ЖЕР ШАРЫН ЕМДЕУ

Марсел ЛЕСТЕР, (АҚШ)

Он бес жыл дәрiгерлiкпен айналысқан өмiрiмде, сансыз науқасқа қолұшымды бердiм. Менi әр күнi дерлiк мынадай ой мазалайды: неге науқастардың саны барған сайын көбейiп келедi? Күнiне 18 сағат жұмыс iстегеннiң өзiнде, ауру меңдеткен жандардың аяғы бiр үзiлген емес. Бiр күнi, мен ақыры өз сұрауыма жауап таптым: бiздiң мекенiмiз — Жер шары науқастанып қалыпты!Әлi есiмде, жаздың қапырық ыстықтан дем алғызбаған тымық күнi болатын. Емханада балалар бөлiмiнде кезекшiлiк етiп отырғанмын. Кенеттен, шұғыл құтқару керектiгi туралы қоңырау түстi. Сегiз жастағы қыз бала тынысы тарылып, талықсып кетiптi. Құтқарушылар баланы бөлмеге алып кiрiсiмен, тездетiп науқастың жағдайын тексере бастадым. «Айта (баланың есiмi осылай едi), мен Марсел дәрiгермiн, түтiктi аузыңа саламын, ол сенiң тыныс алуыңды жеңiлдетедi», — деп жатырмын балаға. Ол кiшкентай саусақтарымен менiң қолымды әлсiз ғана қысқандай болды. Мен оттегi толтырылған қапты еппен қысып, баланың өкпесiне ауа жiберуге барымды салдым. Бiрақ, бала есiн жиған жоқ. Бiз барымызды салып құтқарып қалуға тырыссақ та, ол ақыры тiлге келмей кеттi. Мен Айтаның науқасы туралы көптеген материал ақтарып, зерттеу жүргiздiм. Сонда көз жеткiзгенiм: баланың өмiрiн лас ауа жалмап кетiптi. Егер, лас ауа кесiрiн тигiзбегенде, баланың демiкпесi оның жанына қатер төндiретiндей деңгейге жетпес едi. Жайшылықта, өзiмiз өмiр сүрiп жатқан ортаның ауасының қаншалық бұзылғанын, тiптi тынысымыз тарылса да көп парықтай бермеймiз. Нақты жағдайға келгенде, қазiргi халiмiз адам шошырлық жағдайда. Дерек көзi былай дейдi: шағын көлемдi электр зауыты жылына науқас адамдардың санын 1200-ге дейiн көбейтiп, 3 мың адамның демiкпе ауруына шалдығуына, 110 адамның өлiмiне себеп болады. Қазiр байқасаңыз, екiнiң бiрi демiкпе ауруымен ауырады, қала бердi, сол сияқты созылмалы дерт қаптап кеткен. Бiздiң ауруға қарсы дәрiдәрмегiмiздiң сапасы барынша өскенiне қарамастан, науқастардың сауығу мүмкiндiгi барған сайын төмендеп бара жатқаны белгiлi болып отыр. Дәрiгер ретiнде қанша жерден барымды салып жұмыс iстесем де, жағдайдың оңалатын түрi жоқ екенiн ойлағанымда, ойыма Айтаның қолымды қысқан ақырғы бейнесi келедi, қатты толғанамын. — Марсел, саған не болды? — деп сұрайды әйелiм менiң дегбiрсiзденген түрiмдi көрiп. — Менiңше, қазiр екiнiң бiрi шалдығатын демiкпе, тыныс жолының қабынуы, салқын тию дегендердiң бәрi ауаның ластануынан, экологияның бұзылуынан болып отыр. Күннен-күнге көбейген науқастарға қайтiп көмектесуге болады деп басым қатып отыр, — деймiн. — Өзiңдi қинай берме, — дейдi әйелiм, — сен қарапайым ғана балалар дәрiгерiсiң, ауаны былғаныштан тазарту қолыңнан келмейдi, ол сенiң мiндетiң де емесө — Таптымө — дедiм мен бiр күнi, — дұрыс, ауаны былғаныштан тазарту керек, Жер шарының науқасын емдеуге тиiспiз. Мен көп жылдан берi өзiмдi мазалап жүрген сұрақтың жауабын осылай таптым.

АУРУДЫ АНЫҚТАУ

Менiң бұл «жаңа науқасымды» емдеу үшiн әуелi өзiмнiң күнделiктi тұрмыс дағдымды өзгертуден бастамақпын. Науқас дәрiгерге келгенде бiз алдымен оның салмағын сұраймыз. Ондағы себеп, тiршiлiкке әр берiп тұрған тәннiң қалыпты айналым заңдылығын бiлуге тырысамыз. Жер шарына менiң отбасым қанша салмақ салып тұр? Менiң осыны бiлгiм келдi. Менде үй және бiрнеше көлiк бар. Расын айтуым керек, бұған дейiн мен өзiмдi табиғатқа жақын өмiр сүретiн жанмын деп ойлайтынмын. Содан мынадай сұрақ туды: төрт жаннан құралған отбасына 325 шаршы метр тұрақжай, 4 монша керек пе? Мен өзiмнiң соңғы кезде электр, жанармай, газға жұмсаған ақшамды есептеп көрдiм. Таңқалғаным сонша, жағамды ұстадымө Италияда бiр отбасы жылына 6814 литр жанармай жағады екен, ал бiзде — АҚШ-та бiр отбасы жылына 16 мың 970 литр жанармай шығындайды. Бұл қатарда бiздiң отбасы да бар деген сөз. Осы есептеуден соң мен өз отбасымның әлдеқашан қалыптан тыс «май басу» ауруына ұшырағанын сезiндiм. Бiздiң күнделiктi тiрлiгiмiзге көз салыңызшы: көлiктiң iшiнде күнделiктi қажет емес, тiптi, бiр рет те киiлмеген спорттық киiмдер жатады. Киiм салғыштағы киiмдердiң көбi жылына киiлсе бiр киiлер, көбi киiлмей жатады, қала бердi, ондағы дүниелердiң бiразы бiр мезеттiк қызығушылықпен ғана сатып алынған, кейiн сол күйiнде керексiз болып қалған дүниелер. Ойлап көрсем, қызығушылықпен сатып алынған, бiрақ, iске жаратпаған дүниелер бiздiң отбасында да баршылық екен: үлкендi-кiшiлi электр бұйымдары, шыны-аяқ, т.б. дегендей. Бiр кезде менiң өмiрiм бұлай емес болатын. Бала кезiмде атам мен апамның қасында өмiр сүрген шағымда көп нәрсе есептеулi едi. Әлi есiмде, мен бiр затқа қызығып, сатып алғым келгенде әжем қашанда менi бiр ай күттiрiп қоятын. Оның сөзiнде көп мән бар екен. «Бiр айдан кейiн әлгi дүниенiң саған қажетi жоқ болып қалуы да мүмкiн» дейтiн ол кiсi. Мен әжемдi экологияны қорғаушы деп есептемеймiн — ол кезде «экологияны қорғау» деген сөз болған да емес. Алайда, әжем менiң санама бiр нәрсенi өшпестей етiп құйды: саналы өмiр үшiн басы артық дүниенiң қажетi жоқ, артық дүние ешқашан қуаныш сыйламайды.

