АДАМДАРДЫҢ МҮМКІНДІГІН ШЕКТЕЙТІН МҮГЕДЕКТІГІ ЕМЕС, ҚОРШАҒАН ОРТАНЫҢ ЫҢҒАЙСЫЗДЫҒЫ МЕН ҚОҒАМНЫҢ ОЛАРҒА ДЕГЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

Әли АМАНБАЕВ,  қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы:

АДАМДАРДЫҢ МҮМКІНДІГІН ШЕКТЕЙТІН МҮГЕДЕКТІГІ ЕМЕС, ҚОРШАҒАН ОРТАНЫҢ ЫҢҒАЙСЫЗДЫҒЫ МЕН ҚОҒАМНЫҢ ОЛАРҒА ДЕГЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

Мүгедектерге  қолайлы жағдай жасап, кедергісіз орта қалыптастыру мәселесінің күн тәртібінен тыс қалған күні жоқ. Тіпті,  бұл мәселе жөнінде  арнайы үйлестіру кеңесі құрылған. Қала басшысының мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі тағы бар. Дейтұрғанмен, мүгедектерге қатысты мәселелер  толық шешімін тапты ма?   Қала тұрғындары үшін   жайлы да қауіпсіз әрі ақылды  қала болуды мақсат еткен қаламызда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалып, бөгетсіз орта қалыптас­тырылған ба? Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен  кезекті баспасөз мәслихатында осы мәселелер жан-жақты талқыланды. 

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Арбаға таңылып, таяққа сүйенген, жүрер жолын жанарының жары­ғымен емес, таяғының тықы­лымен танып жүрген  мүм­кіндігі шектеулі жандардың жаны­нан  табылып, солар­дың мұң-мүддесін  тиісті жерлерге жанайқайымен жеткізіп жүрген Әли Аманбаев  журналистерге 2012–2018 жылдарға арналған  елімізде қабыл­данған мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар  жос­парына сәйкес атқарылған жұмыстар жөнінде баяндай  келіп, әлі де болса елеусіз қалып  келе жатқан  кейбір  мәселелер төңірегіндегі ойын ортаға салды. Әли  Әбілдаұлы  қазір мүгедек  жандарға деген қоғамның да, адамның да көзқарасы өзгергендігін, олар үшін Алматы қаласында барынша жағдай жасалып жатқанмен, мүгедек  жандар­дың тағдырына   немқұрайлы қарай­тындардың бар екендігін  жасырмады.  Соның бірі – мүгедектерге кедергісіз орта қалыптастыру жөніндегі шара­ларды стратегиялық жоспарларға енгізу және  кез-келген салада мүгедек  адамдардың  өмірлік маңызы бар кез-келген саланың қызметін пайдалануға деген қолжетімділігін  қамтамасыз ету мәселелерін оң шешу үшін   қолданыс­тағы кейбір заңнамалық актілердегі мүге­дектердің құқықтарын қорғау  бойынша толықтырулар мен өзгер­тулер енгізу  шаралары  жүзеге асырылса,  мүгедек­терге қатысты көп жәйттар өз шешімін табар еді, – дейді Әли Аманбаев. Қазіргі таңда мүгедектігі бойынша  әр түрлі топтарға жіктелген адамдар үшін мемлекеттік  деңгейде кедергісіз орта  қалыптастыру бойынша міндеттемелерді орындау мониторингінің тиімді меха­низмі жетілдірілмеген,  тіпті қолданыл­майды да. Сол себепті, инфрақұрылым нысан­дарында көп жағдайда мүге­дектердің жағдайлары ескерілмейді.   Ауызды құр шөппен сүртуге де болмас, басқа қаланы қайдам, Алматыда бұл бағытта  бірқатар жұмыс­тар атқарылды.   Дегенмен, сол атқарыл­ған жұмыстардың шикілігі көп, өйткені жоғарыда айтып өткенімдей бақылау, қадағалау жоқ.  Жаңа сипатта салынып жатқан тұрғын үйлердің өзінде мүгедектердің кіріп-шығу жағдайлары күні бүгінге дейін ескерілмей келеді. Жасалғандарының өзі тиісті талаптарға сай емес, пандустары  биік немесе мүлде жоқ. Арнайы лифт, дәретхана деген­дерді кездестіру сирек. Бар дегенде  оны пайдалану мүмкін емес. Қазіргі қоғамдық көліктер сондай жайлы, онда арбамен жүретін адамдарға арналған пандустар да бар. Бірақ сол пандусты ашып, аялдамада тұрған мүгедек адамды көлікке отырғызып жатқан жүргізушіні көргеніңіз бар ма? Бұл ретте бізді инватакси қызметімен қамтамасыз етіп отырған әкімдікке  алғысымыз шексіз. Бірақ ол санаулы көлік қаламыздағы тасымалға зәру  мүмкіндігі шектеулі азаматтардың  қажеттілігін өтей бер­мейді. Он екі мүшесі  сау адам  мүге­дектің жайын қайдан ұқсын, сондықтан болар,  қаламызда салынып жатқан зәулім-зәулім үйлердің құрылыс жоба­сында    мүгедектердің жағдайы ескеру­сіз қалып келеді деген  Ә.Аманбаев мүгедектер мен  басқа да әлеуметтік тұрғыдан көмекке, қолдауға зәру азаматтардың құқықтары­на қатысты заман талабына сай жаңа заң актілерін  жасап, ол қолданысқа ендіріл­мейінше, мүгедектерге қатысты кейбір мәселердің шешімін табу қиындау. Заң болғанда ғана заңсыздықтармен күресуі­мізге болады, дей келе  қалалық мүге­дектер қоғамының төрағасы   мүгедек­тердің жағдайын ұмыт қалдырған қаламыздағы бірқатар нысандарды мысалға келтірді.

– Сөзімнің тоқетерін айтқанда,  бөгет­сіз орта дегеніміз  қолайлы әрі қауіпсіз ортаның жалпыға бірдей қолжетімділігін арттыру. Адамдардың мүмкіндігін шек­тейтін адамның физикалық жетіспеу­шілігі, денсаулығындағы кемшіліктер ғана емес, біз сөз етіп отырған қоршаған орта және оның ыңғайсыздығы, сондай-ақ, қоғам мен төңіректегі адамдардың оларға деген қарым-қатынасы. Қоғам мен адамның мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасы оңалған шақта олар ешнәрседен шектелмейді. Сондықтан әр адам, әсіресе адамның тағдырына жауапты салада, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтарымыз айналасында тек дені сау адамдар ғана жүрмегендігін ескерсе дейді.

Біз де ойымызды Алматы қаласын­дағы тіркеуде тұрған қырық мыңнан астам мүгедек жандардың тағдырына алаңдап жүрген Әли Әбілдаұлының осы сөзімен түйіндегіміз келеді. Адам баласы күні ертең не боларынан хабарсыз болғандықтан, мүгедек жандардың құқықтарын іске асыруға, оларға кез-келген мемлекеттік, қоғамдық, мәдени орындардың  кедергісіз қолжетімді болуын қам­тамасыз етуге,  олардың өмір сүру деңгейін жақсартуға және мүгедек­тердің қоғаммен тығыз қарым-қатынаста өмір сүруіне  толық жағдай  жасасақ де­гім келеді. Оларды жұмыспен қамтама­сыз етуге көңіл бөлсек дейміз. Елба­сының  әрбір жұмыс беруші  мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қам­тамасыз етуге  тиісті деген  тапсырмасы, «Нұр Отан» партиясының арнайы жобасы да бар. Бірақ ол тапсырмаларды орындау мониторингінің тиімді меха­низмі  жетілдірілмегендіктен, көп тап­сырмалардың қағаздардың  қалқасында қалып қоятыны да, бұл мәселені науқандық іс-шаралар қатарында қарастыра­тынымыз да жасырын емес.

P.S. Осы жиыннан келе жатып,  әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай сауда ойын-сауық орталығы алдындағы жерасты жолымен өттім. Қабырғаларына ой  мен көңілді сергітер суреттер салынып, күй ойнап тұр. Күй шіркінді тыңдап отыра бергің келеді.   Күйдің құдіреттілігі сонша, жүрек  пернесін тербейді. Осындай толқымалы күйде келе жатып, арбамен қозғалатын мүгедек жандар үшін салынған пандусқа көзім түсті. Япырай дедім, мына пандустан арба тұрмақ жаяу жүрсеңіз де өту қиын. Тіп-тік, ені тар, Әли Әбілдаұлы айтқандай биік.  «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегенді бабаларымыз осындайларды көргенде айтқан болар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *