаушы, бұрынғы Алматы медицина институты, қазіргі С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіндегі Стоматология факультетін, Ортопедиялық стоматология кафедрасын басқарған алғашқы қазақ ғалымы, әрі Қазақстанда алғашқы жекеменшік стоматологиялық колледж ашқан тұлға ретінде танымал. Ол кісі тек ғалым ұстаз ғана емес, қайырымдылық шараларға өзінің қомақты үлесін қосып жүрген үлкен жүректі «Алтын дәрігер» белгісінің иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Сәуірбек Рузуддиновтың стоматология ғылымына еңбек сіңіріп, оның заман талабына сай дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқанына биыл елу жыл. 1969 жылы еліміздегі ең алғашқы оқу орындарының бірі – сексен тоғыз жылдық тарихы бар Алматы медицина институтының Стоматология факультетін бітірген. Міне, содан бері осы салада үзбей қызмет атқарып келеді. Елу жыл бір салада қызмет атқару екінің бірінің еңбек кітапшасына жазыла бермейтін еңбек өтілі шығар. Оның жиырма үш жылын Ортопедиялық стоматология кафедрасын басқаруға арнаса, қалған жылдары Стоматология факультетінің деканы қызметіне тиесілі. Біз ғалымның еңбек өтіліне елу жыл толуына орай өткізілгелі отырған «Қазақстан Республикасындағы ортопедиялық стоматологияның жағдайы және даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция алдында ғалыммен әңгімелескен едік.

– Сәуірбек Рузуддинұлы, елу жыл бір салада қызмет атқару екінің бірінің еңбек кітапшасына түсе бермейтін айтулы әрі тарихи еңбек өтілі болса керек, осы елу жылғы еңбек жолыңызға көз жүгіртсек, сізді осы саланың негізін қалаушылардың бірі деуімізге әбден болатын секілді?

–       Стоматологияның негізін қалаушы деп асыра сілтеу­дің қажеті жоқ шығар, ең дұрысы ортопедиялық стома­тологияның негізін қалаушысының бірі десек жеткі­лікті. Осы салада қызмет атқарып келе жатқаныма елу жыл болыпты. Елу жыл аз уақыт емес, дегенмен мен үшін барлығы күні кешегідей көрінеді де тұрады. Бәлкім, осы салада ғана қызмет атқарып, осы саланы дамытсақ деп алға ұмтылып еңбек етіп жүрген қолдаушы әріптестеріңмен және жас ғалымдармен қоян-қолтық араласып, қызмет атқарып жүрген соң, елу жылдың қалай өтіп кеткені байқалмай қалған сияқты. Дейтұрғанмен, орысы жоқ, оңтүстіктің қазақы Өтеміс атты шағын ауылынан, сол кездердегі әрбір қазақ жастарының арманы болған Алматыға келіп, тек орыс тілінде оқытатын медициналық оқу орнына түсу қазір айтуға оңай болғанмен, біз үшін өте қиын, күрделі болғаны рас. Орыс тілін білмейміз, саба­ғымызды қатардан қалмас үшін түнімен жаттап шығамыз, ал ертесіне сол жаттағаныңды орыс тілді оқытушыға, саған кірпіктерін қақпай қасқайып қарап отыратын орыс курстастарыңның алдында айтып беруді ойлаңызшы. Әйтсе де, ауылдың намысшыл ұл-қыздары орыс тілі деген кедергіні оқу жылының алғашқы тоқсанында-ақ жойып, орыстілді құрдастарымен тез-ақ теңеліп, тіпті озаттар қата­рына ілініп кететін. Мен де сол орыс тілінен қиналған­дардың бірімін, бірақ «біздің Сәуірбек доқтырдың оқуында оқиды» деген ауылдағы туыстарымның мақтаныш сезімдері мені үнемі қамшылап отыратын. Ал анамның «білегің көтермейтін шоқпарды беліңе байлама, жігер-қайратың, ақылың жететін жұмысты ғана істе, елдің алғысын алатын тірлік жаса» дейтін ақылы да сана-сезіміме дем беріп, алға ұмтылдыратын. Нәтижесінде 1959 жылы ашылған Тіс емдеу факультетінің ең алғашқы әмбе үздік бітірген түлектерінің бірі атандым. Биыл тіс емдеу, яғни Стоматология факультетінің де ашылғанына алпыс жыл толды.

