Жыл басынан бері Алматыдағы абақтыдан 33 телефон тәркіленді

Жыл басынан бері Алматыдағы абақтыдан 33 телефон тәркіленді
Сурет: Polisia.kz

Алматы қаласындағы тергеу изоляторында сот үкімін күтіп жатқан күдіктілер ұсталады.

Алып қаланың шет жағында орналасқан абақтының алды тұтқындағыларға керек заттары мен тамақ әкелген адамдардан бір арылмайды. Әкелген әр затты мұқият тексеретін бақылаушылар сәлемдемелердің ішінен небір тыйым салынған заттарды тауып жатады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Арам ниеттілер көбіне шәйдің ішіне, кәмпиттің арасына, тіптен темекінің ішіндегі ұнтағын алып тастап, орнына есірткілік заттар жасырады. Түрмеде жатқандардың туысқандары мен достары негізінен есірткі заттары мен ұялы телефондарды өткізуге тырысады. Олар телефонның неғұрлым шағын маркаларын таңдайды. Оны жасырудың да небір жолдарын ойлап табады. Мысалы, нанның ортасына, аяқ киімнің ұлтанына жасырса, sim-карталарды анықтау оңай емес. Тіптен жуырда бақылаушылар тіс пастасына жасырған sim-картаны да тапты. Тергеу абақтасындағы тыйым салынған заттарды анықтаудың тағы бір жолы – камераларда тінту жүргізу.

«Жыл басынан бері Алматы қаласы Қылмыстық-атқару департаментіне қарасты ЛА-155/18 мекемесінде 33 телефон, 1 литр алкогольдік ішімдік, 111,32 грамм есірткі заты және ақшалай 46 000 теңге тәркіленді. Тыйым салынған заттарды өткізуге тырысқан 19 адамға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес хаттама толтырылып, материалдар сотқа жіберілді. Соттың шешімімен олар әкімшілік жазаға тартылып, ескерту жасалды немесе он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды», – дейді режим және күзет бөлімі бастығының міндетін атқарушы Асхат Көмекбаев.