Жүкті әйел пойызда босанып қалды

Жүкті әйел пойызда босанып қалды
Cурет: Қазақстан темір жолы

«Арқалық - Нұр-Сұлтан» бағытындағы жолаушылар пойызында қыз бала дүниеге келді.

2021 жылғы 8 қазанда №603 «Арқалық - Нұр-Сұлтан» бағытындағы жолаушылар пойызы Арқалық станциясынан жөнелтілгеннен кейін ер адам пойыз бригадасының қызметкерлеріне зайыбының толғағы келіп қалғанын хабарлаған. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК»АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Төрехан Әбдірайымов бастаған пойыз бригадасы қызметтік нұсқаулыққа сәйкес әрекетке көшіп, келесі станцияға жедел жәрдем шақырған. Темір жолда 8 жылдан астам уақыт жұмыс істейтін, оның ішінде 3 жылдан бері пойыз бастығы Т.Әбдірайымов мұндай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келген.

Дәрігерлер келгенге дейін теміржолшылар әйелді босануға дайындай бастады. Жолсеріктер Ирина Андреева мен Жаңыл Баталова жолаушылар арасынан табылған дәрігерлер Светлана Аяпова (зейнеттегі  акушер-гинеколог) және Гаухар Қойшығұлованың (емдеу ұйымының басшысы) нұсқауымен әрекет жасады. Жүкті әйелді аман-есен босандыру үшін вагонда барлық қажетті жағдайлар жасалды және біраз уақыттан дүниеге қыз бала келді,-делінген хабарламада.

Пойыз Державинск бекетіне жеткеннен кейін жас ана Нұрайлым Құрманалы мен оның шақалағын жолсеріктер жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.