 

Ұстаздарым ұлтқа

бӨлінбейтін адал

жандар болды

 

– Қос тойым қатар келген жыл болып тұр дейсіз ғой, барлығы құтты болсын! Енді оқу бітіргеннен кейінгі еңбек жолыңызға тоқталып өтсеңіз?

–       Кез-келген шәкірттің бағын ашып, дұрыс бағдар беретін ұстазы. Шәкіртінің бойындағы білім мен ғылымға деген ұмтылысты байқай білген ұстазды нағыз ұстаз деп бағалаймын. Маңдайыма жазылған бағым болар, менің өмір жолымда сондай байқампаз, шәкіртіне жанашырлық­пен қарайтын ұстаз-оқытушыларым көп болды. Солардың бірі ретінде мен Ортопедиялық стоматология кафедрасы­ның доценті Ж.Жұмаділдаев және стоматология факульте­тінің деканы доцент К.Шакенов ағаларымызды ерекше атап өтер едім. К.Шакенов «кафедрада қал, сенің болаша­ғың зор» деп қанатының астына алмаса, менің қазір еліміздің қай түкпірінде жүрерімді бір Алла білер еді, сол үшін өмірімнің бағдаршамы бола білген ұстаздарыма өмір бойы ризамын. 1969 жылы оқуды үздік бітірген маған кафед­рада қалу туралы ұсыныс айтылды. Мұндай мүмкін­дік екінің біріне бұйыра бермейтіндіктен бұл ұсынысқа көп ойланбастан келісімімді беріп, Ортопедиялық стоматология кафедрасының ізденуші-стажеры болып алғашқы еңбек жолымды бастадым. Ортопедия саласына қызығушы­лығымды оятқан кафедрадағы зерттеу жұмыстарым болды. Клиникалық жұмыстармен қатар, түрлі тәжірибелік зерттеу, талдау жұмыстарына қатысып, ғылыми негізде мақалалар жазып, ғылыми конференцияларға қатысып, өзімнің ғылымға деген ынтам барын танытуға тырыстым. Әйтеуір, еңбегім еш кеткен жоқ, арада екі жыл өткенде, ғылыми жұмыстарымның нәтижесінде 1971 жылы байқау комиссиясының шешімімен Мәскеу қаласындағы Н.А.Семашко атындағы Медициналық-стоматологиялық инсти­ту­ттың аспирантурасына қабылдандым. Мәскеуде де бағыма қарай жақсы ұстаз-ғалымдарға кез болдым. Екі жетекші бекітілді. Оның бірі осы аталған институттың госпитальдық Ортопедиялық стоматология кафедрасының меңгерушісі В.Ю.Курляндский болса, екіншісі Биохимия кафедрасының меңгерушісі Ю.А.Петрович болды. Екеуі де ұлтқа бөлінбейтін, медицина десе жандарын беретін адал жандар болды. Сол ұстаздарымның бойындағы жақсы қасиеттерді бойыма дарыта алдым ба, жоқ па, білмеймін. Бірақ менің бүгінде ортопедия саласында есімім аталып, еңбегі бар делініп жүрсем, ол ең алдымен сол ұстаздарымның арқасы деп бағалаймын.

– Естуімізше, сіз Қазақстаннан Мәскеу медициналық стоматология институтына қабылданған алғашқы аспирант, аспирантураны бес ай бұрын бітірген, ортопедиялық стомато­логия ғылымы бойынша алғаш докторлық диссер­тация қорғаған қазақ ғалымы болсаңыз, қазір А.И.Евдо­кимов атындағы Мәскеу мемлекеттік медициналық стоматология университетінің Құрметті профессоры, ал Қазақ ұлттық медицина университеті тарихында Ортопедиялық стоматология кафедрасын басқарған алғашқы қазақ көрінесіз?

–       Бұл деректеріңіз рас енді.

«Лепесток В1» Чернобылда да қорғанысқа жарады

 

– Тағы бір дерек көзі бізді қызықтырып отыр?

–       Ол тағы қандай дерек?

– Сіздің Жамбыл облысындағы фосфор зауытының іргесіндегі ауылдардағы сиырлардың тістерінің үздіксіз өсуі салдарынан өліп жатқаны туралы «Правда» газетінде жария­ланған мақаланы оқи сала, сол аймаққа барып, адамның емес, сиырлардың тіс ауруының себептерін зерттеу арқылы сол аймақ тұрғындарының тістерін зерттеу жөніндегі жұмысыңыз.

–       Бұл мәселе мені қатты толғандырды. Тістің өсуінен мал өліп жатса, сол өндірісте жұмыс істеп жатқан жұмыс­шылардың денсаулықтары, тістерінің жағдайы қалай болады деген сұрақ маған маза бермей, ақырында соны зерттеуге бел будым. Қайтадан Мәскеуге барып, тиісті әде­биет­терді қарап, Шымкент қаласындағы фосфор зауыты­ның басшысы Н.П.Пименов мырзаға жолығып, жұмысшы­лардың денсаулығы, әсіресе, олардың тістерінің тез босап түсіп қалатыны, тіпті оларды ешбір құралсыз қолмен жұлып алуға болатынын айтқанымда ол кісінің ұзақ күлгені әлі есімде. Бірақ басшының бұл күлкісі ұзаққа барған жоқ, шын мәнінде фосфордың әсерінен жұмыс­шылардың тістері тез түсіп қалатыны, түстерінің өзгеріске ұшырайтыны анықталды. Дегенмен, оны ғылыми түрде дәлелдеп жариялауыма тура он жыл уақытым кетті. Осы ұзақ жылғы зерттеу жұмысы мен жүргізілген тәжірибелердің нәтижесінде «Фосфордың тіс жақтарына әсері» атты тақырыпта ғылыми жұмыс жазып, фосфор зауытының жұмысшыларының денсаулықтарына, әсіресе ауыз қуысына тигізер кері әсерінің салдарынан жұмысшы­лардың мүгедектікке шалдығатыны дәлелденді. Әсіресе, қызыл иектің қабынуына шалдыққан адамдардың ауыз қуысында фосфордың қалдықтары ұзақ сақталып, улану себептерін тудыратыны анықталды. Ал оның алдын алу және улы заттардан ауыз қуысына зиянды заттардың түсуінен сақтайтын қорғаныш құрал жабдық ойлап табу жолдарын қарастырып жүріп, ақыры «Лепесток В1» деп аталатын респиратор жасап шығардық. Бұл респирато­рымыз 1986 жылы Чернобылдағы апат кезінде де қорға­нушы құрал ретінде тиімді пайдаланылып, осы құрылғыны ойлап тапқан авторлар құрамы түгел дерлік «КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы» деген белгісімен марапат­талды. Бұл зерттеу жұмысым докторлық диссертацияға ұласып, 1987 жылы сол кандидаттық диссертациямды қорғаған Н.А.Семашко атындағы Медициналық стома­тология институтында докторлық диссертациямды қорғадым. Ғылымның барлық кезеңдерінен өткендіктен мен медицина ғылымында жүрген әр адамның еңбегін айрықша бағалаймын. Медицина ғылымы күрделі сала, оған кез-келген адамның тісі бата бермейді. Сондықтан да жастарға қамқорлық танытуға шамам жеткенше, өзіме ұстаздарым қалай қолұшын берсе, мен де сондай дәрежеде қолұшын беріп, көмектескім келіп тұрады. Мұның сыртында 250-ден астам ғылыми еңбектің, 4 монографиялық, 10 әдістемелік оқу құралының, өнертапқыштық еңбектеріме берілген 13 авторлық куәліктің, 15 патент және 38 рационализаторлық ұсыныстардың авторы, сонымен бірге «Ортопедиялық стоматологияның пропедевтикасы» атты оқулықтың авторы атанғанымды айта кеткенім артық болмас.

 

Шәкірттің ұстаздан озық болғаны үлкен мақтаныш

 

– Мұндай еңбекті айту да ол үшін мақтана білу де артық емес шығар, ал өзіңіз ғылымға құштар қанша жастың қана­тынан демеп, алға жетелеп, ғылымдағы бағын аштыңыз?

–       15 ғылым кандидаты мен 1 ғылым докторына ғылы­ми жетекші болыппын. Бұл енді аз ба, көп пе білмедім, деген­мен олардың қазіргі кезде еліміздің әр түкпірінде халыққа қалтқысыз қызмет атқарып жүргенін көріп, олар туралы жұрттың жақсы пікірін естіген кезде кәдімгідей қуанып қаламын. Өз еліміздің шекарасынан асып басқа елде қызмет етіп жүрген шәкірттерім де бар. Шәкірттердің ұстаздан озық болғаны да ұстаз үшін үлкен мақтаныш деп бағалаймын.

– «Елу жылда ел жаңа» деп жатамыз, осы елу жыл ішінде стоматология, өзіңіз негізін салып, дамуына үздіксіз үлес қосып келе жатқан ортопедиялық стоматология сала­сында қандай жаңалықтар бар? Қазақстан тұрғындарының тіс күтіміне деген көзқарастары өзгерді ме?

