Б. Сағынтаев: Жаңа ережелер балабақша мен мектепсіз тұрғын үй кешендерін салуға тыйым салады

Б. Сағынтаев: Жаңа ережелер балабақша мен мектепсіз тұрғын үй кешендерін салуға тыйым салады
almaty-akshamy.kz

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қала аумағының сәулеттік келбетін қалыптастырудың және қала құрылысын жоспарлаудың жаңа талаптары туралы айтты.


Жаңа құрылыс ережелерінің басты идеясы — Алматының тарихи келбетін сақтау және қалпына келтіру, қала құрылысына қойылатын базалық талаптарды белгілеу. Мысалы, халықтың тығыздығы тарихи орталықта гектарына 300 адамнан, ал басқа аумақтарда 440 адамнан аспауы керек. Тұрғын үйдің орташа қоры бір адамға 18-25 шаршы метрден кем болмауы тиіс. 

Аула кеңістігінде құрылыс салуға жол бермеу үшін аула аумағы бір адамға шаққанда 10 шаршы метр болуы жөнінде норма енгізілді, ал қалған төрттен бір бөлігі көгалдандырылуы қажет.

Әлеуметтік нысандардың қадамдық қолжетімді болуы үшін  құрылыс салушы құрылыс кезеңінде 1 мың адамға шаққанда 100 орыннан кем емес балабақша, 1 мың адамға шаққанда 180 орынан кем емес мектептер, емханалар және полиция пункттерін салатын орындарды қарастыруы тиіс.

Тарихи орталыққа мынадай міндетті талаптар енгізілген: тарихи ғимараттарды қалпына келтіру және сақтау; қабаттардың санын шектеу; ғимараттардың жақын орналасуын бағдарлау; тарихи ғимараттарды сүруге және олардың жанынан бизнес нысандарын салуға тыйым салу; қасбеттердің және олардың бірегейлігін бұзуға тыйым салу.