Жаңбырлы жаз – жайлы қыстың белгісі

Жаңбырлы жаз – жайлы қыстың белгісі
damion.club

Алдағы аптада бұлтты күндер жиі көрініс береді

Маусымның 1–8 аралығын­дағы апта құбылмалы болды: күн де күркіреді, найзағай да ойнады, жаң­быр да жауды, аптап ыстық та болды. Салқын күндер де көрініс бермей қалған жоқ. Мұның сыры өткен пайы­мымызда жазғандай, «Мырза», «Елік» және «Алакүлік» амалдарының әсері.

Бүгін маусымның 10-ынан басталған «Мырза» амалы аяқталды. Осы кезде еліктер лақтап, арқарлар бұзаулады. Сонымен қатар, маусымның 9-ынан көрініс берген «тұяқ тер­леп, қой күрлеп» деп аталатын «Орта бунақ» амалы жүріп жатыр. Бұл табиғаттың жылы мезгілінің басталғанын білдіретін амал.

Көшпенділердің өмірінде аспан денесі – Ай өте маңызды рөл атқарған, киелі санал­ған. Алдымен жіңішке орақ түрінде ғана пайда болатын Ай 7 күннің ішінде жарты Айға толысып өседі. Келесі шерігінде (7 күн) Ай толысып шеңберге, дөңгелекке айналады. Бұны қазақ «он бесінде толған айдай» дейді. Ал енді келесі кезеңде Ай біртіндеп оң жағы­нан бастап кетіліп 7 күннің ішінде тағы да жартыланады – жарты Айға айналады. Осы кетілу әрі қарай жалғасып қалған 7 күннің ішінде толық мүжіліп бітеді. Бабалардың пайымдауынша, адам өмірі де Ай сияқты: жоқтан бар болып жаратылады, туады, өсіп- өнеді, толысады, бұдан соң қартаю басталып, біртіндеп кемиді, мүжіледі, ең аяғында өліп жоқ болады...

Айдың амалдары: «Үркердің батуы». Маусым айы басталысымен Үркер мүлде көрінбей кетеді де, араға біраз уақыт салып 40 күн шілде басталады. Халқымызда «Үркер жерге түспей, жер қызбайды» деген қанатты сөз бар. Үркердің көрінбеуін халық «Үр­кердің жерге түсуі» деп те атайды.

«Қырық күн шілде». Маусым, шілде айында қатты ыстық болып, ол 40 күнге дейін созылады. Мұны халық «Қырық күн шілде» деп атап кеткен. Бұл күнтізбе атауының шығу тарихы осындай.

Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, маусымның – 15-і, ай есебіне сүйенсек, мау­сымның – 26-сы. Ал біздің бабалардың есебінше, осы айдың – 2-і. Апта айдың ба­сын, ортасын және соңын түгел қамтып тұр. Бұл осы мерзімде ауа райы құбылмалы бола­ды дегенді білдіреді.

Ауа райы осы қалпын сақтай береді деу­ден аулақпыз. Аптаның басынан жауын-ша­шын толастап, күн ыси бастайды. Бірақ жаңбыр жаууын мүлдем тоқтатпайды. Биыл­ғы жаз жаңбырлы болатын сыңайлы. Алатау­дың басын тұмшалаған қалың қардың жуық арада еріп-бітетін сыңайы байқалмайды.

Қарға бұлт үйіріледі. Күн жылт етсе бол­ды, көңілі босап, көбесі сөгіліп, жауын-ша­шын алдағы аптада да өз жалғасын табатын сыңайлы. Түнгі мезгілде керуендей созылып жатқан Құс жолы (жұлдыздар топтамасы) бірде анық көрінсе, енді бірде көзге шалына бермеуі де мүмкін. Бұл, біздің болжам, пайы­мымызша, жауын-шашынның әлі де бола беретінінің белгісі.

Алматыда алдағы аптада күннің қызуы күрт төмендейді, 15-14 градусқа жетуі де ға­жап емес. Алайда, жаңбыр жаууын тоқтат­пайды, тіпті, ара-арасында күн күркіреп, найзағай ойнайтын күндер де болады.

БАБАЛАР БОЛЖАМЫ

Табиғат құбылыстарына қарай жасалған жорамал:

* Күн кенет ысып кетсе, ұзамай жауын жауады.

* Құйын көп болса, келер қыс аязды болады.

* Найзағайлы болса, қыс жайлы болады.

* Аңызақ ыстық қыстағы қатты аяздың белгісі.

* Жұлдыздар жарқырап тұрса, келер күн ыстық.

* Бұлт желге қарсы көшсе, жаңбыр жауады.

* Өлара жазда жауын-шашын болса, қыста боран болады, келер ай шаруаға жайсыз тиеді.