–       Қазақстандағы стоматология саласы бүгінде қарыштап дамып, адам айтса сенгісіз жаңалықтар мен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Еліміз Тәуелсіздік алды, соның арқасында шет елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, алыс-берісіміз артты. Өзгелердің озық тәжіри­бесін үйрендік, өзімізді дамыттық. Дүниежүзілік стомато­логтардың ассоциациясына мүше болдық. Өзіміздің ассоциациямызды құрдық. Жыл сайын өткізіліп тұратын стоматологтардың Халықаралық көрме-конференциясы сол еларалық байланыстардың нәтижесі. Осыдан елу жыл бұрынғы құрал-жабдықтармен қазіргі құрал-жабдық­тардың, ортопедия саласында қолданылатын, протез жасау кезінде пайдаланылатын материалдарды салыстырсақ, жер мен көктей айырмашылықтар бар. Тіс протездерінің түрі де сан алуан. Осыдан жиырма-отыз жылға қарағанда қазір халықтың өзінің тіс күтіміне, жалпы денсаулығына деген көзқарасы өзгергенін айтуымыз керек. Тісті жас кезінен күтпесе, оны емдетудің үлкен қаржыны талап етететінін жұрт түсіне бастады. Өздеріңізге белгілі, тіс емдетумен ортопедиялық қызметтің барлығы қазір ақылы және бағасы арзан емес. Оның себеп-салдарын да жақсы білесіздер, өйткені құрылғылардан бастап, тіс емдеу, ортопедиялық көмектерге қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер­дің барлығы дерлік шет елден әкелінеді. Ал кісідегінің кілті аспанда болатынын мен айтпасам да білесіздер. Бұрын да айтқан болармын, дегенмен артық болмас, мына Батыс елдерінде тісі жоқ адамды лауазымды қызметке алмайды. Неге десеңіз, өзін тәртіпке келтіре алмаған адам басқа адамдарды да тәртіпке келтіре алмайды деген ұғым қалыптасқан. Шет елде тістің саулығы әлеуметтік, мәдени, керек десеңіз рухани байлықты көрсететін әр адамның негізгі көрсеткіші болып саналады. Біздің тісіміздің бұзылуы күтіміне көңіл бөлмеуімізден деуге болады. Тіс бүлінсе, ауыз ішінде қалар деп ойлайтын болуымыз керек, бірақ тістің бұзылуы біздің денсаулығымызға үлкен зардабын тигізетінін ұмытпаған жөн. Мына Германия, Сканди­навия елдерінде әрбір тұрғын жылына екі рет тіс дәрігеріне көрінбесе, олардың сақтандыру медицинасы бойынша тіс емдеуге бөлінген ақшаларын қысқартып тастайды екен. Келесі жылы бізде де Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі ендіріледі деп отырмыз ғой, сонда осындай мәселелер ескерілсе дұрыс болар еді. Мәселен, кімде-кім скринингтік тексеруге келмесе, тісін емдетпесе, бізде осындай тәртіп қолдана білсек, адамдардың денсаулықтарына деген жауапкершіліктері арта түсер еді.

– Құрал-жабдықтар мен материалдар демекші, ортопе­диялық стоматологияда қолданылып жүрген «Рауцементтің» авторы сіз бе?

–       Бұл жалғыз менің ғана емес, сол кафедрада бірге қызмет атқарған, клиникалық стоматология саласында жүрген ғалымдарымыздың ізденісінің жемісі. Мұнымен қатар жергілікті жансыздандыруға арналған «Рихлокаин» деген дәрмегіміз болған.

– Сәуірбек Рузуддинұлы, сіздің ең көп көтерген мәселеңіздің бірі ауыл тұрғындарына стоматологиялық қызмет көрсетудің сапасын арттыру болатын, ауылдағы стоматологиялық қызметке қазір көңіліңіз тола ма?

–       Соншалықты біз ойлаған дәрежеде болмаса да қазір аудан орталықтары мен ауыл орталықтарында стоматоло­гиялық қызмет түрі пайда бола бастады. Оған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының тигізіп отырған көмегі бар. Мектептердегі стоматологиялық кабинеттердің ашылуына қол жеткіздік. Тіс саулығы туралы арнайы дәрістер жүргі­зіледі. Міне, осы іс-шаралардың барлығы адам денсаулы­ғында үлкен маңызға ие – тісті аман сақтаудың, тіс күтімін жақсартудың алғышарттары болып саналады. Кез-келген аурудың алдын алған абзал, соның ішінде тіс ауруының да алдын алған адам, өз денсаулығын қорғайтыны анық.

