Медеу ауданында жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі

Медеу ауданында  жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі
Сурет: Ugorizont.ru

500 адам қабылдайтын жаңа заманауи емхананы салу жоспарлануда.

Санаулы күн қалған 2022 жылдың соңына дейін Медеу ауданының тұрғындарына күніне 120 келушіге арналған жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі. Бұл туралы аудан халқымен кездесу барысында қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

"Көлсай" және "Сұлусай" шағынаудандарында халыққа медициналық көмектің «қадамдық қолжетімділігін» қамтамасыз ету үшін жылдың соңына дейін демеушілік қаражат есебінен фельдшерлік-амбулаториялық пункттер ашу жоспарлануда. "Алатау" шағынауданындағы мемлекеттік аурухананың аумағында модульдік компьютерлік томография орталығы салынуда. Объект осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұдан басқа, аурухана ғимаратын қайта жаңартуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде (жобалау-сметалық құжаттаманы аяқтау – 2023 жылғы III тоқсан)», - деді қала жетекшісі.

Оның айтуынша, №4 және №10 жедел жәрдем подстанцияларының жаңа ғимараттарын салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалау-сметалық құжаттама 2023 жылдың 4-ші тоқсанында аяқталады.

"Думан" шағынауданында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын жаңа заманауи емхананы салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, аяқталу мерзімі – 2023 жылдың 4-ші тоқсаны. 2023-2024 жылдары қала әкімдігі «Шығыс қақпасы» полиорталығының аумағында 2 ауқымды жобаны іске асыру жоспарланған. Бұлар - онкологиялық орталығы бар 250 төсектік көпбейінді аурухана мен Бұқтырма көшесі бойында СПИД орталығы бар 250 төсектік паллиативтік көмек орталығының құрылысы», - деді Ерболат Досаев.