Жаркент мешіті қалпына келтіріліп жатыр

Жаркент мешіті қалпына келтіріліп жатыр
Cурет: Ашық дереккөз

Мешіттің 130 жылдық тарихы бар

Алматы облысында 130 жылдық тарихы бар көне Жаркент мешіт қайта қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. 

Ағашты қиюластыру арқылы шегесіз салынған алып ғимараттың іші ақталып, суреттері қайта боялып жатыр. Сәулет өнерінің ерекше үлгісі Вали Ахун Юлдашевтың тапсырысымен қытай архитекторы Хон Пиктің жетекшілігімен көпшіліктің қаражатына салынған. 

Жаркент мешіті 1892 жылы пайдалануға беріліп 30 жылдай көпшіліктің құлшылық ететін орны болған. Ал одан кейін уақытта НКВД-ның әскери казармасы, жатақхана, кинотеатр, астық қоймасы тіпті атқора ретінде пайдаланған. Тек 1948 жылы ғана көне ғимарат сәулет өнерінің ерекше ескерткіші ретінде танылып мемлекет қорғауына алынған.

Әбден тозған ғимарат 1975-1978 жылдар аралығында алғаш рет реставрациядан өткізіліпті. Содан кейін тағы бес мәрте қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Соның барлығына қылқалам шебері Қуаныш Сейітбеков қатысыпты. Кәсіби суретші осы жолы да асқан ыждахаттылықпен бағаналарды бояп, тарихи нысанды жаңғыртып жатыр. Ол мешіттегі суреттерде тұтас өмірлік философия көрініс тапқан,- дейді. 

 «Бір ағаш салса қасына бір қураған бұтағы болса да бұл жерде өмір өткінші деген нәрсені жақсы көрсеткен. Архитектурасы росписі басқаша орнаментінің өздері өзгеше болып келеді. Мен жақындап бояймын ғой. Онша білінбейді. Түсініксіз бояу сияқты. Сәл артқа барып қарасаң бір бірімен қиылысып кеткен әдемі цветтермен. Мынау ганчеттің өзі қандай. Оны қалай істеген адамдар. Сол кездегі орнамент істейтін адамдардың миы күшті болған»,-дейді суретші-реставратор Қуаныш Сейітбеков.

 Мешітті әрлеуге жасыл, қызыл, сары, көк түсті бояулар өзара үйлесімде қолданылған. Сыртқы жағындағы суреттер уақыт өте келе оңып кеткенімен мінбердегісі түпнұсқа күйінде сақталған,- дейді музей қызметкерлері. 

 «Бояуы бастапқы кезде бұдан да қанық боялғандықтан қазірге дейін осындай қалыпта болып сақталып тұр. Әртүрлі зерттеу жүргізілген кезде бояудың құрамы құпиясы әлі күнге дейін ашылмады деп айтуға болады. Сол бастапқы кездегі бояуы сақталып тұр. Дәл осындай бояу әлі күнге дейін жасай алмаған екен»,-дейді «Жаркент мешіті» музейінің қызметкері Райхан Әміреева. 

Мешіт көлемі 1500 шаршы метрден асады. Биыл көне нысанның ішкі қабырғасы ақталып, ондағы кескіндері мен суреттері қайта боялды. Сыры кеткен есік терезелері де сырланды.  

 «Мәдениет министрлігінен осы қайта жөндеу жұмыстарына 30 млн теңге қаражат бөлінді. Мешіт ғимаратының шатыры толығымен қалпына келтіріліп, бояуы жаңартылды. Және де 52 сыртқы колонасының көне бояулары аршылып алынып қайтадан жаңадан жасалып шықты»,-дейді «Жаркент мешіті» музейінің меңгерушісі Әбдімұрат Раев.

Оның үстіне минареттің түгел қалпына келтіріліп бояуы жаңартылып шықты. Келесі жылы да жөндеу жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр. Ол кезде көне мешіттің кіреберіс қақпасы саналатын ғимарат қалпына келтірілмек.