Қаныш пен Патшайым

Әлемге әйгілі ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері Патшайым Тәжібаеваның 28-29 қарашада Алматыда халыаралық деңгейде өтетін 100 жылдық мерейтойына орай

Сәбит ДОСАНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Жер бетіндегі ғұлама данышпандар аспандағы жұлдыздарға ұқсайды. Жерде де, суда да, жұлдыздарға қарап жол табуға болады. Жұлдыздар көбінесе адасуы мүмкін.

Мың хадис.

Соғыстан соң Алматыда салынған құрылыстардың ішінен екі еңселі ғимарат ерекше көз тартады. Оның бірі – Абай атындағы опера және балет театры, екіншісі – Қазақстан Ғылым академиясының ғимараты. Жапондық соғыс тұтқындары салған бұл ғимараттар абат қаланың ажарын аша түсіп еді. Ғасыр басында Сорбонна университетін бітіргеннен кейінгі бар өмірі Мәскеуде өтіп жатқан Айжан Алматыда көптен бері болған жоқ-ты. Соғыстан соңғы жылдары жаңа құрылыстармен толығып, жасарып, жайнай түскен сұлу қалаға сүйсіне қарап келе жатқан оның ойына жастық шағы өткен Париж бен өзі тұрып жатқан Мәскеу оралды. Париж Айжанға Нұрдәулетпен бірге өткізген аз күнімен аса қымбат. Нұрдәулет Парижбен алғаш танысқанда:

Көргенде Францияның паң қаласын,

Көркіңе көзің тоймай таңқаласың.

Эйфельдің мұнарасы ғажайып қой,

Луврдан ұлылықты аңғарасың, –

деп жырлай жөнелгені бар. Сол жолы Нұрдәулет Айжанның көз алдында бұрынғысынан да биіктеп, бұрынғысынан да тереңдеп кетіп еді. Екеуі Париждегі «Бристоль» қонақүйінде өткізген балшырын түн әлі есінде. Бірін-бірі ет жүректері елжірей аймаласып, от құшақтар қызуынан тән мен жан бірдей қорғасындай балқығанда қалай еріп кетпей, аман қалғанына таң. Айжанның өміріндегі ең қысқа түн еді ол…

«Мәскеу қуатты он бес республиканың басын біріктірген алып державаның, Париж бүкіл Еуропаның астанасы ғой, – деп ойлады Айжан. – Алматыны олармен жарыстыру әділетсіздік болар, ал салыстырсақ гүлден алқа тағынған бұл қаланың өзіндік ерекшеліктері аз емес. Ең басты ерекшелігі – ағаштың алуан түрі өсіп тұрған, көгалдандыру қарқыны жоғары жасыл қала. Міне, мынау жер талғамайтын, көп күтімді керек етпейтін шынар, қарағаш, үйеңкі, терек. Анау, шие, өрік, жүзім, грек жаңғағы, шабдалы, бадам, тұт ағаштары. Анау тау беткейіндегі жасыл шырша, тал-өсімдіктер, мынау сәнді қылқанды ағаштар Алматыны нағыз жасыл қала осы дегізгендей.  Көше сайын сыңғырлай аққан арық сулары, ақ қайыңдар мен қарағайлардың бұтақтарына бір қонып, бір ұшқан құстары, жұпар иісі бұрқыраған парктері мен аллеялары, алыстан мұнартқан, жақын келсең құмартқан асқақ Алатауы жаның жадыратқан, таудан соққан таза ауасы көкірегіңе таң самалындай құйылған, жасыл желек жамылған, гүлден алқа тағынған мұндай қала қайда бар?..».

Айжан Ғылым академиясына жете бергенде, қатты жүрген ұзын сирақ жас жігіт қуып жетті.

– Саламатсыз ба, АйжанАйтжановна, – деді ол қатарласа беріп.

– Саламатсыз ба? – деді Айжаноның ұсынған қолын қысып жатып. – Кешір айналайын, сізді танымай қалдым.

– Сіздің бізді тануыңыз міндет емес. Ал біз сізді жақсы білеміз, тіпті, жақсы көреміз десем де асырып айтқандық емес.

– Тағы да ғафу өтінемін. Сізді есіме түсіре алмай тұрмын, бұрын жүздесіп пе едік?

– Айжан Айтжановна, сіз мені бірінші рет көріп тұрсыз. Ал мен сізді сырттай жақсы білемін. Тіпті, көптен бері білемін десем де болады.

– Қалайша?

– Жақсының өзінен бұрын аты жетеді. Бізге сіздің өзіңізден бұрын атақ-даңқыңыз жеткен. Сіздің Мәскеуде басылып шыққан «Восток и Запад» атты монографияңыз біздің Қазақстан ғалымдарының настольный кітабы. Сіз бұл аса бағалы еңбегіңізде қатып қалған қасаң қағидаларды бұзып, аса батыл ғылыми жаңа тұжырымдар жасадыңыз. Бұл бір менің ғана пікірім емес, сіздің талантыңызға табынатын ғылыми ортаның ортақ ойы.

– Солай ма?

– Иә, тап солай. Өзгесін айтып неғылайын, біздің академияның президенті, ғұлама Қаныш Сәтбаевтың өзі биік мінбеден айтылған бір сөзінде: «Шығыстану ғылымын жаңа ой-пікірмен дамытып, әлемдік деңгейге көтерген айтулы ғалым Айжан Айтжанованы қазақ халқы орынды мақтаныш етеді» дегенде зал толы зиялы қауым сатырлата қол соқты.

– Апыр-ай, ә… Қаныш Имантаевич шынымен солай деді ме?

– Иә, тап солай деді. Оны мен өз құлағыммен естідім.

– Атың кім, айналайын?

– Атым – Манап, фамилиям – Қасымбаев. Аспирантпын.

– Жолың ашылсын, қалқам.

– Рахмет, Айжан Айтжановна. Сізбен таныстым деп мақтанып жүретін болдым.

Бұлар әңгімелесе жүріп, Ғылым академиясының ғимаратына келіп кіргенде күн ұясынан найза бойы көтерілген еді. Екінші қабаттағы үлкен мәжіліс залы лық толы. Айжан отыратын орын іздеп тұрып қалды. Бос орын жоқ екен. Арт жақта отырған бір жас жігіт ұшып тұрып Айжанға орын берді. Мұны байқап қалған жиын басқарушы:

– Айжан Айтжановна, мұнда келіңіз, – деп президиумға шақырды. Айжан «рахмет» деді де, босаған орынға отырды. Сол сәт мінбеде тұрған шешен сөзін аяқтаған еді. Соны пайдаланып орнынан тұрған жиын басқарушы зал толы халыққа қыдырта көз тастап, былай деді:

– Айжан Айтжановна, сіз Мәскеуден келген мейманғана емес, есіміңіз бен еңбегіңіз әлемге әйгілі ғалымсыз. Президиумның бірінші қатарында бос тұрған мына орын сіздің орныңыз. Сіздің өз орныңызға келіп отыруыңызды сұраймыз.

Айжан президиумға келіп отырғаннан кейін кезекті шешенге сөз берілді. Екпіні тау жыққандай болып екілене сөйлеген ол тарихшы Ермұхамбет Бекназаровты жерден алып, жерге салды. «Кенесары ханды мадақтаған тарихшыны ұлтшыл демегенде кім дейміз?!  «Казахстан в 20-40 годы ХІХ века» деген зиянды еңбегін өртеп, өзін соттау керек!» деп бітірді ол сөзін.

Тарих ғылымының докторы Ермұхамбет Бекназаровтың еңбектерін талқылауға арналған жиын осыдан бес күн бұрын басталып еді. Бүгін қыза түскен жиын күн ертеңге ауа шарықтау шегіне жетті. Пікір екіге жарылды. Қолдаушылардан қаралаушылар әлдеқайда көп екен. Айжан соған қапа болды. Жиын соңына қарай сөз алған ол Бекназаровтың еңбегін нақты дәлелдер келтіре отырып, жоғары бағалады.

Жиынның соңында Бекназаровтың өзіне сөз тиді. Ол залдың арт жағында отыр еді. Асыға басып, мінбеге шапшаң көтерілді. Қоңыр үнмен сөйлеп кетті. Айжан енді байқады, кешеден бергі әңгіменің бас кейіпкері отыздың жуан ортасындағы орта бойлы, толықтау келген аққұба жігіт екен. Қысқа қидырған қап-қара шашы мен қоп-қою қасы, жап-жазық кең маңдайы мен от шашқан жанарына жарасып-ақ тұр. Ол кейбір шешендер құсап біреулердің жеке басына тиіскен жоқ. Өзіне тағылған айыптаулардың барлық тармақтарына дәйекті дәлел, нақты фактілермен жауап берді. Тек Домбал Шомбалов есімді түрі қазанның күйесіндей қап-қара, ұзын тұра біреу орнында отырып, айғайлап сөзін бөлгенде аққұба жүзі күреңітіп, ашулы арыстандай жалы күдірейіп шыға келді.

– Мен ғылымға сен сияқты әркімнің артын жалап, тесіктен кіргем жоқ, өз еңбегіммен есіктен ендім. Менің аргументтеріме қарсы айтар дәлелің болса, мінбеге шығып сөйле. Әйтпесе, есекше бақырмай жайыңа отыр, – деді де, көпшіліктен кешірім сұрап, сөзін жалғастырды.

– Әңгіме Кенесарының жеке басында емес, тарихи жағдайлар мен тарихи шындықта. Кеше бұлай, бүгін басқаша сөйлеу шындыққа қиянат. Тарихшының міндеті тарихи шындықты уақыттың ыңғайына қарай бұрмаламау. Менің табынатын тәңірім – шындық! Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігін ешкімнің ажарына қарамайтын уақыттың өзі айтар! – деп сөзін аяқтады ол.

Ғылым академиясының мәжіліс залында бес күнге созылған айтыс Бекназаровтың еңбегіне нүкте қоя алмады. Зиялыларынан зияндылары көп ғылыми қауым бір шешімге келе алмай, алақұйын оймен ала өкпе болып тарасты.

Жиын соңында президиумда отырған ақбас академик Айжанның жанына келіп, қолын қысты:

– Айжан Айтжановна, керемет шешен екенсіз. Өте жақсы сөйледіңіз. Ал енді бар ғой… Ол сәл бөгеліп барып сөзінжалғады. – Ақылым тасығандықтан емес, жанымашығандықтан бір ақыл айтқым келіп тұр, айып етпесеңіз.

– Ақыл айтқан айып емес, айтыңыз, – деді Айжан.

– Айтсам, абайлаңыз. Батылдық дегенің кейде басқа пәле болып жабысатыны бар.

– Рахмет, – деді Айжан жұмсақ жымиып. – Ақылыңыз орынсыз дей алмаймын. Өтірік айтуды үйрене алмай-ақ қойдым. Қайтейін, құдайдың берген мінезі ғой. Адам өз бойынан биік секіре ала ма?

Ақбас академик қоштасып кете бергенде Айжанның жанына имене басып Бекназаров келді.

– Айжан Айтжанова, – деді ол толқи сөйлеп, – мені қолдағаныңыз үшін көп-көп рахмет!

– Шындықты айту парызымыз ғой, – деді Айжан. – Сіз нағыз ғалымсыз. Тек мақтаса тасып, даттаса жаси көрмеңіз.

– Рахмет, Айжан Айтжанова! Жақсы сөзіңіз әрдайым жадымда жүрер.

– Сау болыңыз.

Бекназаровпен жылы қоштасқан ол қонақүйге ауыр ойлармен оралды.

Айжан сол күні биік мінбеден айтылған батыл сөзімен басын бәйгеге тігіп еді…

Қазақтың  Ұлы Даласын үш ай бойы тынымсыз шарлап, таумен, таспен сырласқан Патшайым Алматыға шаршап-шалдығып жеткенде, қарсы алдынан «Ермұхамбет Бекназаров ұсталып кетті» деген қаралы хабар шыға келді. Патшайым қаланың шет жағындағы Бекназаровтың үйіне келгенде Ақзер ас үйде үй шаруасымен айналысып жүр еді. Ол өзінен біраз жас кіші Патшайыммен құрбысындай сырласатын. Сол әдетімен ол Патшайымға бар мұңын шағып, іштегі шерін біраз тарқатып алды.

– Өзің білесің, – деп бастады Ақзер сөзін – ана жылы өзің қатысқан Ғылым академиясындағы бес күнге созылған талқылаудан кейін басымызға қара бұлт үйірілді. Ермұхамбетті жұмыстан босатты, партиядан шығарды. Жан сауғалап Жамбыл облысының Шу ауданына бардық. Ағаң Новотроицк селосындағы мектепке мұғалім болып орналасты. Осы жер Ермұханды тұтқындады. Екі-үш ай тергегеннен кейін алты жүз тоқсан тоғызыншы іс бойынша айыптау қорытындысы шықты. Онда  «Совет өкіметінде қас пиғылды болып, ұлтшылдық идеяларды насихаттағаны, кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізгені үшін» деген желеумен оны РСФСР қылмыстық істер кодексінің 58-ші статьясының, 10-бөлімінің екінші тармағымен айыптады. Сөйтіп, Ерағаң жиырма бес жылға сотталып кете барды.

– Қазір қайда? – деп сұрады Патшайым.

– ГУЛАГ-тың облыстағы лагерлерінің бірінде, – деп жауап берді жанарына жас іркілген Ақзер.

– Болған іске болаттай болайық. Жыламаңыз. Жоғарыға шағым түсіреміз. Ізденеміз, – деп Ақзерге жігер бере сөйледі өзінің де жүрегі қан жылап тұрған Патшайым. – Бұл іске мені де жегіңіз. Қолдан келген көмегімді аямаймын.

Сол сәт Ақзер қарсы алдында сырықтай бойы сымдай тартылып, ақшыл жүзі алаулап отырған жас ғалымның жарқ ете қалған жанарына сүйсіне қарады.

– Іздену үшін Алматыға қайтіп оралмадым ба? Осыдан Ермұхамбеттің көзін көрген ер-азаматтар бар ғой деп үміт етіп келсем, солардың көбі теріс айналып кетті. Домбал Шомбалов сияқтылар «Сен халық жауының әйеліссің» деп көрінген жерде көзге шұқиды, – деп мұңайды Ақзер.

– Мен Қаныш Имантаевичке барамын. Көмек сұраймыз.

– Оған барма.

– Неге?

– Қанекеңнің өзін кінәлап жатыр.

– Не деп?

– Ағаш белсенділердің әрекеті белгілі емес пе? Көре алмаған көп дұшпан Сәтпаевтың үстінен жоғарыға арыз жазыпты.

– Не деп?

– Бекназаровты тәртіпке шақырмады, қолдады деп.

– Түн артынан күн шықпаушы ма еді, – деп ойлана сөйледі Патшайым. – Іштей мүжіле бермей Ерекеңнің артында қалған балаларының қамын ойлайық. Мен жақында Мәскеуге командировкаға бармақпын. Сонда Айжан Айтжановамен кездесіп көмек сұрайын. Ол кісінің беделі үлкен ғой. Бір жәрдемі тию мүмкін.

– Бұл табылған ақыл, – деп қуанып кетті Ақзер. – Басым қатып жүріп мұны ойламаппын ғой.

Осы әңгімеден соң арада төрт күн өткенде Патшайым Мәскеуге аттанып кетті.

Сталин қайтыс болып, Берия орнынан түскен жылдың күзі еді. Мәскеуден шығатын «Геология» журналының тапсырысымен мақала жазып отырған Патшайымның ойын қайта-қайта шырылдаған телефон даусы бөлді. Сымның ар жағынан:

– Сүйінші, Патшайым, сүйінші! – деп асыға сөйлеген Ақзердің қуанышты даусы  естілді.

– Аузыңа май, астыңа тай, – деді әлдебір жақсылықты тезірек естігісі келген Патшайым асыға сөйлеп.

– Ермұхаметтен телеграмма келді.

– Иә, не депті? – деп елең ете қалды жүрегі алып ұшқан Патшайым.

– Ақталып шықтым. Мәскеудемін. Тезірек жолға жететін ақша сал депті.

– Ой, айналайын алтын жеңгем-ай, – деп қуанып кетті Патшайым. – Жақсы хабарың үшін жан пида. Сүйіншің мойнымда. Қазір келемін.

Осыны айтып, телефон трубкасын ұясына қойған Патшайым үйден асығыс шыға жөнелді.

Көлік күткен Патшайым көк жүзіне көз салды. Көк күмбездей төңкерілген көгілдір аспан ашық екен. Жас ғалымның қуанышын қуаттағандай  жарықтық күн де бүгін жап-жарық болып жарқырап, айналаға жып-жылы шуақ шашып тұр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *