Алматыда 2020 жылдың алғашқы 20 күнінде қылмыс деңгейі 38%-ға төмендеді

Құқықбұзушылықты бейнебақылаудың автоматты жүйесі алғашқы оң нәтижені беруде. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Инстаграмдағы ресми парақшасында жазды.

Қалада жаңа жылдан бастап аппаратты-бағдарламалы «Сергек» кешенінің 400 бекеті жұмыс жасай бастады. Алғашқы 22 күн ішінде олар 4,5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесінің бұзылғанын тіркеді. Нәтижесінде  ЖКО 11,6%-ға төмендеген.

Жалпы, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қылмыс 38%-ға қысқарған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар одан әрі жалғасады, оның ішінде жолдар мен қалалықтар көп жиналатын жерлерде бейнебақылау мониторингінің жүйесі кеңінен қолданылатын болады.

«Ағымдағы жылы «Сергектің» қосымша 360-тан астам бекетін орнатуды жоспарлаудамыз. Әр жыл сайын қоғамдық тәртіптің бұзылуын қадағалайтын автоматты бейнебақылау жүйе­сінің үлесі артатын болады», — деп хабарлады Б.Сағын­таев.

Еске салсақ, Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының әкімі болған алғашқы күндерден бастап қоғамдық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге ерекше назар аударуда. 2019 жылдың 5 шіл­десінде шаһар басшысы осы мәселе бойынша қаланың полиция депар­таментінің басшы­лығымен және жұртшылықпен кеңес өткізген еді. Полицияға учаскелік инспекторлар мен патруль­дердің жұмыстарын қайта қарау, патрульдеу бағыттарын аулалардан бастау жөнінде тапсырмалар берілген болатын. Сонымен қатар, қылмыстың алдын алудың пәрменді тетігі бейнебақылаудың автоматты жүйелері болып табылады.

Өткен жылдың күзінде барлық аудандарда барынша криминогенді учаскелер анықталып, полицияның 23 мобильді бекеттері  орнатылды. Оларға 2424 адам жүгінді, нәтижесінде 300 әкімшілік іс қозғалды, 956 өтініш бойынша жедел шаралар қабылданды. Өтініш жасаған 1167 адамға заңнамалық көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, барлық аудандарда 32 күрделі учаске анықталды, бұларда жаяу наряд жасайтындар саны ұлғайды. Полицияның аудандық басқармаларына 22600-ден астам адам жеткізілді.

Ағымдағы жылы қаланың барлық көшелері мен аулаларын жарықтандыру жұмыстары жалғасатын болады. Бұл қала­лықтардың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді.

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *