Жолаушы қауіпсіздігін күшейту ұсынылды

Жолаушы қауіпсіздігін күшейту ұсынылды
almaty-akshamy.kz

Қазіргі уақытта Қазақстанда «Яндекс», «inDrive», «Maxim», «Апару», «Таппи Такси» және т.б. сияқты таксиге тапсырыс берудің мобильдік қосымшалары жұмыс істейді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Ағымдағы жылғы 19 қаңтарда жолаушыларды автомобильмен тасымалдау мәселелері жөніндегі кеңес шеңберінде Көлік министрі М.К. Қарабаевтың төрағалығымен таксиге тапсырыс берудің мобильдік қосымшалары операторларының, оның ішінде «Яндекс» және «inDrive» өкілдерімен кездесу өткізілді. Кеңес барысында таксимен тасымалдаушыларының ұлттық заңнама нормаларын сақтауын қамтамасыз ету және жолаушылар тасымалы қауіпсіздігі бойынша ішкі корпоративтік талаптарды енгізу қажеттілігі көтерілді.Кеңес қорытындысы бойынша таксиге тапсырыс берудің мобильдік қосымшалары операторларының өкілдеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласының проблемалық мәселелерін шешу жөнінде ұсыныстар енгізу ұсынылды.

Сондай-ақ, ағымдағы жылғы 12 ақпанда Көлік вице-министрі М.Қ. Қалиақпаровтың төрағалығымен «inDrive» такси тапсырысының мобильдік қосымшасы операторының өкілдерімен кездесу өткізілді. Осы кездесу барысында жол-көлік оқиғаларының статистикасы, таксиге тапсырыс берудің мобильдік қосымшасын пайдалана отырып, жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың теріс салдары айтылды, сондай-ақ жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтау жөніндегі талаптарды күшейту ұсынылды.

Осы кездесудің қорытындысы бойынша Көлік министрлігі мен «inDrive» мобильдік қосымшасы арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы Меморандум жасасу қажеттілігі туралы шешім қабылданды, онда мобильдік қосымша операторының таксимен тасымалдаушыларының ұлттық заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету бойынша шараларды кезең-кезеңімен қабылдауы болжамдалуда.