«Бұл – әлемде баламасы жоқ тәжірибе»

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры

 

Осыдан тура бір жыл бұрын еліміздің рухани өміріне үлкен серпіліс әкелген Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрді.

Сөздің парқы мен істің ретін түсінетін ортаны түгел елең еткізген, елдік мұрат пен мүддені мағына тұрғысынан мүлде жаңа деңгейге шығарған бұл бастамаңыз барша зиялы қауымды, ғылым мен білімге жанашыр ортаны ерекше шабыттан­дырып, арғы-бергі тарихымызда, бұрын-соңды болмаған аса ауқымды шаруаға жұмылдырды.

Әсіресе, бұл тәуелсіздік түлек­тері – жас қауым құлшына қолдап, ерекше ықылас танытқан, өр­кенді іске айналды. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын зор ықы­ласпен қабыл­дап, оны іске асыруға шын ниетпен кіріскен ортаның ішінде өзім де бармын.

Бағдарламада аталған алты арнайы жобаның қай-қайсысы да жеке мем­лекеттік бағдарлама болуға лайық дара бастамалар. Дегенмен де, менің­ше, солардың бірі де, бірегейі, сөз жоқ – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» болды.

Өйткені, кез-келген қоғамның күші білімде, ал кез-келген тілдің қуаты – ол тілдегі мазмұнда. Олай болса, бұл бастама тілдің қауқары мен қоғамның әлеуетін де биікке көтеретін тегеурінді тетікке айналды.

Ел ішінде үлкен мен кішіге бірдей тартымды, сырттағы мамандар да бір ауыздан қолдаған, секем тудырмас сәтті шешім десек, артық айтқан болмас.

Өзіңіздің тапсырмаңыз бойынша, осы жобаны іске асыру үшін үкіметтік емес және коммерциялық емес негізде жұмыс істейтін «Ұлттық аударма бюросы» құрылды.

Бүгін осы аса жауапты, әрі өзіндік қиындықтары да көп жұмыстың алғашқы нәтижесімен таныстырудың сәті келді.

«100 оқулық» жобасы жариялана салысымен еліміздің жоғары оқу орындарынан жалпы саны 800-ден аса аударылуы керек деген оқулыққа ұсыныс келіп түсті.

Мамандардан құралған арнайы жұмыс тобы аударылатын оқулықтарға қойылатын мынадай талаптарды анықтады:

  • оқулық дүние жүзіндегі маң­дайалды 100 университеттің бағдарла­масында болуы қажет;
  • кемінде 3 басылым көруі тиіс;
  • мазмұны өзекті, әрі идеялық тұрғыдан бейтарап болуы керек;
  • сонымен бірге, оқулық заман талабына сай, интерактивті үлгіде оқып-үйренуге мүмкіндік беруі қажет.

 

Осындай талаптар негізінде философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, антропология мен дінтану, журналистика, экономика мен кәсіпкерлік салаларын қамтитын алғашқы 18 оқулық іріктелді.

Таңдалған оқулықтарды жинақтап айтсақ, бұл кітаптар әлемнің 42 елінде, 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 миллионнан асқан.

 

Мұндай оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін та­рату – әлемде баламасы жоқ тәжірибе.

Бұл деңгейдегі бір оқулықты құрастырып, баспаға дайындау құны 500 мыңнан 3 миллион долларға дейін жетеді. Сондықтан да оқулықтардың бағасы әдетте өте жоғары. Мәселен, профессор Мэнкьюдің «Экономикс» атты оқулығын американдық студент­тер 280 долларға сатып алады.

Сол себепті, оқулықты өзге тілге аударып басуға да авторлар өте қатаң бақылау жасайды. Осыны ескере отырып, біз аударма жұмысына еліміз­дегі іргелі оқу орындары, гумани­тарлық бағыттағы ғылыми зерттеу орталық­тарының мамандарын кеңінен тартуға тырыстық.

Аударманы мейлінше сапалы шы­ғару үшін жұмысқа тәжірибелі аудар­машылар мен жоғары оқу орындары­ның ұстаздары шақырылып, ғылыми редакция жасауға еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редакцияға қарымды қаламгерлер, білікті редакторлар мен баспагерлер тартылды.

Қазір бұл жұмысқа жалпы саны 200-ге тарта маман қатысуда.

Сондай-ақ, ғылыми аударма ісі жолға қойылған елдердің тәжірибесі мұқият зерттелді. Ілгері аударма технологиясының бірі, дүние жүзінің 180 мыңнан аса аудармашы маманы қолданатын арнайы электронды платформаға қосылдық.

Сіздің үнемі атап көрсетіп жүр­геніңіздей, аударманың тілін жатық, ұғынықты ету мақсатында аударма ережелері мен қағидалары дайында­лып, бекітілді.

Атап айтсақ:

  • жаңа терминдерге балама іздеуде қарабайырлыққа ұрынбау;
  • ұғымдар мен түсініктерді халық­аралық ғылыми және кәсіби лексикадан алшақтатпай, мағыналық сәйкестігін сақтау;
  • мұзмұнға нұқсан келтірмей, грамматикалық құрылымдарды мейлінше жеңілдету;
  • мысалдар мен кейстерді, суреттер мен кескіндерді мүмкіндігінше қазақ­стандық баламалармен алмастыру – сияқты ұстанымдар келісілді.

 

Осындай негізде қазірдің өзінде жоба сөздігіне 3 мыңнан аса ғылыми термин, ұғым мен түсінік жинақ­талды. Олардың бірсыпырасы бұрын­нан қолданыста бар, енді бір бөлігі мүлде жаңа сөздер мен халықаралық қолданыстағы түпнұсқасын сақтай отырып, тілімізге енген ұғымдар.

Сондықтан бұл жоба жаңа білім мен тың технологияға жол ашып қоймай, жаңа ұғымдар мен түсініктер арқылы ғылыми лексикамызды байытып, қазақ тілінің әлеуетін де арттыруда.

Өзіңіздің бастамаңызбен қолға алынған Цифрлы Қазақстан жобасына сәйкес және әлемдегі онлайн оқу курстарының қарқынды дамып келе жатқандығын ескере отырып, ауда­рылған оқулықтар негізінде мульти­медиялық лекциялар топтамасы да дайындалуда.

Аталған онлайн курстар виртуалды негізде жұмыс істейтін Қазақстанның ашық университеті арқылы еркін таратылып, әсіресе аймақтарда оқитын студенттерге ең үздік ұстаздардан, ең озық оқулықтар негізінде білім алуға жағдай жасамақ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *