БАҚЫТТЫ БОЛУ АРМАНЫМ

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Алматыдағы тұрмыс жағдайы төмен, көпбалалы, өмірдің қиын жағдайларына тап болып, тығырықтан шығар жолды іздеп жүрген аналардың мәселелерін шешу мақсатында ашылған «Бақытты отбасы Алматы» орталығы былтыр мамырда қаланың кісі аяғы көп жүретін Көкбазар маңынан ашылған болатын. Зульфия Байсақова жетекшілік ететін бұл орталыққа дереу белсенді қыз-келіншектер, көпбалалы аналар жинала қалып, бірден іске кірісіп кеткен-ді. Орталық аз уақыт ішінде-ақ өз жұмыстарын жолға қойып та алды.

Ең алғаш осы орталық ашылғанда оның немен айналысып, қалай жұмыс істеп жатқанын білу мақсатында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы келген болатын. Сонда осында курсқа қатысып жүрген бір көпбалалы әйел қала басшысына өзінің сонау Алатау ауданынан келетінін, біраз уақытын жол машақаты алатынын, ал бұл кезде үйде қалған балаларына алаңдайтынын айтып қалған еді. Сол жерде Бақытжан Әбдірұлы тез арада қалаға қарасты барлық ауданда да осындай «Бақытты отбасы» орталықтарын ашуды тапсырды. Нәтижесінде тым қысқа уақыт ішінде шаһардағы барлық сегіз ауданда да осындай орталықтар ашылып, бүгінде сегізі де жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр.
Алатау аудандық «Бақытты отбасы» орталығының өкілдері карантин уақытында да өз жұмыстарын бір тоқтатқан емес. Еріксіз үйге «қамалып», төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған әйел-аналардың жанынан табылып жүрді.


*
– Бұрын бізге келіп тіркеліп, түрлі көмектер алып жүрген әйелдерді орталыққа келгенде ғана көруші едік. Карантин кезінде түрлі шектеулер болғандықтан, көмек керек деген аналардың үйлеріне қажетті заттарды алып өзіміздің баруымызға тура келді. Сонда көп нәрсені байқап, көп нәрсеге көз жеткіздік. Тіпті, жағдайым жоқ деп көмек сұрап алып, бірақ өзі есігінің алдында бір емес, бірнеше пәтер жалдаушы ұстап отырған кісілерді де көріп айран-асыр болғанбыз. Ал ең бастысы, қаланың шалғай жерінде, әлі ешкім бармаған, қиын жағдайда тұрып жатқан нағыз мұқтаж жандардың жағдайын өз көзімізбен көріп, соларға көмек бергеніміз жанымызға қуаныш сыйлады. Тағдыр тауқыметінен, тұрмыстың ауыртпалығынан әбден титықтаған жандарға демеу, сүйеу бола білу – адамгершілік парызымыз. Қайырымдылық – қазақтың қанына сің­ген, жабырқау көңілді жан жылуымен нұрландыратын әдемі қасиет қой. Бізге карантин кезінде қолдау көрсеткен Алатау ауданының әкімдігіне, «Я алматинец» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, жеке кәсіпкер Константин Авершинге, тележүргізуші, қоғам белсендісі Адель Оразалиноваға деген алғысымыз шексіз, – дейді осы орталықтың бизнес-тренері, Smm-target әлеуметтік желілер маманы Гүлзат Асанхан.


*
Карантин басталғалы бері осы кезге дейін әлеуметтік қолдауға нағыз зәру деген 1320-дан астам отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Осынау қиын шақта уақытпен санаспай, барлық үйді аралап, хал-жағдайларын біліп, көмек көрсетіп жүрген Меңсұлу Медихайырқызы, Әсел Жолдасбаева, Мадина Ыдырысова, Рая Алдиярова, Жанна Асанова сынды қыз-келіншектерге де көптің алғысы шексіз.
Ақмарал Басирова жетекшілік ететін Алатау аудандық «Бақытты отбасы» орталығында бүгінде 25 адам жұмыс істейді. Олардың дені көпбалалы жалғызбасты аналар. Демек, олар «Бақытты отбасына» бақыт іздеп, көмек сұрап келетін жандардың мәселелерін жақсы түсінеді деген сөз.
Алатау аудандық «Бақытты отбасы» орталығында бүгінде 3560 ана тіркелген. Олардың 1727-сі – көпбалалы, 300-і жалғызбасты көпбалалы, 605-і жалғызілікті, ал 928-і толық отбасылы ана.
*
Мұнда компьютер тілін меңгеруге болады. Кім әдемі болғысы келмейді дейсіз, бет әрлеуді де үйретеді. Қолөнермен, тігінмен айналысқысы келетін, ине-жіпке жақын әйелдерге де осы сала бойынша арнайы курстар өткі­зіледі. Мәселен, үлкендерге және балаларға арналған киімдер және құрақ көрпе тігуді, авоська сөмке тоқуды үйрететін курстар бар. Бәрі тегін. Осы жұмыстарды меңгерген әйел-аналар ешкімге масыл болмай-ақ, алдағы уақытта өз бетінше жеке кәсібін ашуына болады. Жеке кәсіп ашқысы келетін жандарға бизнесті қалай бастау жолдары да оқытылады. Өз қолынан шыққан бұйымдарын сатып табыс табуға да жол ашық. Сондықтан қолөнерші әйелдер өзі істеген затын көпшілікке сатқысы келсе, сол туралы әлеуметтік желілерге жарнама жасай білуі қажет. Міне, орталық бұл тұрғыда да көмектеседі. Бухгалтерлік және кеңсе іс қағаздарын қалай жүргізуді оқытатын да курстар бар. Мұнда психолог және заңгер мамандардың да кеңесін де ала алады.
Иә, бірдеңе білсем, үйренсем, кеңес алсам, басымдағы қиындықтан шыққым келеді дейтін көпбалалы аналардың бәріне «Бақытты отбасы» орталығының есігі әрдайым ашық.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *