Жер учаскелерін беру процесі жеңілдейді

Жер учаскелерін беру процесі жеңілдейді
ordazone.kz

Мәжіліс "Жер учаскелерін беру процесін цифрландыру туралы" заң жобасын мақұлдады

Мәжілістің бірінші оқылымында еліміздегі жер учаскелерін беру процесін цифрландыруға қатысты заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы қаралды.

«Бүгінде жер үшін, ол жердегі жылжымайтын мүлік үшін бөлек мемлекеттік акт беріледі. Ендігі уақытта екеуі біріктіріліп бір ғана мемлекеттік акт болады. Аталған жаңашылдық жүйені, саланы дамыту үшін қабылданып отыр. Өйткені халықаралық тәжірибе бойынша жер мен жылжымайтын мүлік бірге жүреді. Мысалы, Нидерланд, Оңтүстік Корея және көптеген елдерде кадастрлық төлқұжат әрдайым жер және жылжымайтын мүлікпен бірге болады. Менің ойымша, кадастрларды біріктіру тиімді. Сондай-ақ азаматтар үшін құқықтық және жер кадастры туралы, қоғамдық кадастрлық картадағы жылжымайтын мүлік объектілері туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов Мәжіліс отырысында.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, жаңа мемлекеттік кадастрлық карта арқылы бос жер учаскелері туралы ақпарат алуға болады.

«Карта арқылы бос және өзіңізге ұнаған жер учаскесін таңдап, оның аукционға шығуы туралы өтініш бере аласыз. Содан соң «Электронды үкіметтегі» жеке кабинетіңізге хабарлама келеді. Осылайша бос жер учаскелерін алу бойынша ашықтық пен қолжетімділік арта түседі», - дейді ол.

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров аталған заң жобасына бірқатар түзету енгізілгені туралы айтты.

«Үкімет жер беру тәртібі екі жолмен реттеледі деп болжады. Яғни электронды форматта және сауда-саттық арқылы. Алайда ел аумағы интернетпен толық қамтылмағандықтан, жұмыс тобы елорданың, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың жерлері үшін ғана жер учаскелеріне құқық берудің электронды форматын енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл «Электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы жария кадастрлық карта арқылы жүзеге асырылады», - деді Айқын Қоңыров.

Оның айтуынша, жер учаскесіне құқық беру процестерін автоматтандыруға байланысты жер комиссиясының институты, сондай-ақ жоғарыда аталған аумақтарда жер-кадастрлық жоспарын әзірлеу және бекіту алынып тасталады.

«Бұл тиісті өтініштерді қарау мерзімін едәуір қысқартады. Осындай тетік елді мекендерде орналасқан жер учаскелерінің нысаналы мақсаты өзгерген кезде де қолданылады. Сонымен қатар жер учаскесі мен ғимаратқа қатысты құжат саны азаяды. Осылайша жер актісі мен техпаспорт жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты түрінде бір құжатқа біріктіріледі», - дейді ол.