Жауапкершіліксіз инвесторларға қатаң шара қажет

Жауапкершіліксіз инвесторларға қатаң шара қажет
almaty-akshamy.kz

Президент алдағы Жолдауында шетелдік компаниялар мәселесін көтеруі мүмкін

17 тамызда «Қазақстан» шахтасы өртке оранды. Оқиға үнді бизнесмені Лакшми Митталға тиесілі «АрселорМиттал» шахтасында орын алды. Адам өліміне алып келген мұндай жағдай бірінші рет болып жатқан жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дереу Үкімет пен Қарағанды облысының әкімдігіне тапсырма берді. Президент тек «АрселорМитталға» ғана емес, еліміздің барлық шетелдік компанияларға сын айтты. Тіпті, олардың елімізде қызмет ету-етпеу мәселесін көтерді.

САБЫР КЕСЕСІ ТОЛДЫ

«АрселорМитталға» тиесілі кен орындарында апатты жағдай бұрын да болған. Осыған қатысты мәселені былтыр Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров көтерген. Ол соңғы 10 жыл­да, яғни 2011-2021 жылдары 20-дан астам адам апат орын алып, 41 адам зардап шекті деген ақпаратты айт­қан. Factcheck редакциясы да бұл мәліметтің шындық екенін растап отыр. Төтенше жағдайлар ми­нистрлігінің «АрселорМиттал Теміртау» әкімшілігіне сілтеп, Factcheck.kz сайтына берген ақпара­тына сай, 2011–2021 жылдары 21 апат тіркеліп, 42 адам зардап шеккен. Олардың 18-і жеңіл, 7 адам ауыр жарақат алса, 17 адам қайтыс болған.

Ерлан Саиров тағы бір мәлімет келтіреді. 2005–2021 жылдары он­дағы шахталарда 109 адам қаза тапқан. Өткен жылдың өзінде бір­неше апат болды. Ақпан айында «Шахтинск» шахтасында орын алып, ешкім зардап шеккен жоқ. Маусымда Теміртау металлургия комбинатында 4 адам қаза тапты. 3 қарашада Ленин атындағы шахта­да орын алған апаттан 5 адам мерт болып, 9 адам зардап шеккен.

Соңғы болған апаттан кейін компанияның басшылары ауысқан. Алайда, әлі күнге дейін жұмысшы­лардың қауіпсіздігі мәселе сі шешілмеген. Оған соңғы болған апат дәлел.

КОМПАНИЯ  АУАНЫ УЛАП ЖАТЫР...

«Арселор Миттал» тек қауіпсіздік мәселесін ғана емес, экологиялық талаптарды да орын­дай алмай отыр. Швейцариялық IQAir компаниясы мен біздің Қаз­гидромет Қарағандының ауасы елімізде ең лас ауа деген қорытын­дыға келген.

Қарағанды облысының эколо­гия департаменті Теміртаудағы ауа­ны ластаушы басты себеп, ол – «Ар­селор Миттал» АҚ екенін мәлімдеген. Өткен жылғы облыста­ғы экологиялық мәселелер жайлы берген есебінде қаланың ауасын 87% осы компания ластайды екен. 2022 жылы компания 201 мың тонна ауаны ластаушы зат шығарған. Бір қызығы, бүкіл қалада 231 мың тон­на ауа ластағыш зат шығарылған.

Сондай-ақ, компания өзіне жүк­телген экологиялық міндеттерді де орындамай отыр. 2019 жылы Эко­логия министрлігі мен компания арасында меморандум жасалған. Оған сәйкес компания 2024 жылға қарай ауаны ластаушы заттардың көлемін 30%-ға төмендетуге мін­деттелген. Алайда, компания 2019– 2022 жылдары 23 талаптың тек 7-еуін ғана орындаған. Тіпті, 2022 жылғы зиянды заттарды шығару мөлшерін төмендету талабын да орындамаған. Былтыр 6,6 мыңға төмендету керек болса, тек 1 мыңға ғана азайған.

БЕКЕР СЫН АЙТЫЛҒАН ЖОҚ...

9 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Онда Мемлекет басшысы жаңа экономикалық мо­дельге өту керектігін айтты. Оның қандай болатынын алдағы қыркү­йектегі халыққа Жолдауында белгілі болмақ. Алайда, қазірдің өзінде Жолдауда қандай мәселелер көтерілуі мүмкін екенін болжауға болады.

Президент отандық экономист­терді де сынады. Оларда креа­тивтілік жоқ, қойылған міндет­тердің мәнін түсінбейді деген сын айтылды. Бұл жердегі экономист­тер дегені Президент жанында жұ­мыс істейтін Жоғары экономика­лық кеңестің мүшелері.

Бұл сын бекер айтылған жоқ. Өткен жылдан бері елімізде эконо­микалық сектордағы монополияға қарсы саясат жүруде. 22 наурызда арнайы комиссия да құрылды. Оның төрағасы Премьер-Министр Әлихан Смайылов. Комиссия құ­рылған кезде экономиканық бар­лық секторындағы монополиямен күресті қолға алуды көздеген жоқ. Телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы және медиаактивтер ең негізгі салалар ретінде таңдал­ды. Премьер-Министрдің өкімінде және де басқа салалар делінген, алайда комиссияның отырыста­рындағы күн тәртібі мен ақпарат­тық кеңістіктегі материалдар жоға­рыдағы салаларға аса мән беріліп жатқанын көрсетеді.

Осыдан келіп, соңғы болған «Қазақстан» шахтасындағы апат пен 9 тамыздағы Президенттің мәлімдемесін сабақтастыра келе, қыркүйектегі Жолдауда қандай экономикалық модель болатынын болжауға болады. Соған қарағанда, Жолдауда шетелдік компаниялар мәселесі көтеріліп, монополияға қарсы саясат ары қарай жалғасатын сияқты.

«Аlmaty-akshamу», №99, 19 тамыз, 2023 жыл