ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІЗЕР ЖЕТІ ЖОБА
Алматы әлемдегі ең дамыған және өмір сүруге қолайлы 100 қаланың қатарына енетін болады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жастармен кездесуінде айтты

Кеше қала әкімі Бақытжан Сағынтаев әл-Фараби атындағы іргелі Қазақ ұлттық университетінде болып, ІT-технопарк ғимаратының, «Керемет», «Жасыл технологиялар» және «Жағдаяттық басқару» орталықтарының тыныс-тіршілігімен танысты.
ҚазҰУ-дың Философия-экономикалық факультетінің кешегі түлегі Бақытжан Сағынтаев Алматы жастарымен жүздесіп, өзі білім алған қара шаңыраққа келгендегі әсерімен бөлісті.
– Шынымды айтсам, басқа әлемге кіріп кеткендей болдым. Шыққың келмей қалады екен. Жан-жағың зәулім оқу корпустары, жасыл желектер. Біз отырған аудиториялар мен қазіргі сендер білім алып жатқан аудиториялар мүлдем бөлек. Ондағы техникалар деген заманауи. Қалағаныңның бәрін табасың. Қандай бақыттысыңдар! – деген шаһар басшысы бір кафедраға кіріп келгенде, кезінде өзіне сабақ берген ұстазын көріп, қуанғанын да жасырмады.
– Жастық – ол өткірлік, ашықтық, еркіндік, тазалық, сұлулық. Ал Алматы – ол сендер! – деп, баяндамасын бастаған Бақытжан Сағынтаев Алматы әлемдегі ең дамыған және өмір сүруге қолайлы 100 қаланың қатарына енетінін мәлімдеді.
Шаһар басшысы Елбасы тапсырмасымен әзірленген «Алматы – 2050» даму стратегиясын ұсынды. Бұл бастама 7 бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Және әкім ұсынған осынау стратегиялық маңызы бар құжат бүгіннен бастап қоғам талқылауына берілді.
Қаланы қарқынды дамытудың бірден-бір қозғаушы күші – ол креативті студенттер екенін айтқан қала басшысы мен жастар арасындағы диалог өте шынайы, әрі еркін көрініс тапты.
Нұржамал ӘЛІШЕВА
Диплом сандық түбінде жатпауы керек
Зәмзәгүл ХАМЗА,
Журналистика факультетінің 3-курс студенті:
– Бақытжан Әбдірұлы, біздің киелі шаңыраққа қош келдіңіз! Сіздің былтырғы жылдары жастарға арналған мамандықтар туралы айтқан пікірлеріңіз әлі есімде, тың ойларыңыз ерекше ұнаған. Менің сұрайын дегенім, сіздіңше, он жылдан кейін ең көп сұранысқа ие болатын қай мамандықтар деп ойлайсыз? Сондай-ақ, Алматыны дамыту үшін жоғары оқу орындары мен колледждерге қандай мамандықтарды ұсынған болар едіңіз?
Бақытжан САҒЫНТАЕВ:
– Иә, мамандық таңдау адам өміріндегі өте маңызды қадам. Ол – бағдаршам. Үлкен жолға сапар шеккелі тұрған сәтте сен өзіңе не керектіні, жаныңның қалауы не екендігін дұрыс таңдай білсең, онда ары қарайғы өмірің де сәтті болады деген сөз. Шыны керек, қазір ақпараттық технология көз ілеспес жылдамдықпен өте қарқынды дамып жатыр. Сондықтан он жылдан кейін қай мамандыққа сұраныс көп болатынын, бізді не күтіп тұрғанын да дөп басып айту қиын. Өйткені, дәл қазір пайдаланып отырған дүниелеріміз ертең өзектілігін жойып алуы да мүмкін. Сондықтан мен айтар едім, бүгін алып жатқан мамандығыңмен шектеліп қалмау керек. Ол оқуың базалық білім болып тұрсын, сол арқылы қайта даярлау курстарынан да өтуге болады. Бұл тұрғыда тек жоғары оқу орнын бітіруді мақсат етпеу керек, колледждерде де білім алып, өзіңді дамыта беруге болады.
Тақырыпқа орай Премьер-Министр кезімдегі бір оқиғаны ғана айтып берейін. Жаңадан бой көтеріп жатқан жергілікті бір іргелі зауыттың тыныс-тіршілігімен танысу үшін сонда бардым. Зауыттың іргесін көтеріп жатқан кәсіпкер менен: «Сырттан жұмыс күшін әкелсем деймін, сол үшін маған Үкімет тарапынан квота алуға көмектессеңіз», – деді. Мен «Неге сырттан әкелгелі жатырсыз, жұмыс күшін өзіміздің елден неге алмайсыз?» деймін ғой. «Біздің елде зауыт ісіне қажетті мамандар жоқ», – деп жауап берді кәсіпкер. Сонда сол өңірдің әкімі өзінде бой көтергелі жатқан зауытқа қандай мамандар керек екендігін білуі керек еді, сосын ол туралы жергілікті колледжге барып, онда әлгі зауытқа қажетті мамандар дайындала ма екен, соны зерттеп, колледж басшыларымен диалог орнатуы тиіс еді. Екі жақтың тарапынан да ондай сұрақтар қойылмаған. Сонда екеуінің арасында байланыс жоқ деген сөз. Міне, осындай келеңсіздіктердің нәтижесінде алған мамандығына сұраныс жоқ кей жастар дипломы бола тұра жұмыс таппай бос сенделіп қалады.
Біздің Алматы өнеркәсіптік емес, индустриалды аймақ. Сондықтан бізге дәл қазіргі уақытта көбіне қаржыгерлер, қызмет көрсету саласының мамандары қажет. Біз қазір түрлі саланы қамтитын жаңа технология мен креативті экономиканы қолға алып жатырмыз. Мәдени және креативті экономика – елдің әл-ауқатын жақсартатын қозғаушы күш. Өздерің байқап жүрсеңдер, ІT-технологияның, мәдени, рухани ошақтардың бәрі біздің шаһарда шоғырланған. Мұның бәрі бір сөзбен айтқанда, алып индустрия. Жаңа өздеріңе Алматы қаласын қалай дамыту керектігі жөнінде баяндама оқыдым. Онда бірнеше нақты стратегиялар көрсетілген. Сол бағыттармен кейін асықпай өздерің тағы бір қарап, оқып, зерделеп алсаңдар жақсы болады. Ол стратегиялар сендердің болашақтарың үшін бағдаршам болады деп білемін.
Креативті экономика дегеніміз не?
СТУДЕНТ:
– Сізбен жақын танысып, жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Баяндамаңызға үлкен рахмет, болашақ маман ретінде біраз жайға қанық болғандаймыз. Жаңа сіз жаңа университет құрылады дедіңіз. Ол қандай университет, оның көздейтіні, мақсаты не, сол туралы тарқатып айтып берсеңіз?
Бақытжан САҒЫНТАЕВ:
– Жақында Нұр-Сұлтан қаласында ІT университетінің ашылғанын білесіздер. Мұндай университет бізге де керек. Мұның бәрі әлгінде ғана айтылған креативті экономикамен тығыз байланысты. Мысалы, Оңтүстік Корея 2012 жылы креативті экономиканы дамытамыз деген арнайы үлкен бағдарлама қабылдаған. Бұл бағдарламаның артықшылығы – ол бір саламен ғана шектелмейді, оған түрлі сала кіреді. Мысалы, миллиардтаған аудитория жинап, алып индустрияға айналған кей-поп қайдан шықты? Оңтүстік Кореяның атағын бүкіл жаһанға әйгілеген, аспандатқан сол кей-поп. Міне, елді алға дамыту үшін қажетті креативті экономика деген осы. Біз осы салада жұмыс істеуіміз керек. Күштің бәрін соған жұмсауымыз қажет. ІT-технологиямен тек бір университет қана айналыспауы керек, мысалы, жоғары оқу орнында осы мақсатта жұмыс істейтін жаңа кафедралар, жаңа факультеттер, жаңа мамандықтар ашуымыз қажет. Кезінде көп оқу орны жаппай заңгер, кеден қызметкерлерін дайындап кетті. Өйткені, сол тұста соған сұраныс көп болған. Ал қазіргі сұраныс мүлдем бөлек. Қазір креативті көзқарастар құпталатын уақыт.
«Шетсіз қала» нені көздейді?
СТУДЕНТ:
– Алматыны дамыту туралы стратегияларыңызбен бөлістіңіз. Біз де соған атсалысқымыз келеді, бізде де жақсы ойлар бар. Смарт-сити жобаларына хакатонсыз қалай қатысуымызға болады?
Бақытжан САҒЫНТАЕВ:
– Біздің есік сендерге кез-келген уақытта ашық. Осында Алматы қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев әріптесім отыр, сол азаматпен қазір кездесіп, сөйлесіп, телефон нөмірлерімен алмасуға болады. Бізге жастардың әр ойы маңызды. Жастарымыз да өзін қоршаған ортаға бей-жай қарамай, алматылықтардың өмірін жақсартуға өзіндік үлестерін қосамыз деп жатса, неге қуанбасқа. Көп дүние, жақсы ойлар осындай сендер сияқты белсенді, ойлы жастардан, университет қабырғаларынан құралады. Біз өздеріңмен жұмыс істеуге, мүмкіндіктеріңді пайдалануға әркез дайынбыз.
Назерке ЕРЛАН, Журналистика факультетінің студенті:
– Бақытжан Әбдірұлы, сіз жаңа «Шетсіз қала» жобасы туралы айтып қалдыңыз, осы тақырып мені қызықтырды. Бұл жобаны қалай дамытуды көздеп отырсыздар?
Бақытжан САҒЫНТАЕВ:
– Болашақ журналистің осындай маңызды тақырыптардың бірін тез қағып алғаны, сергектігі үшін қуаныштымын. Бұл өте маңызды мәселе. Мен бұл жобаны қарапайым тілмен былайша түсіндірейін. Мысалы, құрбың немесе досың Алматы шетінде орналасқан Наурызбай не Алатау ауданында тұрады дейік. Бәлкім, жатақханасы, әлде туысы немесе ата-анасы сол жерде. Сабақтан тыс уақытта кешке бір жерге барғың келді дейік. Қайда барасың? Әрине, қаланың орталығына барғың келеді. Мысалы, жігіт өзінің сүйіктісін киноға шақырады. Таксиге не автобусқа ақшасы болмауы мүмкін. Киноға барған соң попкорн немесе өзге де тәтті тағамдар сатып алғың келеді. Бірақ бәріне қаражат таппауың мүмкін ғой. Сосын кинодан соң үйге қайтуың керек, ол да мәселе. Ал осы демалыс, серуеннің бәрін сол өзің тұрған ауданда да істеуге болады ғой. Ол үшін, әрине, кинотеатр болуы керек. Сондай-ақ, Жастар ресурстық орталығы, Оқушылар сарайы, мектеп, кітапхана, емхана, ашық және жабық спорт алаңдары дейсіз бе, қала орталығында не бар, соның бәрі сол ауданда болуы тиіс. Яғни ауданның бәрі Алматы болуы керек. Әйтпесе үлкен бір іс-шаралар өтетін болса, бәрі айналып келіп «Ескі алаңда» ұйымдастырыла береді. Міне, біздің мақсат осы – Алматыға қарасты ауданның бәрі заманауи тұрғыда дамуы тиіс, шаһардың шеті болмауы керек.
Биыл ашық аспан аясында көше кинотеатрын жасап көрдік. Керемет! Өздерің секілді қол ұстасқан жастар өте көп келді. Жұлдызы қалың айлы түнде бұл көрініс талай жастың сезімдерін нығайтқаны, бақытты еткені анық. Тіпті, ашық аспан аясындағы кинотеатрға апалардың да келгенін көрдік. Демек, зейнет жасындағы кісілер де бос уақытын жақсы өткізгісі келеді. Енді мұндай кинотеатр барлық ауданда болсын деп шешіп, қазір оған қажетті құрал-жабдықтарды түгел сатып алдық.
Барлық ауданда заманауи үлгідегі кітапханалар болса дейміз. Онда өздерің сияқты жастар тек үн-түнсіз кітап оқуға ғана келмей, бір-бірімен шәй, кофе үстінде әңгімелесіп, диалог орнатып, пікір алмасса дейміз. Әрине, бұл жұмыстарда алматылықтардың бәрінен қолдау күтеміз.
3-курс СТУДЕНТІ:
– Біздің студент-жастардың да қаланы дамыту тұрғысында стартап-жобалары бар. Әкімдік осы жобалардың арасынан үздігін анықтап, оның жүзеге асырылуына қолдау көрсетіп отыратын тетіктер ойлап тапса, ол да бізге алдағы істерге шабыт берер еді деп ойлаймын.
Жастар да қаланы дамыту жобаларына қатысқысы келеді
Бақытжан САҒЫНТАЕВ:
– Бұл ұсынысыңды ескереміз. Алдағы уақытта өзімізде талқылауға болатын мәселе деп санаймын. Бұл да әлгінде айтылған креативті экономика аясында қаралатын шығар деп ойлаймын.
Қазақ ұлттық медицина университетінің СТУДЕНТІ:
– Қазіргі таңда жастар арасындағы суицид мәселесі алаңдатарлық жағдай. Мектеп бағдарламасына жоғары сынып оқушыларына мотивация беретін сабақтар, пәндер енгізу, фильмдер көрсетілуі керек деп ойлаймын. Оған кез-келген мамандық иелері қатыстырылса, олар өмірлік ұстанымдары әлі қалыптасып үлгермеген жеткіншектерге дәрістер оқыса жақсы ғой.
Бақытжан САҒЫНТАЕВ:
– Мұндай бағдарламаларды енгізу, әрине, Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы дүние. Дегенмен, бұл ұсынысты өзіміздің Білім басқармасында жан-жақты талқылап, тиімді тұстарын ұсынып көруге болады. Әрине, мұндай сабақтар еш артық емес. Қыркүйекте біз жастарға арнап оқу курстарын жүргізгенбіз. Онда «мектеп бітірген соң қайда баруына болады, қай мамандықты таңдаған тиімді, бизнеспен айналысқысы келетін жастар істі неден бастауына болады?» деген сынды сауалдарға біз елге танымал кәсіпкерлермен бірге жауап іздедік. Мұндай кездесулерді алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.
***
Кездесу соңында ҚазҰУ-дың Жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Нұрсұлтан Бекқайыров Бақытжан Сағынтаевқа университеттің логотипі бедерленген спорттық кеудеше сыйлады. Жастар аудиториясына бейімделіп алған Бақытжан Әбдірұлы «мына сыйлықтарыңызды бағанадан бермейсіздер ме» деп қыз-жігіттерді бір күлдіріп, дереу қызметтік костюмін, галстугын шешіп, кеудешені киіп алды. Жастар әкімнің үстіне қона кеткен киімнің жарасымдылығына лебіздерін білдіріп, ду қол соқты.
Жастар қала әкімін ортаға алып суретке түсті. Ал Бақытжан Сағынтаев өз кезегінде фотографтарды күтіп тұрмай, ұялы телефонды өзі ұстап тұрып жастармен селфи жасады. Бәрі жарасымды. Өйткені, жастыққа осындай шынайылық тән.
Жастарымызға сәттілік, жарқын болашақ тілейміз.