 

Қазақстанымның қай бұрышында жүрсем де,

оны туған жеріме балаймын

 

– Сәуірбек Рузуддинұлы, Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» атты бағдарлама қабылдап, сол арқылы басқа жақта жүрсе де туған жерін ұмытпай, оған қамқорлық жасап жүрген азамат­тарды дәріптеу, қолдау керектігін айтқан болатын. Сізді де жерлестеріңіз туған жеріне ту тігіп, ауылына бүйрегін бұрып жүретін ел азаматы ретінде таниды. Қайырымдылық істерге де көп көңіл бөлетіңізден хабардар. Сіз осы туған жерге ту тігу дегенді қалай бағалайсыз?

–       Туған жер әркімнің шыр етіп дүниеге келген, бауы­рында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын мекені болса, біз секілді талай азаматты қанаттандырып алыс қияларға қондырған тұғыры. Сондықтан кім-кімнің болсын туған жерге деген махабба­ты айрықша болады. Ал сол туған жеріңе, туған еліңе қызмет етіп, оның бір кәдесіне жарау, оны гүлдендіруге үлес қосу әр азаматтың абзал ісі болуы тиіс. Оны міндет етпеуіміз керек, керісінше үлкен парызым деп білуіміз керек. Қазақстанның қай өлкесі болсын, менің туған жерім деп есептеймін. Егер де мен өз ауылымнан басқа да жерлерге жол салып, мешіт, мектеп тұрғызсам ол да туған елімінің дамуына, халқымның тұрмысының түзу болуына қосқан үлесім деп бағалаймын. Шын мәнінде, туған жерге деген сүйіспеншілік арқылы, әр адамның туған елі – Қазақстанға деген патриоттық сезімі артады.

– Сіз елімізде оқу орнын салған алғаш тұлғалардың бірісіз…

– Бұл ғимарат ата-аналардың балалары үшін салған инвестициясына салынды деуге болады.

– Осыдан екі жыл бұрын өзіңіздің өміріңіз жайлы жазыл­ған кітабыңыз жарық көрді, сол кітабыңызда «шахмат» деген сөз қолданылған, себебін білсек?

– Қарап тұрсақ, адам өзінің өмірінде түрлі жағдайларға тап болып, қилы тағдырды басынан өткереді. Өзім шахмат ойнағанды өте жақсы көремін және де өзімді әуесқой шахматшылардың қатарына қоса аламын. Сол ойын кезінде шахмат тақтайының үстіндегі әрбір тастың ойын тағдырын адамдардың өміріне ұқсатып отырамын. Сондықтан кітабымды «Шахматная игра длиною в жизнь» деп атадым. Ойлап қарасаңыз, біз адамдар сол шахмат тасы секілді екенбіз. Жаратқан бізді қай орынға қонды­рады, қай орыннан кері жылжытады, тіпті сол шаршы тақта­дан мүлде жылжытып алып тастаймын десе де өзі біледі екен. Біз қанша тырысқанмен, Жаратқаннан жарлық нәсіп болмаса, ешнәрсеге қол жеткізе алмайды екенбіз. Сондықтан да шахмат сөзін қолдандым.

– Өмірімнің бар сыры, асқан асулар мен жүріп өткен жолдарым, тағдырымда жолыққан жақсы адамдар туралы ойларым осы «Шахмат» беттерінде тоғысқан дейсіз ғой.

– «Шахмат» менің жетпіс жылдық өмірімнің сыры. Онда менің ата-анама, туған-туыс, бауырларыма, балала­рыма, жанымда жүрген жақсы адамдарға, келер ұрпаққа айтарым, ұстаздарыма деген құрметім, шәкірттеріме деген ағалық ізетім, туған еліме деген махаббатым дер едім.

– Сәуірбек Рузуддинұлы, елу жыл елге еткен еңбегі­ңіз­дің жемісін ұзағынан көріп, шахматтың тастарындай өрілген мына өмірде тек жас ұрпаққа үлгі, адамгершілік пен кісіліктің биік тұғырынан көріне беруіңізге тілектеспіз. Ертеңгі өтер конференцияңыздың жұмысына сәттілік тілейміз.

– Рахмет!

Әңгімелескен – Нұржамал БАЙСАҚАЛ,

«Денсаулық сақтау ісінің үздігі».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *