Базар маңындағы былық қашан реттеледі?

Базар маңындағы былық қашан реттеледі?
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Өткенде ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын орда» базарына тәртіп орнатуды тапсырған болатын. Алматы қаласы мен облысының әкімдеріне "пайдакүнемдер үшін майшелпекке айналған базарды екі ай ішінде ретке келтіріңдер" деді.

Бүкіл заңсыз мигранттар жиналған бұл базарды қалаға қоспай, тәртіп орнамайды. Бұл жерде тауар емес, адам да сатылады. «Құл базар» атанған сауда орнын сонау Талдықорғандағы ІІД Көші-қон полиция басқармасы реттей алмайды. Олар айында-жылында бір рет рейд өткізгенімен, заңсыз мигранттар тарқап кетпейді. Сондықтан бұл базарды Алматы қаласына қосып, тәртіп орнатуды Алматы қалалық полиция департаментіне тапсыру қажет-ақ болып тұр.

Қылмыс саны азаймай тұр...

Жалпы, еліміздегі базарларға қайтысты айтылар сын аз емес. Қазір республикамыздағы базарлардың денін көшіріп, оның орнына заманауи сауда кешендерін салу біртіндеп қолға алынуда. Алайда бұрыннан келе жатқан орталық базарларды көшіру оңай шаруа болмай тұр. Мұны қарапайым жұртшылық қолдағанмен, базар басшылары мен онда сауда жасайтын кәсіпкерлер бұған үзілді-кесілді қарсылық танытуда. Бірақ көшірмеске лаж, жаңасын салмасқа амал қалмағандай. Өйткені, базар іші былыққа толы. Ең болмағанда қарапайым санитарлық талаптар мен өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Базарға жұмыс іздеп келетін заңсыз мигранттар мен онда орын алатын түрлі қылмыстар толастар емес. Сондықтан біз бүгін базардың іші жайлы емес, оның сыртындағы, дәлірек айтқанда, базар маңындағы жалға берілетін үйлер төңірегінде сөз етпекпіз. Осы ретте біз әйгілі «Алтын орда» базарының маңындағы жалға берілетін үйлердің әлеуметтік және санитарлық жағына назар аударып, арнайы зерттеу жүргізген едік.

Санитарлық нормаға еш сай емес

«Алтын орда» базарының артында Мерей, Квартал 4 деген үлкен көшелер бар. Оның бойындағы үйлердің барлығы дерлік пәтерлерін жалға береді. Екі қабатты етіп жағалай салынған үйлердің әрбірінде жалға берілетін 20-25 пәтерден бар. Онда ұйғырың да, қырғызың да, дүнгенің де, өзбегің де, «пропискасы» бары да, жоғы да бар – бәрі-бәрі тұрып жатыр. Тәуліктік жалға берілетін пәтерлердің күндік ақысы 1,5-2 мың теңгенің айналасында. Бір пәтерде шамамен төрт-бес адамнан жатады. Енді бір үйде 20-25 пәтер бар деп есептейтін болсақ, онда ол көшенің бойындағы бір үйде кемінде 100-ге тарта адам тұрады деген сөз. Ал сол 100 адамға бір-ақ дәретхана. Жуынатын бөлме, жылы су деген атымен жоқ. Оның үстіне дәретханаға тек сонда пәтер жалдап тұратындар ғана емес, базарда сауда істейтіндер де, 50 теңгесін төлеп, кіріп-шығып жатыр. Кейбіреулер үйлерінің жанындағы «времянкаларын» жалға беріп қойған, онда дүнгендер, ұйғырлар асхана ашып, гуйру, суйру секілді лағмандардың неше түрін, палау, сорпа, кәуап, одан бөлек, самса, бөлішке, гриль, ход-дог, гамбургер, бәліш секілді тез дайындалатын тағамдарды сатып отыр. Сатушылардың жеке гигиенасы мүлде сақталмайды. Еден жуып жүргендердің қолын жумастан ыдыс жуып, тамақ салып, тамақ тасып жүргендерін көз көрді.

Мемлекет ішінен мемлекет құрып алған тәрізді

Бір қызығы, бұл үйлерді әр ауданнан келген сатушылар тұрғылықты тұратын жері етіп меншіктеп алған. Мәселен, Квартал 4 көшесіндегі №172 үйде тек Ақтөбе, Оралдан келгендер ғана жатса, ал №191 үйде Атырау, Ақтау, Жаңаөзеннен келгендер қоныс тепкен. Зайсандықтардың да, шымкенттіктердің де өздерінің белгіленген үйлері бар. Бірақ ол үйлердің бірінде санитарлық норма сақталмаған. Тіпті кейбір үйлерде тыйым салынған ойын автоматтары, компьютерлік клубтар бар. Оның ішінде жастар лық толы. Жеке куәлігіңіздің бар-жоғына бірлі-жарымы болмаса, сұрап жатқандар жоқтың қасы. Тек ақысын төлесеңіз болғаны, кім екеніңіз ешкімді қызықтырмайды. Бір күн түнеп шығасыз. Саудагерлер үйлердің қора-қопсыларын да тауар сақтайтын қойма ретінде жалға алған. Осының бәрін өз көзімізбен көру үшін біз аталмыш көшедегі №191 үйге қондық. Онда бір күндік ақы жайлылығына қарай, 1 мың мен 1,5 мың теңгенің аралығында екен. Аядай ғана бөлмеде үш адам жаттық. Қасымдағы жігіттердің бірі арбакеш болса, екіншісі, бір аяғы жоқ қайыршы кісі болды. Ал көрші бөлмеде шағын арбаға тиеп, «термоспен» шәй, бәліш, шемішке, сағыз, құрт, темекі сататын апа саудагер қыздармен қоныстанды.

Рәзия, саудагер апа:

– Қайда болса да бейшараға күн жоқ. Тиісті органдардың қызметкерлері әлі жететіндерге, яғни қолына екі-үш нанын ұстап, шағын арбасымен майда-шүйде сататындарға тиісетіні қиын-ақ. Әйтпесе, үлкен дөкейлер қаншама заңсыз әрекеттерге барып жатыр, бірақ соларға тиісіп жатқанын еш көрген емеспін. Тек біз секілділерге әлімжеттік жасап, күш көрсетеді. Өткенде «бұл жерде сауда жасауға болмайды, заңсыз» деп қуды. Ал қасымда жаймаларын жол бойына дейін шығарып, сауда жасап отырғандарға ештеңе демеді. Сонда жол бойына дейін шығып сауда жасап отырғандардың әрекеті заңды да, ал менің екі-үш келі шемішкені арбамен жүріп сатқаным заңсыз ба? Тәртіп сақшыларының бұл әрекетін қалай түсінуге болады? Олардың мақсаты – қолымыздағы пістенің бір-екі «пачкасын» тегін  алып кету және басшылыққа есеп бергенде қағаз жүзінде біздің аты-жөнімізді қосып қою. Бұдан кейін олар туралы не айтуға болады?

Мұрат, арбакеш:

– Отбасым – ауылда, мен – қаладамын. Ауылға 4-5 айда бір барып тұрамын. Мұнда арба сүйрегенің үшін осындағы жігіттерге тапқан табысыңның 30 пайызын беріп тұрасың. Әйтпесе, жұмыс істетпейді. Жұмыс ауыр. Күн жылы кезде далада арбаның үстіне қона салушы едік, қазір күн суық. Денсаулықты да байқау керек.  Мұнда жертөледе, сыз үйде кішкене балаларымен тұрып жатқандар бар. Балалары күрк-күрк жөтеледі. Ауылдан келген көп қазақтың тіршілік көзі – дәл осы базар. «Алтын орданы» бір шарлап шығыңызшы, арнайы сауда нүктелерінде отырғандардың басым бөлігі өзге ұлт өкілдері екенін көресіз. Ал арба сүйрейтіндер, ұсақ-түйек сататындар, жабайы сауда нүктелерінде шаң-тозаңның ішінде жүргендердің дені – қазақтар. Ауылда жұмыс болса, қаңғып, арба сүйреп неміз бар. Осы жұмыстың өзіне талас. Өйткені мұнда өзбек, қырғыздар қаптап жүр.

Ауру да өршіп барады...

Арбакеш жігіттің сөзінің жаны бар. «Алтын ордада» Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан келіп заңсыз жұмыс істейтіндердің қарасы көп. Еш жерде тіркелмей, құжатсыз жүрген келімсектер Алматыда қылмыстың артуына, неше түрлі аурулардың таралуына себепкер болуда. Олардың полиция көзіне қалай түспейтіні белгісіз.

Оның үстіне саудагерлердің денсаулығын да тексеріп жатқан ешкім жоқ.  Олардың арасында неше түрлі жұқпалы ауырумен ауыратындардың қарасы көп. Сондықтан бұл жайма базарда Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының ықпалымен Жылжымалы медициналық-профилактикалық тексеру шараларын ұйымдастыру керек. Қанша адам ковидпен, қанша адам түберкулезбен, сифилиспен, ракпен ауыратынын анықтаған жөн. Мигранттар мәселесі де өзекті. Ондағы заңсыз келімсектер неше түрлі инфекциялық ауруларды таратуы мүмкін. Өйткені, базардағылар өздігінен келіп тексерілмейді. Бұл қауіпті емей немене? Сондықтан саудагерлердің емделулері үшін олардың арасында түсіндірме, ынталандыру жұмыстарын жүргізген жөн. 

Ақсай өзені араша сұрайды

Қазіргі кезде Ақсай өзенінің «Алтын орда» базары қасынан ағатын жері тіптен ластанып кетті. Базардың артында жиналған қоқыстың бәрі осы өзеннің арығына төгілгенін талай көз көрді. Таудан тап-таза күйінде ағатын өзеннің арналары базардың артына келгенде тарылып, аянышты күйге түскенін көресің. Тіпті өзен жағалауы бомждар арақ ішіп жататын, дәрет сындыратын дәретханаға айналды.

Осындай өзендердің жағалауына Алматы қаласының әкімдігі брусчаткалар төсеп, талдар егіп, адамдар демалатындай, қыдыратындай етіп жасап қойған. Ал Алматы облысына қарайтын «Алтын орда» базарының артындағы Ақсай өзенінің сиқы адам шошырлық дәрежеде. Сонда Алматы облысында Экология, Жасылдандыру басқармалары жоқ па? Облыс, аудан әкімдері не қарап отыр? «Алтын орда» базарын қалаға қосу керектігінің бірден-бір дәлелі – осы. Бұл базарды сонау Талдықорғаннан ешкім қадағалай алмайды. Себебі, бұл базар Алматы қаласына жақын орналасқан.

Өрт қауіпсіздігі сақталмаған

Базар артындағы көшелердің барлығы күн бата салысымен тас қараңғы болады. Түнде жүру өте қорқынышты. Алматыдағы бұл ең ірі базардан қанша пайда түсіп отырғаннан кейін, ең болмаса халық көп шоғырланған көшелерге жарық орнатып қоюға болады ғой. Әттең...

Ең сорақысы, базарда өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Егер бір өрт бола қалса, оған төтенше жағдайдың көліктері кіре алмайды. Бір сөзбен айтқанда, өрт бола қалған жағдайда, басындағы баспанасын банкке кепілдікке қойып, күнкөрістің қамы үшін қыруар қаржыға тауар әкелетін саудагерлердің дүниесін өрттен аман алып қалу қиын. Сондықтан қандай жағдай болмасын, санитарлық, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін базарларды жөнге келтіріп, базардағы халықтың денсаулығына, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау қажет-ақ болып тұр.

Түйін:

Бір өкініштісі, Алматы қаласы мен облысының бұл жердегі шекарасы дұрыс бөлінбеген. Мысалы, «Алтын орда» базарына қарама-қарсы орналасқан «Барлық» базары Алматы қаласының Наурызбай ауданына қарайды да, ал дәл соның алдындағы «Алтын орда» облысқа қарасты болып тұр. Екі базар бір жер тұрғанымен, бірақ екі өңірге қарайды.

Қалай десек те, құзырлы органдар базар маңындағы жалға берілетін үйлерде кімдер тұрып жатқандарын тексеріп отыруы тиіс. Әйтпесе, мұнда да лаңкестік әрекеттердің белең алуы бек мүмкін. Алматыдағы Ақкентте, Бағанашыл мен Таусамалында болған атыс-жарылыстар сол пәтер жалдап тұрғандардың салдарынан орын алғандығын әсте ұмытуға болмайды.