Қазақстан спортшылары Еуропа чемпионатында үш алтын жеңіп алды

Қазақстан спортшылары Еуропа чемпионатында үш алтын жеңіп алды
сурет: Aikyn.kz

18-20 жастар арасындағы Еуропа чемпионатының жалпыкомандалық есебінде Қазақстан құрамасы екінші орынды иеленді.

Қазақстан Қазанда өткен жасөспірімдер арасындағы ММА бойынша Еуропа чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Чемпионатқа 14 елден 252 спортшы қатысты. Қазақстан атынан ұлттық құраманың 27 мүшесінен құралған команда қатысты. Төрт жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында үш алтын, жеті күміс және сегіз қола медаль бар», – деп хабарлады Қазақстанның біріккен ММА федерацияларының баспасөз қызметі.

52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда Ерсұлтан Шәкенбай ресейлік Иван Веретенниковті айқын басымдықпен жеңді.
Ал 77 келіге дейінгі салмақта Қазақстанның екі өкілі Данил Губин мен Досжан Кенбаев финалда кездесті. Төрешілердің шешімі бойынша алтын медаль Данил Губинге бұйырды.
Үшінші алтынды ересектер арасында 61,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ақтөбелік Жәнібек Тыныштық жеңіп алды. Ол финалда ресейлік файтер Сергей Ширкуновпен кездесті. Жәнібек Тыныштық төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.