37 мыңға жуық медицина маманы сертификатсыз жұмыс істеген

37 мыңға жуық медицина маманы сертификатсыз жұмыс істеген
Cурет: Ашық дереккөз

112 мыңнан астам медицина маманының білімі мен кәсіби даярлығы тексерілмей практикаға жіберілген

Есеп комитеті экономиканың нақты секторына аудит жүргізу департаменті директорының орынбасары Нұрлан Қатренов медицина мамандарының сертификатсыз жұмыс істеп келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың сәуір айына дейін Қазақстанда жеке және мемлекеттік секторларға 324 мың медицина маманы тіркелген. Оның ішінде дәрігерлер - 97 мың (30%), орта медициналық персонал - 227 мың (70%) адам.

«Осы персоналдың ішіндегі 36 954 (11%) маманда клиникалық практикаға рұқсат беретін сертификат болмаған. Оның 11 мыңы дәрігерлік, 25 646 мыңы орта медициналық персонал», - деді Нұрлан Қатренов Есеп комитетінің отырысында.

Оның айтуынша, 112 мыңнан астам медицина маманының білімі мен кәсіби даярлығы тексерілмей практикаға жіберілген.

Бұрын хабарлағанымыздай, елімізде медицина мамандарының тапшылығы 2 есеге артқан. Сонымен қатар 2019-2021 жылдардағы аудит қорытындысы бойынша Есеп комитеті 5,8 млрд теңгені құрайтын қаржылық құқық бұзушылықтарды анықтады. Тағы 7,5 млрд теңге болтын бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғаны туралы дерек тіркелген.