АҚШ астанасында Абай орталығы жұмыс істеп тұр

АҚШ астанасында Абай орталығы жұмыс істеп тұр
Сурет: 24.kz

Қазақ мәдениетімен, әбедиетімен танысам деген америкаларықтар үшін АҚШ астанасында Абай орталығы жұмыс істеп тұр.

Джордж Вашингтон университеті жанынан құрылған орталық 2019 жылдың басында ашылды. Пандемия кедергі келтіргенімен, орталық қазір толыққанды жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.  

Қазақ мәдениетін білгісі келген шет елдік студенттерге Абай орталығы таптырмас жер. Қазақстанға қатысты ағылшын тілінде жарық көрген зерттеулер мен анталогияларды пайдалана алады. Классик жазушылардың шығармаларын да оқуға болады. Кезінде Ержан Қазыхановтың қолдауымен ашылған орталық пандемиядан соң жұмысын қайта жандандырды.    

«Біз Абай орталығы арқылы тек тарихи жәдігерлерді көрсетіп, мәдени жетістіктерімізді қана танытуды жоспарлап отырған жоқпыз. Сонымен қатар қазіргі Қазақстан мәдениетіндегі жаңалықтарды да жеткізгіміз келеді. Сондықтан орталықтың жұмысын ширатуға қатысты үлкен жоспарларымыз бар. Еліміз туралы ақпаратты ағылшын тілінде тарату тек Америкада ғана емес, бүкіл әлемде Қазақстанға деген қызығушылық артады деп санаймыз», - деді Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер институтының қызметкері Айтолқын Құрманова. 

 Орталықтың сайтында қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты ғылыми мақалалар мен батыс ғалымдарының құнды зерттеулері бар. Ұлттық музыкалық аспаптарға қатысты подткастарды да осы жерден тыңдап, Абай мұражайына 3D форматта онлайн саяхат жасауға болады. Орталық Джордж Вашингтон университетіндегі Европа, Ресей және Еуразия зерттеу институты жанынан құрылған.  Институт директорының сөзінше, Қазақстанды танып білуге деген қызығушылық студенттер арасында жоғары.

 «Мәдениет кез келген елдің қуаты, күші. Оны жақсы білмей сыртқы саясатын зерттеу, түсіну және халықаралық байланыс орнату мүмкін емес. Абай орталығы қазақ тарихын, мәдениетін, музыкасын, әдебиетін кеңірек аудиторияға паш етудің мүмкіндігі деп білеміз. Жалпы, қазақ мәдениетін тек зерттеушілерге ғана емес қарапайым америкалықтарға таныту үшін көптеген шараларды өткізу жоспарда», - дейді WJ университеті, Европа, Ресей және Еуразия зерттеу институтының директоры Марлен Ларюэль.

Екі жылда орталық бірқатар шараларды жүзеге асырды. Мәселен, Гарвард университетінде Абай симпозиумы өтіп, мұралары көпшілікке таныстырылды. Таяуда Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай халықаралық онлайн ғылыми конференция өтті. Мұндай мәдени шаралар ширай түспек.