АБАТТАНҒАН АЛМАТЫНЫҢ АЙШЫҚТАРЫ

Алматыға жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қала әкімдігінің атқарып жатқан жұмыстарына оң баға берді

Бұрнағы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Алматыға келді. Елбасы Алматы қаласының қайта жөнделген көшелерін аралап көрді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

 Қазақстан Президенті Алматы қаласына жұмыс сапары барысында жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін инфрақұрылымы қайта жасақталған Абай және Н.Назарбаев даңғылдарын аралап көрді. Қала әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысына шаһар тіршілігін сәулет-құрылыс жүргізу тұрғысынан реттеу үшін пилоттық режимде енгізілген жаңа дизайн-код әдісі жөнінде мәлімдеді. Бұл әдіс мегаполистің бірыңғай стилін қалыптастыруға арналған әрі бір құжатта нақтыланған ережелер мен ұсынымдарды айқындайды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев жалпы ұзындығы 8,7 шақырымды қамтитын Тимирязев және Жандосов көшелерінің бойымен тартылған BRT көше-жол желісімен танысты.

Алматы қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді

Мемлекет басшысы қаланы тиімді бас­қаруға арналған ауқымды мәлі­меттер (Bіg Data) платформасын қамтитын ахуалдық орталықтың жұмысымен танысты.

Қаланың 10 жүйесі мен республикалық жүйенің бірігуі шаһардағы автотрафик, қоғамдық көліктегі жүргіншілер ағынының күнделікті көлемі, мектептер мен балабақ­шалардың жүктемесі, қылмыстық ахуал жөніндегі мәліметтерді талдауға, сондай-ақ бюджеттің орындалуына мони­торинг жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматының голографикалық макеті үлкейтуге, имита­циялауға және мегаполистегі түрлі үдерістерді модельдеуге мүмкіндігі бар 3D-проекция түрінде таныстырылды. Қазақстан Президенті «Алматы Бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтын аралап көрген соң Алматы қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

 

«Falcon Eurobus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды

Мемлекет басшысы зауыт жұмысы жөніндегі баяндаманы тыңдап, үшінші буын саналатын электрлі автобустар жасау өндірісінің технологиялық үдерісімен танысты. Бұл жобаны іске асыруға 15 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды. Оған мемлекеттік қолдау арқылы Алматы қаласының әкімдігі тарапынан жер телімі бөлінген және 2 миллиард теңгеге сумен қамту және электр желілері тартылған.

Өнімділік қуаты жылына 100 электрлі автобус шығаратын зауыт 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды.

Алматының индустриялық аймағын аралады

 Қазақстан Президентіне Алматы қаласының индустриялық аймағындағы жұмыс нәтижелері мен оны дамытудың перспективалық жоспарлары жөнінде мәлімделді.

Нұрсұлтан Назарбаев жоғары технологиялы ток өткізгіш кабель өнімдерін шығаратын «КМК Іnvestment» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік циклімен, сондай-ақ дайын өнім үлгілерімен танысты.

Кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелескен Елбасы өндірісте еуропалық сапаға сай бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи технология мен құрылғылар қолданудың маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысы «Tokyo Rope Almaty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытында металл габион торын жасайтын автоматтандырылған өндіріспен танысып, дайын өнім үлгілерін көрді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *