АЗИЯДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК: ОНЫҢ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУ ҮШІН ЖҮЙЕЛІ ӘРІ КЕШЕНДІ ӘДІСТЕР ҚАЖЕТ

Қазақстан Президенті Тәжікстанның Душанбе қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің V саммитіне қатысты

Қазақстан Республикасы Президен­тінің ресми сайты хабарлағандай, Мемлекет басшысы өз баяндамасында Тәжікстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығы Кеңесті Азия аймағындағы өте маңызды мәселелерді шешу ісіне белсенді жұмыл­дыруға септігін тигізетініне маңыз берген.

Қазақстан Президенті 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес өткізу жөніндегі ұсынған идеясы Азия құрлығының тарихында жаңа кезеңге жол ашқанын айтты. Оның тұжырымдағанындай, «Бүгінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес – Азия өңіріндегі 35 мемлекетті және жер шарындағы халықтың жартысына жуығын біріктіріп отырған тиімді көпқырлы құрылым».

Қазақстан Президенті қақтығыстардың өрши түскенін, қауіпсіздік механизмдерінің эрозиясын, сауда және санкциялық соғыс­тарды, сондай-ақ, халықаралық терроризм­нің белең алғанын атап өтіп, өңірдегі қауіпсіздікке төнген қатердің, идеология­лық, этникалық және дінаралық қайшы­лық­тардың өршіп келе жатқанына алаң­дайтынын айтты. Осыған орай, ол Азия­дағы қауіпсіздіктің түйткілді мәселелерін шешу үшін жүйелі әрі кешенді әдістердің қажет екеніне тоқталып, аталған пробле­маға байланысты Қазақстанның ұстаны­мын жеткізді.

– Барша достарымыз бен серіктесте­рімізді Форумның тиімділігі мен халық­аралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін күш-жігер жұмылдыруға шақырамыз. Толыққанды өңірлік ұйым болу үшін бізге кеңесті рет-ретімен, біртіндеп трансфор­мациялау қажет. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті институционалды түрде қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған, құқықтық базасы әзірленген, оның тұрақты құры­лымдары жұмыс істеп жатыр, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың инклюзивті дамудың жаһандық архитектурасын қалыптастыру жөніндегі «Үш диалог» туралы бастамасының өзектілігін атап өткен. Мемлекет басшысы бұл идеяның құрамдас бөлігі Еуразия ауқымындағы өзара іс-қимылдардың жоспарын жасау үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымының, содан кейін Азия мен Еуропадағы басқа да өңірлік әрі көпжақты институттардың әлеуеттерінің синергиясын қамтамасыз ету болып саналатынын айтты.

– Даулы проблемалар мен қарама-қайшылықтарды басталған сәтінде шешу үшін конструктивті келіссөздерді қамта­масыз ету – күн тәртібіндегі басты мәселе­лердің бірі. Сондықтан жақын арада Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында халықаралық медиацияны жүзеге асыратын толыққанды ұжымдық қауіпсіздік жүйесі құрылуы әбден мүмкін, – деді Қазақстан Президенті. Ол халықаралық лаңкестікке қарсы іс-қимылдар үшін бірлескен жүйелі әдістер әзірлеу қажеттігіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, БҰҰ Бас Ассамблеясының 73 сессия­сында қабылданған және 82 мем­лекет қолдаған лаңкестіктен ада, бейбіт­шіліктің жетістігі жөніндегі мінез-құлық Кодексі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес кеңісті­гіндегі лаңкестіктен туатын қауіптің алдын алатын ұсыныстар әзірлеуге негіз бола алады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Кеңестің барлық маңызды бағыттары бойынша қатысушы елдердің нақты іс-қимылдарын кеңейтудің өзектілігін атап өтіп, жобалар мен Форумның басқа да жұмыстарын қаржыландыратын арнайы қор құруды ұсынды.

Қазақстан Президентінің пікірінше, Қор Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Іскерлік кеңесінің жұмысын қосымша ынталанды­руға және Кеңеске қатысушы барлық мемлекеттің экономикалық игіліктеріне тың серпін береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев іс-қимыл­дар­дың тағы бір өзекті саласы ретінде Кеңестің бар­лық өлшемдегі жұмыстарын сапалы сарап­шылық сүйемелдеуді жолға қоюды атады.

– Тұрақты жұмыс істейтін диалогты платформаны қайта құру арқылы Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің талдау орталықтарының әлеуетін арттырған жөн. Кеңестің жұмыс органдарына арналған ұсыныстарды жан­дандыруға мүмкіндік беретін Ғұламалар кеңесін құру мәселесін уақтылы әрі жан-жақты зерттеу керек деп есептейміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жоғарыда ұсы­нылған бастамалардың жүзеге асырылуы Кеңеске мүше-мемлекеттердің ынтымақ­тас­тығын сапалы жаңа деңгейге көтеретінін және Қазақстанның қатысушы барлық мемлекеттің мүдделері үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы толыққанды іс-қимылдарға дайын екенін атап өтті.

АӨСШК қатысушы мемлекеттер бас­шыларының V саммиті аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.

Кездесу соңында тараптар бір-бірін өз елдеріне мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы мемлекеттер басшыларының Бесінші отырысының қорытындысы бойынша тиісті декларация қабылданды.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close