АУРУДЫ ЕМДЕУ

Мен содан отбасымдағы артық дүние-мүлiктi сол дүниелердi шынайы қажет ететiн жандарға үлестiрiп бердiм. Сонда байқағаным, әлгi дүниелер болмағанда да менiң өмiрiм өз жолынан ауытқымайды екен. Қазiр отбасымдағылар мәлiм дүниенi сатып алғысы келгенде, әжем сияқты мен де оларға бiр ай тоса тұрыңдар деймiн. Соңынан шағындау бiр үй сатып алдық. Бұрынғыға қарағанда, жинақы өмiр не өзгерiс әкелдi дейсiз ғой? Отбасы мүшелерi бұрынғыға қарағанда жақын өмiр сүретiн болдық. Әйелiм оқушылардың тапсырмасын тексергенде, мен бiр шетте кiтап оқып отырамын, балалар өз тапсырмаларын орындап жатады. Бiз қашанда төрт көзiмiз түгел, бiрбiрiмiздiң бар екенiмiздi сезiнетiн болдық. Соның өзi көңiлiмiзге үлкен қуаныш сыйлап тұрады. Адамдар бiр-бiрiнен алшақ тұрғанды рахат, жайлылык деп бiледi. Әсiлiнде, өмiр — қарапайым, жасандылықсыз, артық дүниесiз болған сайын, мәндi бола түседi. Көңiл орнықты болса, өмiр де тепе-теңдiгiн сақтайды екен. Жаңа қонысқа орныққан соң электрдi үнемдеу үшiн есiктi жабумен қатар, шамды қоса сөндiретiн болдық. Соның арқасында бiраз ақшамыз үнемделдi. Ыдыс-аяқ жуғыш пен кептiргiштiң айына қанша ток жейтiнiн есептеп шыққан соң тағы жағамызды ұстадық. Өйткенi, осы болмашы нәрсеге бiз жүздеген доллар жұмсайды екенбiз. Содан бiрден ыдыс-аяқты күн көзiне қойып табиғи жолмен кептiрудi қолға алдық. Осындай ұсақ-түйек iстердiң бәрiне үнемшiлдiкпен қарау — бiздiң отбасының өмiр салтын өзгерттi. Парықсыз, бағасыз өмiр өткiзбей, есесiне, әр нәрсенiң қадiрiне жету өмiрiмiзге жаңа мән бердi. Балалар болса кiшкентайынан ненiң жақсы, ненiң жаман екенiн бiлiп, үнемшiл, қарапайым болуды дағдыға айналдырды. Осылайша бiздiң отбасы өз тұрғымыздан Жер анамыздың төсiнде өз iсiмiзге жауап беретiндей, ақыл-парасатпен өмiр кешудi бастадық. Жұмыста мыңдаған науқастарға қолымнан келгенше көмегiмдi берiп, олардың ертерек сауығып кетуiне мүмкiндiк жасасам, отбасымда ұрпағымның әркез өз iсiне есеп беретiн адам болып есеюiне өнеге болдым. Әсiлiнде, бiз — адамзат ойға алған iсiмiздi орындап шығуда үлкен ақыл иесiмiз. Онда да бiз көп болып, бiрлесе қимылдай жүрiп өмiрдi өзгертемiз. Осы қасиетiмiздi Жер шарының қазiргi ауыр жағдайын, әсiресе экологияның бұзылу жағдайын тоқтатуға неге жұмылдырмасқа. Бұл мақсатты орындауда бiз үлкен iстен емес, өз отбасымыздан, қарапайым iстерден бастасақ та жетiп жатыр. Әсiлiнде, табиғатпен үндесе өмiр сүрудiң қолайлы жолын табу, тұрмыс тәсiлiмiздегi экологияға ашық немесе жасырын залал келтiретiн келеңсiздiктердi азайту — өзiмiз үшiн ғана емес, болашақ ұрпағымыз үшiн керек. Әрбiрiмiз өз iсiмiзге жауап берiп, саналы ғұмыр кешiп, орын алып отырған экологиялық жағдайдың қиындығын ескерсек қана өзiмiздiң, болмаса балаларымыздың әлгi 8 жаста демiкпеден өмiрден озған сәбидiң трагедиясын қайталамауға мүмкiндiгiмiз болады.

Тәржiмалаған – Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *