Жетістіктердің басым бөлігі МӘМС-пен байланысты

Жетістіктердің басым бөлігі МӘМС-пен байланысты
Almaty-akshamy.kz

Тілеухан ӘБІЛДАЕВ,«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Алматы қалалық филиалының директоры

Халық саулығын сақтау – өте күрделі және көп шығынды қажет ететін процесс. Бұл процесте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің атқарар рөлі зор. Ж алпы, біздің мегаполисте МӘМС жүйесін іске асыру қалай жүріп жатыр? Қандай өзгерістер, қандай қиындықтар бар? Осы және өзге де сұрақтарға Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы директоры Тілеухан ӘБІЛДАЕВ жауап берді. 

– Тілеухан Шілдебайұлы, медицина жайлы сөз болғанда МӘМС-ті айналып өту мүмкін емес. Жүйе енгізілгелі бері медициналық көмектің қолжетімділігі артты деуге бола ма?  

– Бүгінде Қазақстанның денсаулық сақтау саласын медициналық сақтандырусыз елестету мүмкін емес. Елімізде МӘМС жүйесінің енгізілгеніне биыл төртінші жыл. Кейінгі бірнеше жылда салада болған жетістіктердің басым бөлігі МӘМС жүйесімен тығыз байланысты. 

Биыл медицинаға бөлінген бюджет пен осыдан төрт жыл бұрынғы бюджеттің арасындағы айырма жер мен көктей. Мысалы, 2023 жылы Алматы қаласы бойынша медициналық көмекке 303 млрд теңге қарастырылған. Оның 158,6 млрд теңгесі – мемлекет тарапынан бөлінетін кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне, 144,4 млрд теңгесі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне тиесілі. Яғни, алдыңғы жылдарды айтпағанда, бір ғана биылдың өзінде қаланың денсаулық сақтау саласы бюджеті қосымша 144,4 млрд теңгемен толығып отыр. Оның ішінде сіз бен біздің салалық мамандардан алған консультацияларымыз, әдетте бағасы 20-30 мыңнан кем тұрмайтын компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография, реабилитация қызметі, түрлі қымбат операциялар мен анализдер, экстракорпоральды ұрықтандыру, жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін жоспарлы стоматологиялық көмек сынды тағы да басқа қызметтер бар. Мысалы, өткен 9 айда Алматы тұрғындарына МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілген түрлі қызметтерге 105,6 млрд теңге төленді. Бір қарағанда бұл жай ғана сан болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, сақтандырылған азаматтар қалтасынан шығатын шығынды қысқартып, осындай қызметтерді пайдаланып отыр.   

– Дегенмен науқастар тарапынан түсетін шағым азаймай тұр. Бұған не дейсіз?

– Қордың маңызды міндетінің бірі – пациенттер құқығын қорғау. Осы мақсатта бірнеше кері байланыс каналы ашылған. Азаматтар медициналық көмек дер кезінде көрсетілмесе немесе сапасына көңілі толмаса Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Қордың fms.kz ресми сайты немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы шағым қалдыра алады. Барлық шағым міндетті түрде қаралып, шешімін табады.

Тұрғындар көбіне емханаға барғанда талон күту, базаның істемей қалуы секілді мәселелер туындайтынын айтып шағымданып жатады. Мұндай шағымдар медициналық қызмет сапасын жақсартуға көмектеседі. Мысалы, біздің филиал бір жылда медициналық көмек, оның сапасына қатысты 5 мыңға жуық шағым қарайды.

Сараптап қарасақ, Қордың барлық мәселені шешуге құзыры жете бермейді. Мысалы, көптеген пациент консультативтік-диагностикалық қызметтерді сарсылып көп күтеміз деп шағымданып жатады. КТ/МРТ сынды диагностикалық тексерулер жағынан проблема жоқ, біз бұл мәселені жаңа клиникаларды жұмысқа тарту арқылы шешіп отырамыз. Алайда салалық мамандар тапшылығы мәселесін Қор шеше алмайды. Ал бұл өз кезегінде алыстағы ауыл тұрмақ, Алматы сынды үлкен қаладағы медициналық көмектің қолжетімділігіне тікелей әсер ететін мәселе ғой. Дәрігер маман даярлайтын бір емес, бірнеше оқу орны бар қалада мұндай проблема туындауы қисынға келмейді.  

Медицина ұйымдарының менеджментіне, соның ішінде емханалар мен стационарларда жұмыстың ұйымдастырылу деңгейіне қатысты шағымдар көп. Дәрігер қабылдамады, дөрекі сөйледі деген сипаттағы шағымдар да бар. Ондайда тексеріс жүргізіліп, расталған жағдайда айыппұл салынады.

– Жеке клиникаларды жұмысқа тартамыз деп қалдыңыз. Бірақ көпшілік жекеменшік емханаға барып қаралуға болатынын біле бермейді. Қазір олардың үлесі қанша? 

– Мемлекеттік емес медицина ұйымдарының сақтандыру жүйесіне қатысуына заңмен жағдай жасалған. Жалпы, сақтандыру жүйесіне жекеменшік клиникалардың қатысуы салада бәсекелестік тудырады. Медициналық бизнес азаматтар денсаулығын қорғауға, көмек сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, мемлекеттік емдеу мекемелерінің жүктемесін төмендетуге едәуір септігін тигізеді. 

Бір айта кетерлігі, МӘМС бойынша қызмет көрсететін жекеменшік емханалар саны да жыл санап артып келеді. Мысалы, биыл Алматы қаласында 232 медицина ұйымы Қормен жұмыс істейді. Соның 144-і – жекеменшік. Сақтандыру жүйесі толыққанды енгізілген төрт жыл ішінде жеке клиникалар көрсететін қызмет спектрі де айтарлықтай артты. Бүгінде бізбен жұмыс істейтін бизнес нысандары жалпы практика дәрігерілерімен, салалық мамандармен жабдықталған, гемодиализ, экстракорпоральды ұрықтандыру, медициналық оңалту, позитронды-эмиссиондық томография, магнитті-резонанстық және компьютерлік томография сынды тағы да басқа қызметтер көрсетеді.

– Қор медицина ұйымдары көрсеткен көмек сапасын тексеріп, кемшіліктерге жол берген жағдайда айыппұл салып отыратынын білеміз. Осы жайында толығырақ айтып берсеңіз. 

– Қор – халыққа кепілдендірілген тегін медициналық көмек және МӘМС пакеттері шеңберінде көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлейтін қаржы операторы. Сонымен қатар көрсетілген қызмет сапасын тексереді. Жалпы, бұл екеуі бір-бірімен астасып жатқан, тығыз байланыстағы дүниелер. Халыққа көрсетілген қызмет ақысын төлемес бұрын алдымен оның сапасын тексереміз. Құжаттар арқылы расталған, медициналық көмек көрсету стандарттары мен клиникалық хаттамаларға сай көрсетілген қызметтің ғана ақысы төленеді. 

– МӘМС арқылы тиесілі қызметті көрсетпеген клиникаға қандай жаза қолданылады?

– Егер емхананың немесе аурухананың жұмыс барысында кемшілік жібергені расталған жағдайда айыппұл салынады. Мысалы, биыл бірінші жартыжылдықта Алматыдағы медицина ұйымдарының 95 мыңнан астам қызметті түрлі кемшіліктермен көрсеткені белгілі болды. Оларға 629 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Кемшіліктер амбулаторлық-емханалық көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер барысында орын алған.  

Мониторинг барысында клиникалар негізінен емдеу протоколдарынан ауытқу, қызмет бағасын негізсіз қымбаттату, көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп қосып жазу сынды кемшіліктерге жол беріп жатады. Қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқан, көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп жазған емдеу мекемелеріне аталған қызмет құнынан 300% айыппұл салынады. Қайтарып алынған сома медқызметтің басқа түрлеріне жұмсалады.

– Осы мәселе жайлы әлеуметтік желіде, әсіресе Фейсбукта көп жазылады. Бұған қандай факторлар әсер етіп отыр деп ойлайсыз?

– Бұл жерде мәселенің бір ұшы қаржыға келіп тіреледі. Дәрі-дәрмекпен қамту да, қызмет бағасын негізсіз өсіру де, көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп қосып жазу да, қызмет көлемінің шектен асып кетуі де қаржылық тәртіптің төмендігінен, емдеу мекемелерінде тиісті менеджменттің жоқтығынан туындайтын келеңсіздіктер. 

Сонымен қатар, цифрландырудың дұрыс жүргізілмеуі, интернет жылдамдығының төмендігі, жүйеде жиі болатын техникалық ақаулар да себеп. Кейде медицина қызметкерлері жұмысбастылығына байланысты қызметті ақпараттық жүйеге кешіктіріп енгізіп жататын жағдайлар да болады. 

Жалпы, қосып жазу жылдан жылға азайып келеді. Себебі қазір халық бәрін көріп отырады, өз құқығын жақсы біледі. Қазірдің өзінде «Дамумед» сынды мобильді қосымшаға тіркеліп, қосып жазу фактілерін байқаған жағдайда Қорға шағымданып отыратын азаматтар баршылық. Бұл өз кезегінде көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп қосып жазу фактілерін қысқартуға септігін тигізері анық.

Сонымен қатар, алдағы уақытта Қор осының алдын алу мақсатында екі деңгейлі мониторинг енгізіп, клиникаларға қойылатын талаптарды заң арқылы күшейтуді көздеп отыр. Болашақта әр пациент көрсетілген қызметті QR-код арқылы растайтын болады. Әзірге бұл нобайлы жоба ретінде Астана, Алматы қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысының кейбір клиникаларында қолданысқа енгізілді.

– Сұқбатбергеніңіз үшін рақмет!